Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов кәсіпорынның жұмысы туралы айтып берді. Осы жылы Сапа орталығы жол-құрылыс материалдарының 29 мың үлгісінен сынама алған. Оның 9 мыңы республикалық желі бойынша болса, 20 мың сынама жергілікті желіге тиесілі. Соның ішінде 7,3 мың материал сынамасы немесе 24% белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмейді. Осылайша, республикалық желі бойынша 13% (1 166), жергілікті желі бойынша 30% (6 234) сәйкессіздік анықталды. Сонымен қатар сапа сараптамасымен жергілікті желі бойынша іске асырылатын барлық жобаның небәрі 63%-ы, ал республикалық жолдар бойынша барлық жоба қамтылған.
Техникалық қадағалауда орын алған бұзушылық фактілері бойынша өңірлік Мемлекеттік сәулет құрылысы басқармаларына өтініштер жолдануда. 2020 жылдан бері Сапа орталығының жолдаған өтініштері бойынша 81 техникалық қадағалау қызметі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 56 инженердің аттестаты өз күшін жойған. Сондай-ақ 4 мердігер ұйым жол құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айырылған (2020 жылы – 2, 2022 жылы – 2). Жалпы, салынған айыппұл сомасы – 110 млн теңге.
Өз сөзінде бас директор З.Сағынов жол жөндеу жұмыстарында пайдаланылатын битумның сапасына да тоқталып өтті.
«Биыл Сапа орталығы мұнай өңдеу зауыттары, асфальт зауыттары және битум қоймаларынан 900-ге жуық жол битумының үлгісін пайдаланып, сынап көрді. Оның ішінде 232 сынама (26%) сапа стандарттарына сәйкес келмейтіні анықталды. Осыған байланысты битум сапасына қатысты мәселелерді терең зерттеу үшін Автожол комитетінің тапсырмасына сәйкес Сапа орталығы базасында битумды және полимерлі-модификацияланған битумды байланыстырғыштарды зерттеу жөніндегі орталық зертхана құрылды, ол заманауи жабдықтармен жарақтандырылуда», – деді З.Сағынов.
Аталған орталық Назарбаев университеті профессорларымен бірлесе еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі нақты көлік пайдалану және климаттық жағдайларды ескере отырып, асфальтбетонның беріктік сипаттамаларын арттыру, жөндеуаралық қызмет мерзімін ұлғайту бойынша шетелдік тәжірибені зерделеуде. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен бірлесе цемент-бетон жабыны бар автожолдарда ақаулардың пайда болу себептерін анықтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың қорытындысында қолданыстағы нормативтерге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар берілетін болады.