Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов кәсіпорынның жұмысы туралы айтып берді. Осы жылы Сапа орталығы жол-құрылыс материалдарының 29 мың үлгісінен сынама алған. Олардың 9 мыңы республикалық желі бойынша болса, 20 мың сынама жергілікті желіге тиесілі. Соның ішінде 7,3 мың материал сынамасы немесе 24% белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмейді. Осылайша республикалық желі бойынша 13% (1 166), жергілікті желі бойынша 30% (6 234) сәйкессіздік анықталды.
Техникалық қадағалауда орын алған талап бұзушылық фактілері бойынша өңірлік Мемлекеттік сәулет құрылысы басқармаларына өтініштер жолдануда. 2020 жылдан бері Сапа орталығының жолдаған өтініштері бойынша 81 техникалық қадағалау қызметі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 56 инженерлердің аттестаты өз күшін жойған. Сондай-ақ 4 мердігер ұйым жол құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айырылған (2020 ж. – 2, 2022 ж. – 2). Жалпы салынған айыппұл сомасы - 110 миллион теңге.