31 Мамыр, 2014

Баукеңнің алғашқы ұстазы

421 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қылышынан қан тамған солақай саясат құрбандарының бірі, халқымыздың біртуар ұлдары, батыр Бауыржан Момышұлы, ақын Әбділда Тәжібаев, әдебиеттің атасы Қажым Жұмалиевтерге ілім үйреткен ұстаз, оңтүстіктің тумасы Сейілбек Үсенов екенін біреу білсе, біреу білмес. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың 20-30-жылдарында еліміздің халық ағарту, мәдениет саласы ғана емес, қоғамдық-саяси өмірінде жауапты қызметтер атқарған арыстай ұлдың бүгінде, тіпті, қабірінің қайда қалғаны беймәлім. Көңілге медеу болатыны – жазықсыз жапа шеккен азаматтың соңында қалған жалғыз ұлының табылып отырғаны. Бұл да болса Сейілбек Үсеновті «менің алғашқы ұстазым» деп Батыр Баукеңнің әңгімесіне арқау етуінің арқасы. Сейілбек Үсеновтің немере інісі, тарих ғылым­дарының докторы Сейдехан Әлібек: –  «Өте реңді, сабырлы, сауатты кісі еді. Бізге ол кісі тарихтан сабақ берді, тарихтың көптеген терминдерін, дәуірлерді қазақшалап айтатын», деп, Баукең сол ұстазы жөнінде тебірене жазып кеткен, – дейді. Ғалым Сейдехан Әлібек аталас ағайыны Сейілбек Үсенов жайлы деректерді табу үшін Алматы, Шымкент, Ташкент, Тараз қалаларының мұрағаттарын көп ақтарыпты. «Сейілбек Үсенов 23 жасында бүгінде Өзбекстанға өтіп кеткен Бостандық ауданында хатшы болған. Одан кейінгі жұмысы осы Оңтүстіктегі, сол кездегі Сырдария округтік комитетінде хатшылық қызмет атқарған. Мұнан кейінгі қадамы журналистика саласында жалғасқан. 1934-1937 жылдар аралығында «Социалды Қазақстан», «Қарағанды Пролетары», «Ленин туы» газеттерінде қызметтер атқарған. Баспасөз саласында жұмыс істеген Сейілбек Жүргеновпен, сол сияқты Ілияс Жансүгіровпен, Сәкен Сейфуллинмен қызметтес болып, бірге жүріп, таныстық қатынастары болған. Небәрі 33 жасында «халық жауы» деп қуғындалуының бір себебі сонда жатса керек. Әкесін ұстап әкеткенде ұлы Сәлім Үсенов 4 жас­та екен. Бүгінде Ресейдің Орынбор облысында ғұмыр кешіп жатқан қарияның сол күндер әлі көз алдында. «Түнжарымда үйімізге НКВД-ның адамдары келіп, әкеме: «Собирайся!» деп нұқыды. Біз қорқып, әкемізді құшақтап, жабысып жібергіміз келмеп еді, әлгі жендеттер бізді итеріп тастап, әкемізді алып кетті. Әкем кетерінде: «Қазір келемін», деді. Біз күттік. Өкінішке қарай, сол кеткеннен мол кетті. Ертеңіне екі әпкем мен мені жендеттер балалар үйіне өткізіп жіберді. Ең сорақысы сол, үш бауыр бір-бірімізден көз жазып қалдық. Өйткені, бізді бір жерде ұстаған жоқ. 1969 жылы Фарида есімді әпкемді таптым, ал Қалима әпкемнен әлі күнге дейін дерек жоқ»,  дейді Сәлім ақсақал. Өкінішке қарай, әкесінің сүйегі қай жерде қалғаны әлі күнге белгісіз. Сейдехан Әлібек, былай дейді: – Әшірбек Үсенов туралы айтар болсақ, Қазақстандағы алғашқы әліппені жазған адамдардың  бірі. Мысалы, Ахмет Бай­тұрсынов әліппені төте жазумен жазған болса, бұл кісі латын жазуында алғашқы әліппе шығарған. Одан басқа да бірнеше оқулықтар, әдебиеттен хрестоматия жазған. Жазықсыз жапа шеккен арыстың жалғыз тұяғы күні кеше Оңтүстікке табан тіреді. Шымкенттегі сая­си қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайда әпкесі Фариданың ұл-қыздарымен және ағайын-туысқандарымен қауышты. Енді бала күні көз жазып қалған Қалимадан бір дерек болса деп армандайды. Айзада ТАЛАСОВА. Шымкент.