Сырын бүккен Сарысу жеріне саяхат
Қазірге пирамида деп айтуға келе ме, келмей ме, Қазақстанда пирамида бар екен. Сол сияқты елімізде Түркиядағы Памуккалеге ұқсайтын Шығанақ-Қамқалы тұзды көлі, Майдакен, Сорбұлақ тұз кендері бар екенін білмейміз. Осы уақытқа дейін біздер Шарын сияқты шатқал әлемнің екі мемлекетінде ғана бар деп келдік. Шарын секілді болмаса да көркемдігі одан бір мысқал да кем емес Көмей, Сайранбай дейтін шатқалдарды да екі қазақтың бірі біле бермейді. Басқасын айтпағанда, шалғайда жатқан өлкедегі ән-жырға арқау болған «Жайлаукөл кештері» әнінде суреттелген табиғат көріністері неге тұрады?! Қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласы деген осы.
Біз де қазаққа тәңір тарту еткен табиғаттың осыншама тамашасын білмей өтер ме едік, ғайыптан Жамбыл облысындағы Сарысу ауданына, оның ішінде Жаңатас қаласына жолымыз түспегенде. Шындығын айтқанда, әр сапардың сәтін түсіретін өзіндік себебі болады. Осыдан жарты жыл бұрын қолымызға «Сарысу – саялы мекенім» дейтін альбом-кітап түскен-ді. Өзі салмақты, суреттері ғажайып кітаптан тосын бір фотоларды көріп, белгілі фототілші, кітап авторы Самат Құсайыновқа біраз сауалдар қойғанбыз. Ақпарат айдынындағы әріптесімізге де керегі осы екен, туған өлкесі туралы төгіліп бір әңгіме айтсын. Атамекенінің ғажайыбын баяндағанда Мысыр шаһарына барып келгендей болғанбыз.
– Қазақстанда да осындай жерлер бар ма дейсің. Сен түгілі, біздің жақтың адамдарының бәрі Сарысу жақта мұндай керемет жерлер, табиғаттың тылсым құбылыстары мен жақпар-жақпар таулары бар екенін біле бермейді, – деді әріптесіміз. Сөзінің жаны бар. Қиянда жатқан Сарысу ауданының алыс екені рас.
«Ауыл – әр қазақтың алтын бесігі» ғой. Сарысу ауданына бастаған сапарға түрткі болған Самат Құсайынов түсірген екі сурет пен осы ауданға екі жыл бұрын әкім болып сайланған Қанатбек Мәдібек жайлы әңгімелер болатын. Еліміздегі ең жас аудан әкімі туралы сөз қозғамас бұрын, бізді елең еткізген фотоларды айтып алайық.
Бірінші сурет – жоғарыда айтып кеткен кітаптағы Қаратау сілемдерінен 300 метр биіктікте орналасқан табиғи пирамида. Уақыт мүжіген бұл пирамиданы адам тұрғызды ма, әлде Табиғат-Ананың шебер қолынан шықты ма, бір Аллаға аян. Бір ақиқаты, бұл жерде құпиясы ашылмаған жұмбақ тастар да, үңгірлер де көп. Пирамиданың дәл іргесінде Қарауылтөбе бар. Жоңғар, қалмақ шапқыншылықтары кезінде осы үңгірде елімізді қорғаған бабаларымыз дамылдап, қарауылдап жатқан десе-ді. Жау келе жатқанда осы төбеден түтін шығарып, белгі берген көрінеді.
Екінші сурет – Түркиядағы Памуккале сияқты Шығанақ-Қамқалы тұзды көлі, Майдакен, Сорбұлақ тұз кендері болатын. Әрі ем, әрі астың дәмін келтіретін тұздың да қадір-қасиетін айта берсең таусылмас. Дегенмен, осындай ен байлықты еліміз игеріп жатыр ма, әлде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр ма деп ойланасың.
Сол сияқты Ащыдан шыққан тұщы су, «Сиқырлы үңгір», «Түбі жоқ үңгір», тастардағы жұмбақ таңбалар Сарысу өңіріне тарта берді. Осылайша, бізді қызықтырған суреттер бір кездегі қаңырап қалған Жаңатас қаласындағы соны тірліктерге, жаңарған елдің ілкімді тірліктеріне де куә етеді деп кім ойлаған?!
