31 Мамыр, 2014

Ономастиканың өзекті мәселелері

492 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
қозғалып, ол нақты мысалдармен алға тартылды Таяуда Талдықорғанда Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдасты­руы­мен «Ономастика және тарихи дәстүрлі атаулар» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Онда Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов құттықтау сөз алып: «Өңірімізде тарихи атауларды қалпына келтіру мен жүйелеу, жер-су және басқа да ономастика нысандарының атау­ларын фонетикалық, таңбалық және лексикалық қағидаттарға сәйкестендіру шаралары тұрақты атқарылып келеді.Нақтылай түссек, «Жаңарған Жетісу атаулары», «Облыстағы ономастиканы оңалту» атты анықтамалықтар шығарылды. Ал «Облыс ономас­тикасы» атты көлемді жинақта әкімшілік бірліктер, елді мекендер және көше атауларының қазақ және орыс тілдерінде жазылу үлгілері, топонимдердің түсіндірмелері тегіс көрсетіліп берілді. Атаулар, яғни қазақ топонимдерінің барлығы ата-бабаның әлеуметтік өмірінен, халқымыздың рухани өресі мен философиясынан тікелей хабар береді. Дегенмен, ономастиканың әлі шешімі табылмаған мәселелері бар. Қазіргі уақытта тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми-тәжірибелік, мәдени-тарихи ғана емес, сондай-ақ үлкен қоғамдық-саяси маңызға ие болып отыр», – деді. Келесі кезекте Мәдениет вице-министрі Жанай Омаров мінбеге көтеріліп, елді мекендердің тарихи атауларын қалпына келтіру, қазіргі ономастика саласы мәселелерінің бірі болып отырғанына назар аударып, статистикалық мәліметтерге сүйеніп, республикамыздағы елді мекендер атауларының 40%-дан астамы орыс тілінде екенін ашық айтты. Әрине, Елбасы тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар қатарында мәдениет нысандарына кісі есімдерін беруге шектеу қою керектігі жө­нін­де өткір ой, құнды пікірін ұсын­ды. Өз кезегінде Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің инспекторы Әділбек Алпысбай сөз алып, «1991 жылдан бері республикада 5 облыстың, 13 қа­ланың, 54 ауданның, 7 қалалық ауданның, 119 теміржол станса­сының аты ауыстырылды. Со­ны­мен қатар, 6 облыстың, 12 қа­ла­ның, 14 ауданның, 76 темір­жол стансасының, 40-тан астам елді мекен атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланды. Республика бойынша 1221 елді мекеннің атауы өзгертілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес әлі күнге дейін кеңестік дәуірден қалып қойған атаулардың да көп екендігі анықталып отыр. Осы санатқа жататын елімізде тек көшелердің өзі 12 424 болса, одан басқа 103 даңғыл, 283 тұйық көше, 113 теміржол стансалары, әуежайлар мен порттар, 143 әлеуметтік-мәдени нысан, 17 парк, 335 мектеп, 13 көпір, 100 ықшам аудан мен 459 аялдамалар бар. Ал 1579 әкімшілік-аумақтық бірліктер атау беру немесе қайта атауды қажет етеді», – деді. Негізі, ономастикалық мәсе­лелерге орай нақты ұсыныстар түсіріп, талқылап, сараптауды мақсат еткен бұл дөңгелек үстелге тіл мамандары мен ғалымдар, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты. Екі күнге созылған басқосуда көтерілген мәселелер молынан болды. Соның бірін ғана айтсақ, идеологиясы ескірген атаулар жайы. Ол дегеніміз, Алматы облысы аумағында Жоңғар Алатауы деген тау бар. Осы таудың атауына зейін қойсақ, бүгінде жоңғар деген халық мүлдем жоқ, бұл – бір. Екіншіден, тарихнамада «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталған заманда жоңғар шапқыншылары қазақ жерін басып алып, өз озбырлықтарын жүргізіп, бүтін бір тауға Жоңғар Алатауы деп ат қойғаны мәлім. Мұны идеологиясы ескірген атау деп айтуға негіз жеткілікті. Ал бұл таудың көне заманнан бергі аты Жетісу Алатауы болып саналады. Ол туралы тарихи жазбалар баршылық. Тізбелей берсек мұндай мысалдарды тек Алматы облысы аумағынан ғана емес, республика көлемінен көптеп келтіруге болады. Қазақстанның барлық облыс­тары мен қалаларынан келіп екі күнде ономастикалық мәселелерді талқылап, пікір алмасып, өзіндік ойларын ортаға салған ғалымдарды қашанда қонақжайлылықтан таймайтын жетісулықтар Тал­дықорған қаласының іргесіндегі ауылдарға апарып және облыс орталығындағы көрнекті жерлерді көрсетіп аралатты. Қорыта айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы 2013 жылдың 21 қаңтарында күшіне енгені мәлім. Бұл күні осы заңнама талабына сәйкес жер-су атауларын өзгерту және бір адамның атын бірнеше ауылға, көшеге беруге болмайтыны да ортаға салынып, талқыланды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.