31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
«Өткеннің өкінішін айтқанда, елдің еңсесін езе түсетіндей етіп емес, тарихтан тағылым алып, кемшіліктерден безе түсетіндей етіп айту керек».Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Тағдыр бар!.. Сол талайлы да талаулы тас тағдырының алдында адам баласының кей жағдайда дәрменсіз болары және тағы да сол жазмышқа көніп күй кешетіні де бар. Адамзаттың жиырмасыншы ғасырының талай бір тауқыметтері мен қасіреттеріне біз қаншалықты әділ баға береміз деп әрекеттенгенімізбен, сол ой мен ниетіміз қаншалықты ақталады? Сондықтан өткенімізге баға берер тұста ең әуелі Кеңестік жүйені сол кезеңде өмір сүрген миллиондаған адамдардың, ал коммунистік идеологияны, тіпті, тұтас бір Адамзаттың тағдыры болды деп қабылдағанымыз абзал. «Тағдырыңнан қашып құтыла алмайсың», – деген қағидаға бас ұрар болсақ, ендеше кешегі кеңестік қоғам да қашып құтыла алмаған біздің тағдырымыз еді. Міне, сол тағдырымызбен бірге өріліп біткен өткен дәуір мен келмеске кеткен кезеңдер адамзаттың өзімен бірге жасасып келе жатқан көне тарихының қойнауы мен қойнына үнсіз бұғып, батып бара жатқан тұста, кешегі Кеңес Одағы тарихының қаралы да қасіретті, тіпті, қылмысты беттерін қайта бір ақтара отырып, қайта бір ой сарабынан өткізе отырып, қазір соның бәріне баға беру үшін ең әуелі кінәлілерді жаппай іздестіріп, өзіміз де сан түрлі тиянақсыз пікірлердің жетегінде кетіп жатқанымыз тағы бар. Әркімнің іздегені бір шындық! Алайда, шырқырап тұрған мына бір шындық та бар! Біреулер сол Кеңес үкіметі мен кеңестік жүйе саясатының сойылынан қансырап та қалды, ажал да құшып жатты, азап та тартты. Ал, енді біреулер сол Кеңес үкіметінен өздерінің бақыттарын да таппады ма? Және солай болмады деп кім айта алар? Міне, осы арада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Өткеннің өкінішін айтқанда, елдің еңсесін езе түсетіндей етіп емес, тарихтан тағылым алып, кемшіліктерден безе түсетіндей етіп айту керек», деген және «Өткенді тану, тарихты пайымдап, оған әділ баға беру – үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді», деген ой-пікірін ескеруді айналадағы бүгінгі ахуал алға тартқандай. Міне, біздің өзіміз де кешегі Кеңес Одағының ауласында өстік, ауасын жұтып, нанын жеп, суын ішіп, күнімізді көріп, бүгінге жеткен шағымызда қазір сол өткен кезеңнің орны толмас қасіреті – сан мыңдаған халқымыз тартқан ашаршылық нәубетіне баға беруге әрекеттеніп-ақ жатырмыз. Әрине, өте орынды! Халқымыз тартқан осы бір ашаршылық қасіретінің тауқыметі бүгін біздің де, ертеңгі күні келер ұрпақтың да әрдайым жанын ауыртып, жүректерін сыздатып тұратыны айқын. Әрине, сол сыздаған жан-жүрегімізбен шырылдап, өзек жалғауға жарарлық нәр таба алмай аштықтан бұратылып өлген, аштықтан есі кетіп, ажал тырнағынан шұбыра қашып, сүйектері ақ сөңке болып қазақ даласында шашылып қалған сол бейбақ жандардың алдындағы парызымыз бен қарызымыздың өтеуі үшін де өткенімізге үңілгеніміз дұрыс. Алайда, халқымыздың сол нәубетінің, көз жасы мен үзілген өмірінің, тартқан азабының есебі мен кеткен есесін енді