Палата Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина үкімет сағатын аша келіп, қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі маңызды болып қала беретінін атап өтті. Ол құрылыс саласының өсу қарқынын сақтау ұлттық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал ететінін жеткізді.
«Бүгінде Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі құрылыстың үлесі 6%-дан сәл асады. Сонымен бірге БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының мәліметі бойынша, 2010 жылы бізде бұл көрсеткіш 8% деңгейінде болды. Сонымен қатар осы экономикалық көрсеткіштер бойынша Қазақстан Әзербайжан мен Армения сияқты ТМД елдерінен, сондай-ақ Балтық жағалауы елдері - Литва мен Эстониядан төмен болып отыр. Сондықтан құрылыс саласының өсу қарқынын сақтау ұлттық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді», деді Ольга Перепечина.
Сенатор Серік Шайдаров өз кезегінде Үкіметтің назарын тұрғын үй құрылысы саласындағы нақты проблемаларға аударды. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары сапасының төмендігі, мемлекеттік сатып алу тетіктерінің жетілмегені, құрылыс материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ ауылдық жерлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың жоқтығы туралы айтылды.
«Осы проблемаларды ескере отырып, Үкімет мемлекеттің жер қорын есепке алып және тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың біркелкі құрылысын болжап жүргізуге орай қалалардың бас жоспарын әзірлеу тәсілдерін қайта қарауы қажет. Сондай-ақ Үкіметке мемлекет мүддесі мен тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру үшін жағдай жасау қажеттігін ескере отырып, осы проблемаларды шешудің оңтайлы тетіктерін әзірлеуді ұсынамын», деді сенатор Шайдаров.
Үкімет сағаты барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан және Абай облысының басшылығы, «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков баяндама жасады.
Шараны жүргізіп отырған Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков үкімет сағаты барысында әзірленген ұсыныстарды атап өтті. Үкімет ол ұсыныстарды аса мұқият бақылауға алуы тиіс.
«Құрылыс көлемін ұлғайту, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуда мемлекеттік қолдау шараларының атаулы болуы мен тиімділігін арттыру талап етіледі. Құрылыс материалдарының импортын азайтуға, сондай-ақ отандық құрылыс өнімдерін өндіру нарығын дамытуға бағытталған шаралар қабылдануы керек. Сондай-ақ ескірген тұрғын үй қорына байланысты мәселелерді шешу тәсілдерін әзірлеу қажет», деп атап өтті Дәурен Әділбеков.
Жұмыс қорытындысы бойынша Сенат депутаттары әзірленген осы және басқа да ұсынымдар Үкіметке жіберіледі.