Жаңатас жап-жаңа жолдардан басталды
Алматыдан шығып, Таразды артқа тастап, Талас ауданының ойдым-ойдым жолдарымен шоқалақтап, Сарысу ауданына іліккенімізде, өркениетті елдердегідей алдымыздан самаладай жарқыраған жол шықты. Жол болғанда да қандай жол, заманауи, теп-тегіс асфальт жол.
Жүрісіміз оңдалғаннан шығар, айналамызға бажайлап қарай бастадық. Бұл жолдың өне бойында Рерих салған суреттердей, табиғат сұлулығы салтанат құрып қоя берді.
Ұзыншабақты өзенінің тұсына бірінші рет аялдап, таудан аққан тұп-тұнық судан қос алақанмен сіміріп, жансарайымыз кеңіп, бір жадырап қалған едік. Дәл осындай мөлдір, дәмі өзгеше суды Өгем тауларынан құлап аққан өзендерден ғана бала кезімізде ішкенбіз.
Ұзақ жолды қысқартатын жақсы әңгіме емес пе, көрген-білгенімізді айтып қауқылдасып келеміз. Жол бойындағы елді-мекендер жоқтың қасындай екен. Ақтоғай деген ауылға жеткенімізде, жол бойында қол көтеріп тұрған қызды көзіміз шалды.
– Бізге дейін де мына жолдың бойында көліктің көлеңкесі болған жоқ, бізден кейін қашан машина болады, ала кетеміз бе? – деймін әріптестерімізге бұрылып.
– Патша көңілің білсін, Жаңатасқа бара жатқан адам шығар. Сауабын алғың келсе тоқтап көр, – деді Самат та.
Қысқасы, қыз дегеніміз, келіншек деуге келмейтін, апа деуге де болмайтын орта жастағы адам болып шықты.
– Әй, мынау менің бір ағайынның үйіндегі жеңгем. Тани ма, танымай ма?! Сарысу туралы шын білгің келсе осы кісіден сұрап көр. Білгенін бүкпесіз айта салатын, ақжүрек адам, – деді жолбастаушымыз.
Жолаушы апай сусындардан босаған бөтелкелерге құйылған айран-сүттерімен жайғасып алған соң, айналасына бажайлап қарай бастады. Бірден шүйіркелесе бастап, сөз орайы келгенде:
– Ал жеңеше, ауылдарыңызға кіріп келеміз. Елдің жағдайы қалай? Әкімдеріңіз қандай? – деп жақаурата сауал тастадық.
– Ой, қаңырап қалған Жаңатас еді. Қайтадан көркейіп жатыр. Жол жүрмейтін жерлерге жол салды, су бармайтын жерге су апарды. Осы елдің баласы, әйтеуір, елге жаны ашиды, соған ризамыз, – деді риясыз.
Осыдан кейін біз де Алматыдан шыққан журналистер екенімізді айтып, танысып шықтық. Мұғалімдер мен дәрігерлердің мерзімді басылымдарды алатынының артықшылығы осындайда білінеді екен.
– Біздің елге келе жатқан республикалық газеттің журналистерін бірінші рет көріп тұрмын. Құдай, сапарларыңды оңдасын! – деп шүйіркелесе бастады.
Осылайша, әп-сәтте Жаңатас қаласына іліктік. Жеңгей де орталық көшенің бірінде қалып бара жатып, жолкіре ұсынғаны.
– О, не дегеніңіз, бұл неткеніңіз, бір жеңешемізді жеткізіп тастамасақ, – деп ат-тонымызды ала қашқан едік, ол кісі күлімсіреген алғысты кейіппен бір бөтелке айранды бүгін ұйытқанын айтып, қолымызға ұстатты да кете барды.
