Саясат • 23 Қараша, 2022

Жастарға жанашыр жоба

408 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында «Zhas project» жобасы аясында «Үздік тәжірибелер форумы» өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қолдап, «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған іс-шарада маңызды мәселелер көтерілді.

Жастарға жанашыр жоба

Форумда «Zhas project» қатысушыларының биылғы жетістіктері қорытындыланып, оң нәтижелер көпшіліктің назарына ұсынылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қазақстандық жастарды қолдау бағытында атқарылған жұмыстар мен жоспарланған іс-шаралар туралы айтты. Белгілі болғандай, 2022 жылы Жастар практикасынан өту кезеңі 6 айдан 12 айға дейін және «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша 12 айдан 18 айға дейін ұзартылмақ. Бұл жастар үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға және табыс табуға жақсы мүмкіндік.

– Жастарды жұмысқа тарту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында нақты жобалар іске асырылып жатыр. Жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында жүргізіліп отыр. Сондай-ақ Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде NEET санатындағы жастар деңгейі жоғары өңірлерде жас кәсіпкерлерді қолдау үшін «Zhas Project» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, –  деді Д. Қыдырәлі. 

Жалпы, 250 жоба пилоттық түрде 6 аймақта (Алматы, Қа­рағанды, Маңғыстау, Түр­кістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында) іске асырылды. Оның аясында әлеуметтік осал топтар мен ауыл жастарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 1 млн теңге сомасында 252 грант берілді. Бұдан әрі бұл жобаны жыл сайын басқа өңірлерде де жүзеге асыру жоспарланып отыр.

– Форум үздік жастар жобаларын анықтау, жұртшылыққа нәтижелерін көрсету, жастар жұмысындағы жаңа тәсілдер мен технологияларды талқылау мақсатында ұйымдастырылды, – дейді жоба жетекшісі, «Түп­қа­раған жастары»  жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наурызбек Мағдатов.

 «Үздік тәжірибелер форумында» әуелі Маңғыстау облысындағы әлеуметтік кіші жобаларды жүзеге асыру аясында үздік жобалардың көрмесі өтті. Сондай-ақ жоба қатысушыларына өз жобасын жан-жақты таныстыруға мүмкіндік беретін диалог алаңы ұйымдастырылды. Ал екінші кезең мотивациялық кездесу фор­матында көрініс тапты. Мұн­да саяхатшы, блогер Өркен Кенжебек, бизнес-бапкер Шолпан Түсіпбекова, жас кәсіпкер Қайрат Хасанов форум қатысушыларына «Әлеуметтік желінің қоғамға ықпалы», «Қаржылық тәртіп» және «Тиімді коммуникациялар» тақырыбында ой өрбітті.

Форум барысында бірқатар шағын грант иегерлеріне Алғыс хаттар табысталды және жобада әлеуметтік тұрғыдағы осал топтарға жататын 63 маң­ғыс­тау­лық жас 1 000 000 теңгеден қай­та­рым­сыз қаражат алды. Бұл – жас­тарға өз кәсібін бастауға мүм­кіндік беріп, қолдау көрсету деген сөз.

Қайтарымсыз қаражатқа қол жет­кізген жастардың бірі – Нар­гиза Көшкінбай. Көп­ба­ла­лы отбасыдан шыққан Нар­­гиза «Ақтау технологиялық коллед­жін» тігінші мамандығы бо­йынша бітірген соң Мұнайлы ауданындағы тігін фирмасында шеберлерден тігу ісін үйреніп, тәжірибе жинақтаған. Күні бүгінге дейін аталған фирмада қызмет ететін ол халқымыздың құрақ құрау өнерін заманауи үлгіде қайта жаңғыртып, өз өнім­дерін халыққа «Nargiza brend» брендімен ұсынып отыр.

– Бүгін мен үшін және мен сияқты жоба жеңімпаздары үшін ерекше күн. Қазір тігін цехында қызмет істеп, ұлттық өнерді дәріптеуге өз үлесімді қосып жүр­мін. Керемет сезімде тұрмын, әрі қатты қобалжудамын. Мен өз брен­дімді қалыптастырып, өнімді тұрақты ұсынатыныма сенім­дімін. Мен – ерекше жанмын, бірақ бұл менің өз армандарымды жүзеге асыруға кедергі бола алмайды. Арманымның іске асуына септігін тигізген барша жанға алғыс айтамын, –  деді Наргиза.

Жиын барысында Дархан Қыдырәлі алдағы желтоқсанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 33 үздік жасқа тапсырылатынын айтты. Грант «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар, «Бизнес», «Медиа» бағыттары бойынша беріледі. 

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 2021 жылдан бері Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді. Жеңімпаздардың негізгі бөлігі өңірлердің қарапайым жас­тары екенін атап өту керек.

Сонымен қатар 10 номина­ция бойынша беріліп келе жат­қан «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығы иегерлерінің де аты-жөні жуырда белгілі болды. Отыз жыл ішінде 300-ден ас­там жас «Дарын» сыйлығының ие­гері атанған. Оның ішінде маң­ғыс­таулық жас таланттар да
бар.

Жиында айтылған тағы бір маңызды мәселе – алдағы уақыт­та жастар санатын 35 жас­қа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Дар­хан Қыдырәлінің сөзіне қара­ғанда, министрлік «Мем­ле­кеттік жастар саясаты туралы» Қа­зақ­стан Республикасы заңы­ның жобасын әзірлеген. Бұл жо­ба Парламент Мәжілісінде ма­құл­данып, Сенатқа енгізілді.

Заң жобасы мемлекеттік органдардың бағыттарымен және құзыреттерімен толық­тырылды. Осы заңның негізгі жаңа­лық­тарының бірі – жастар санатын 35 жасқа дейін ұлғайту. Осылайша, жастарды мемлекеттік қолдау аясы 2 есеге жуық (3,7 млн адамнан 6 млн адамға дейін) кеңейеді (жұмысқа орналастыру және бизнес-бас­тамалар және т.б.). Аталған заң жобасында жастардың даму индексі енгізіліп, жастардың әлеуметтік қызметтері мен NEET санатындағы жастарға құқықтық мәртебе беру қарастырылып отыр.

Жастар – үлкен күш, қоғамның басым бөлігі. Оларға жасалған қолдау – болашақтың қамы. Ал ерекше жандарды, яғни жастар арасындағы әлеуметтік осал топтарды назардан тыс қалдырмау әрі са­уапты, әрі қуанышты іс екені сөзсіз.

 

Маңғыстау облысы