Аймақтар • 23 Қараша, 2022

«Қызылорда-Жезқазған» автожолы жаңартылып жатыр

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин биыл атқарылған жұмыстың алдын ала қорытындыларын шығарып, келесі жылға жоспарлармен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолы жаңартылып жатыр

Биыл 11 мың шақырымнан астам автожолға құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.

«Республикалық желі бойынша 4 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр, соның 1,2 мың шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен шамамен 3 мың шақырым жол қамтылды, соның 900 шақырымына жуығында жұмыстар мәресіне жетті. Жергілікті автожолдар желісіне тоқталар болсам, жөндеудің барлық түрімен 4,6 мың шақырым жол қамтылған, соның 2,6 мың шақырымы аяқталады», деді Төлеген Абдуллин.

Осылайша, жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға және жергілікті желі бойынша 85% ға дейін жеткізіледі.

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин брифингте сондай-ақ биыл ұзындығы 72 шақырым болатын «Подстепное – Федоровка» автожолының екі учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Қалған 2 учаскеде қаражат тарту есебінен қаржыландыру мәселесі пысықталуда.

Бұдан бөлек биыл Қызылорда облысының аумағы бойынша «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту басталғанын хабарлады. Ал Ұлытау облысының аумағындағы қалған учаскелер бойынша мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ жекелеген учаскелерде жобалау сметалық құжаттамалар әзірлеу жұмыстары аяқталуда. Аталған жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.

«Әлеуетті жобаларға тоқтала кетсем, жобалау процесінде 3 жаңа жоба бар. Атап айтқанда, Орал қаласының оңтүстік-батыс айналма жолымен «Атырау-Орал», «Жезқазған-Қарағанды» және «Ақтөбе-Ұлғайсын». Жобалау жұмыстарын 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр. Бұдан соң құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда», деді комитет төрағасы.