Еліміздегі ең жас аудан әкімі
Міне, Үкіметтің қаулысымен моноқалалар бағдарламасына енген Жаңатас қаласының ортасында тұрмыз. Осыдан 20 жыл бұрын, содан кейін он шақты жыл бұрын бұл осы қалаға жолы түскен әріптесіміз:
– Жаңатасқа жан бітіпті-ау. Қирап, қаңырап жатқан болатын. Тоқсаныншы жылдары тұрғындары жан-жаққа үдере көшіп, тоғыз қабатты зәулім үйлердің барлығы иесіз қалған-ды. Үйлердің есік-терезелері тоналып, арматураларының бәрі жұлынып, жұлым-жұлымы шыққан шағын аудандар зәреңді ұшыратын, – дейді.
Енді, міне, жолдары жөнделген, көшелердің айналасы абаттанып, гүл егілген, шап-шағын қаладағы аудандық әкімдіктің ғимаратына да жетіп келдік.
Бізге ұнағаны – ғимараттың алдында кішігірім парк пайда болып, биіктігі 25 метр болатын көк Ту желбіреп тұр.
Бұрын Түркия еліне жиі жолымыз түсіп жүріп, аттап бассаң алдыңнан мешіт пен желбіреген байрақтары шығатынын көріп, елшілдіктеріне тәнті болып жүретінбіз. Бұл ту да Елордадағы ең биік тумен пара-пар, еңселі екен.
Жұрт мақтаған әкімнің де жүзін көрдік. Қырыққа да жетпеген қазақтың ойлы жігіті. Осы өлкеде дүниеге келген, өңірдің бүкіл өмірі көз алдында өтіп, қызмет баспалдақтарымен ер жеткен азамат елдің алдындағы парызы мен қарызын терең түсінеді.
Сонымен, Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы аз-кем ақпар беріп:
– Ең дұрысы, алдымен ауданды аралап шығыңыздар. Кешегі қирап жатқан шағын аудандарды, қалпына келтіріп жатқан нысандарды өз көздеріңізбен көріп, елмен сұхбаттасарсыздар. Сосын Саудакентке, бұрынғы Байқадамды барлап қайтсын деп, ол жаққа да бір сапар ұйымдастырдық. Мектептерді, балабақшаларды көріңіздер. Көкейлеріңізде қандай да бір сұрақтар туып жатса, жауап беруге әзірмін, – деді.
Әрине, аудандық әкімдік бізге бұл ауданның 2013-2014 жылдардағы әлеуметтік экономикалық дамуы қорытындыларына қатысты толып жатқан мәліметтер, Сарысудың кешегісі мен бүгінгісі және ертеңі жайлы ақпарлар берді. Алайда, қағаздағы құжаттар бөлек те, осы біткен тірліктің бәрін өз көзімізбен көргенге, оны халықтың көңіл-күйінен, тұрмысынан сезінгенге не жетсін деп, осы күні-ақ Сарысу ауданына саяхатымызды жалғастырып кеттік.
– Табиғат соңғы кезде неше түрлі тосын мінез көрсететін болды ғой. Осыдан екі жыл бұрын Қанатбек Қайшыбекұлы ауданға әкім болып келген кезде Жаңатаста сұмдық дауыл тұрып, көптеген үйлердің шатырын жел ұшырып, қала инфрақұрылымының 70 пайызын қиратып кетті. Бұл апат туралы барлық жерде жазылды, көрсетілді. Ұмытпаған да шығарсыздар. Әйтеуір, адам шығыны болған жоқ. Сол кезде жаңадан қызметке келген әкім бір түн де ұйықтамай, шатыры ұшқан әрбір үйлер төбесінде өзі жүрді. Тыным таппай, тағы да осындай күшті жел тұрса, шатырды ұшырып әкетпей, төтеп беруі үшін жөнделген нысандардың сапасын тікелей өзі қадағалады. Үйлердің төбесінде әкімнің өзі апталап түспей жүрген соң, тұрғындар да көңілдері жайланып, жаңадан келген жас әкімді бірден жақсы көріп кетті, – дейді «Сарысу» аудандық газетінің бас редакторы Жамалбек Өзбеков.
Айтқандай, осы арада бірден айта кету керек, аудандық газет биылдан бастап түрлі-түсті болып шыға бастаған. Және бұл газет өзінің жазылу бағасын қымбаттатпау үшін «Қазпошта» қызметінен бас тартып, қала тұрғындарынан 8 пошташы дайындап, әр нөмірді басылым шыққан күні иесіне жеткізіп беретіндей, жұмыстарын оңтайлы ұйымдастырған екен. Облыстық газеттің өзі «Сарысу» газетінен кейін түрлі-түсті болып шыға бастаған.
