Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған қазақстандық делегация Минск қаласында өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Осы басқосудың алдында ғана ТМД елдерінің делегация басшылары Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесіп, отырыстың күн тәртібін талқылап, Достастық аясындағы ынтымақтастықты тереңдету және халықаралық тақырыптағы өзекті мәселелер бойынша пікірлер алмасқан болатын, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Отырыстың күн тәртібінде достастық елдерінің өзара әрекеттестігін тереңдетуге бағытталған 20-ға жуық экономикалық, гуманитарлық және ұйымдық мәселелер қаралды. Атап айтқанда, ТМД елдерінің 2020 жылға дейінгі инновациялық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаның 2013 жылғы орындалу барысына талдау жасалынды.
Отырыста Б.Сағынтаевтың өз сөзінде атап көрсеткеніндей экономика саласында инновациялық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, ортақ ауыл шаруашылығы рыногын дамытып, ТМД елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Отырыс барысында, ғылыми-техникалық ақпараттар мен мемлекетаралық алмасу саласындағы ынтымақтастықты ретке келтіру туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, радионавигация мен гидрометрология салаларында өзара әрекеттестікті дамыту жөнінде шаралар белгіленіп, тауарлардың шығу тегі бойынша елдерді анықтау ережесіне өзгерістер енгізілді.
Гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланып, ТМД-дағы ұлттық спорт түрлерін дамыту, малдардың аусыл ауруының таралу қаупімен күрес мәселелері жөнінде шаралар әзірленді.
Отырыста, басқа да бірқатар мәселелер қаралды. Келесі басқосу 21 қарашада Ашғабад қаласында өтеді деп белгіленді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».