келіп кімнің мойнына апарып жүктерсің? Кімді айыптарсың? Кімді жазғырарсың? Кімді сөгерсің? Әрине, осы арада айыпты да, жазықты болып Кеңес Одағы, оның сол кездегі «көсемі» Сталин мен Қазақстанда «кіші Октябрь» жасауға әрекеттенген Голощекиннің санада тұрары бар. Сөз жоқ, Кеңестік жүйенің де, Сталин мен Голощекиннің де қолдан ұйымдастырылған аштық үшін айыбы мен жазықтарын тарих қай тұстан болсын әрдайым өзінің зар қарғысымен қайталап айтып тұратын болады. Енді келіп, сол ашаршылық жылдары құрбан болды дейтін екі жарым миллион халқымыздың қиылған өмірі мен тартқан азабының есесін сұрайтын және айыптарын мойындарына салып бере қоятындай Кеңес Одағы да, оның саясаты да жоқ, не Сталин, не Голощекин де тірі емес. Өз тағдырларының тар қауызына қуырылып, бұлар да жер бетінен жоқ болды. Бірақ адамзат санасында бұлар жасаған зұлымдық пен қасірет қалды қан жылап. Өткенді еске алсақ, біздің жүрегіміздің сыздайтындығы да сонан болар бәлкім?! Осы бір тұста ашаршылық нәубетін саясаттандырудың, болмаса оған саяси мән берудің өзі «Өспес ұрпақ қана өнбес дау қуар», деген халқымыздың бір даналығына еріксіз әкеліп жүгінуге мәжүбірлейді. Біз «Қазақстандағы ашаршылық Кеңес Одағының қазақ халқына жасаған геноциді» дегенді айтар болсақ, сол аштықтың зардабын жалғыз қазақтар ғана тартты ма, өзге халықтар да бірге қырылған жоқ па? Тіпті Кеңес Одағы дегеніміз, өзіміз болмап па едік?! Сонда бұл өзімізді өзіміз айыптаумен бірдей әрекет болып шықпас па екен? Осы арада біз Кеңес Одағын, оның саясатын, болмаса Сталин мен Голощекин сияқты зұлымдардың қылмыстарын ақтап та, жақтап та отырған жоқпыз. Кінәліні іздейміз деп жүріп, сол аштықтың қасіретін біздің халқымыздың өзінен ешбір кем тартпаған «өзге халықтардың айыбы», деген сыңаржақ әрі ұшқары бір пікірге ұрынып жүрмейік! Және де кінәліні іздейміз деп жүріп ел тыныштығының шырқын бұзып алып жүрмейік деген ой тастауды парызымыз деп білдік. Өйткені, баршамыз біртұтас Кеңес елі болып бірге өмір сүргеннен кейін, баршамыздың біртұтас тағдырымыз болды. Ал,тағдырды жазғырмас, кінәламас болар! Біз бұл нәубетке бүгінгі күннің саясаты және де ел Тәуелсіздігінің бүгінгі мүддесі тұрғысынан қарауға тиістіміз. Ал, ел Тәуелсіздігінің бар мүддесі ел тыныштығы мен барша қазақстандықтардың бірлігі мен өзара түсіністігіне келіп саятыны бар. Бұл нәубетке білдірер наразылығымыз бен қарсылығымызды және тағар айыбымызды өркені өскен Тәуелсіз ел өресінің бүгінгі тұғырлы биігінде тұрып айтуға тиістіміз. Осы арада кекшілдігімізден кеңдігіміз, өштігімізден өміршеңдігіміз, жазғырғыштығымыздан жайсаңдығымыз, айып таққыштығымыздан ақыл мен айбынымыз биік тұруы керек сияқты. Осы арада ендігі ұрпақ біз де, жер бетіне бізден кейін келер ұрпақ та бұл ашаршылық нәубетін халқымыздың бүгінгі Тәуелсіздікке жету жолындағы үзілген өмірлері мен тартқан тауқыметтері деп қарастыра білгендері абзал. Біз үшін бүгінгі Тәуелсіздік өзінен өзі оңайлықпен келе салған жоқ. Біз бүгінгі Тәуелсіздікке осылай ашығып-аптығып, бұдан да өзге қасіреттер мен нәубеттерді небір әділетсіздіктер мен жөнсіздіктерді