Білім • 25 Қараша, 2022

Семейде Калгари университетінің филиалы ашылады

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Келесі жылы Семейде Калгари университетінің филиалы ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Семейде Калгари университетінің филиалы ашылады

«Біз Елбасының әлемнің жетекші университеттерін тарту жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, мақсатты түрде жұмыс жасадық. Канада білім беру жүйесі бойынша әлемде бірінші орында. Бізде МакГилл университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында тамаша ынтымақтастық бар. Келесі жылы Семейде Калгари университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл өте маңызды серпіліс. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз», деді Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов. 

Университет филиалында қандай мамандықтар бойынша оқуға болатынын университеттердің өздері шешеді. Қазіргі уақытта саяси шешім қабылданды.

Жоғары оқу орындарының ең маңызды рейтингтерінің бірінде – Дүниежүзілік университеттер рейтингі орталығы (CWUR) құрастыратын әлемдік университеттердің академиялық рейтингінде Калгари Канадада сегізінші, әлем бойынша 190-орында. Рейтинг дүние жүзіндегі 20 мыңға жуық оқу орындарының арасынан ең үздік 2000 университетті көрсетеді.

Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарының ішінде тек Назарбаев Университеті ғана әлемнің 19,8 мың университеті арасында TOP-2000 рейтингінде 1765-орынға ие болған.