бастан кешіп жеткен елміз. Бұл арадағы ендігі саясаттың бағыты да, әуені де осыған саюы керек деп санаймыз. Бұл арада тағы да бір ғана ұстанар басты бір саясат бар! Ол Елбасы айтып жүрген және де өткенімізді мәңгі ұмыттырмайтындай халқымыздың жадына сана дауылпазын берік орнықтыруға тиістіміз. Соның талайғы бір өнегесін Елбасы көрсетіп те келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың нұсқауымен де, ақыл-кеңесімен де, қаулы қарарлары, жарлықтарымен де саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, қазақ тарихының небір ақтаңдақ беттерін ашып, олармен бүгінгі ұрпақты таныстыру және де есте қалдырудың бұрын айтпақ түгілі, ауызға алудың өзі арман болып келген қыруар шаралары жасалды, әлі де жасалып жатыр. Ашаршылық құрбандарына арналып орнатылған Астана ескерткіші біздің сол нәубет құрбандарына көрсеткен құрметіміз әрі сол нәубет барлық дәуір ұрпақтарының мәңгі жадында тұрады деген саяси бағамыз да осы болса керек-ті! Біз сол ашаршылық қасіретін есте ұстау мен ескерткіштер арқылы ғана ұрпақтан ұрпаққа ұласар ғасырлар мен дәуірлер жадынан мәңгі шығармасымыз да анық. Сонан кейін барып, өз дәуірі мен өз кезеңінің саясатына сеніп, дәуірінің ұстаным-идеалы үшін басын оққа байлап, от та кешіп, ажал құшқан бір дәуірдің ұрпақтары мен жазықсыз жандарының аштықтан қырылуының себебі мен салдарын зерделеуге көбірек ден қоялық. Содан тұжырым жасайық және сол тұжырым арқылы ой да түйейік. Ол ой кеңестік жүйенің өз халқына қасірет әкелген қателіктері мен жөнсіздіктеріне енді біз жол беріп алмайық деген ниеттегі бүгінгі саясаттың амалы мен шарасына барып ойысып-түйіссе керек. Біздің түйсік осыны айтады. Біз бұл арада Елбасының Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың еркіндігі мен теңдігін, бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ниет ортақтастығын қамтамасыз етудегі саясаты өткеннің өкінішін қайталамауға әрі сол жүйенің қасіретіне қайра ұрындырмауға бағытталған баянды саясат деп қараймыз. Сол бағыттан айнымауға да тиістіміз. Өткенге салауат айта отырып, бүгінгі тіршіліктің түндігінен келер күндер мен баянды болашаққа көз тігейік. Ашаршылық тауқыметінің тағылымы баршамызды ел Тәуелсіздігінің ұлы мұраттары мен Елбасы алға қойып отырған Мәңгілік ел болудың өрелі де өрісті міндеттеріне қызмет етуге тас түйін болып жұмыла түсуге бастайды. Ашаршылықтың ендігі бір тағылымы – Адам баласы өмірінің өте нәзік екендігін, тіпті, оның нәзіктігі соншалықты, сол өзекті өмірдің өзі бір үзім нанға байланып тұрғандығын аңдатқандай. Ашаршылықтың ендігі бір тағылымы – жиырма бірінші ғасырдың адамзаты өзіне бір-ақ рет берілер өз өмірінің бағасы мен қадір-қасиетін тереңірек тани түсулері арқылы бірін-бірі сақтауға деген жауапкершіліктері мен ұлы Абай хакімнің «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан бір ауыз сөзінің даналығында сияқты. Осыны алға тарта отырып, біз де сол құрмет пен ұлағатты тағылымға жүгінгеніміз абзал болар еді дегенді айтқанды өз парызымыз санадық. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Парламент Сенатының депутаты. АСТАНА.