Маралтайдың мектебі
Айтқандай, біз Саудакенттегі сапарымызда ақын Маралтай Райымбекұлы оқыған Шоқай датқа атындағы мектепке соққанбыз. Осы арада Сарысу жері танымал жерлестері Асанәлі Әшімов, Балтабай Адамбаев, Ілия Жақанов, Тынышбай Рахымов, Алдаберген Мырзабеков, Бейбіт Қойшыбаев, Құралбек Құлажанов, Берік Шаханов, опера әншісі Амангелді Сембин, дәстүрлі әншілер Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, суретші Зейнеп Түсіпова, сазгер Төлеу Үшқоңыров, жазушылар Дулат Шалқарбаев пен Пернебай Дүйсенбиннің есімдерін ардақ тұтатынын атап өткен ләзім.
Ал Саудакенттегі сонау 1934 жылы іргетасы қаланған киелі мектептен талай таланттар түлеп ұшқан. Қазір ол ауданда жаңа типте салынған жалғыз мектеп. Осы мектепте 31 жыл бойы директор болып келе жатқан Бөлтірік Шәмшіұлымен бірге білім шаңырағын аралап, заманға сай білім беріп жатқан мекемедегі мерейі үстем тірліктерді өз көзімізбен көріп, қуанып қайттық.
Сол сияқты Сарысу орта мектебі мен балабақшадағы атқарылған ауқымды жетістіктерді де тізбектеп жаза беруге болар еді. Ең бастысы, шалғайдағы мектептерде мегаполистерден бір мысқал да кем емес білім беру істері ұйымдастырылып жатқанына шаттандық.
Бір елеңдетерлігі – мектептің өзінің мұражайы бар екен. Кіп-кішкентай музейде Сарысу өлкесінің шежіресі шоғырланған. Мұнда Кеңес өкіметі кезінде сәуірде қалың қар жауып, 219 қойды аман алып қалып, боранда өзі ажал құшқан 8-сынып оқушысы Жаңабай Сейітжанов, 14 жасында бойы еңселі болғаны үшін басқа адамның орнына Ұлы Отан соғысына жіберіліп, қайта оралмаған оқушы жайлы сирек деректер бар екен.
Осы мектептегі тәбәріктің бірі – 103-ке келіп көз жұмған, жүзден асқанда қайта тісі шыққан бір кейуананың кимешегі. Сол кісінің жасын берсін деп, кимешекті киіп көрдік.
Сарысу ауданы туризмнің қай түрін дамыта алады?
Осы бір қысқа ғана сапарда тұнып тұрған табиғат туризмді дамытып, оны табыс көзіне айналдыруға сұранып тұрған Сарысудың да тамаша жерлерін, Шоқай датқа, күйші Ықыластың кесенесі сияқты тарихи орындарын аралау мүмкіндігін жіберген жоқпыз.
Бізді алыстан арбаған пирамидаға да жеттік-ау. Бірақ, шынын айту керек, тура түбіне бара алмады. Сондықтан да, бұл пирамида суреттегідей кішігірім емес.
Ал біздің өмір бойы айта жүрерліктей Қожашаян шатқалын, «Жұмбақтас», «Таңбалытас», «Маятас», «Айуантөбе» аталатын ғажайып көріністері бар жерлерді ұмытамыз ба?!
Тау шатқалында, көгалды кең жазиралы далада неше алуан өсімдік өседі. Жол бойында машина гүрілінен дуадақ ұшып, үйрек үркіп, борсық қашқанын көріп, өзен-көлдердің сұлулығына таңданғанымызды жасырмаймыз. Арқар, киік, қоян мен басқа да жабайы аңдар бар десе-ді.
Сол сияқты ауданның теріскей жағында қалың сексеуілді, құмды өлке бар. Аудан халқы осы өңірлерде төрт түлік малын мыңғыртып өсірген.
Сарысу жаққа 1954 жылы «Түркістан осылай туған» деген очеркін жазуға келген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Япыр-ай, мына Жон өлкесі, мына Қаратау сілемдерінің көрінісі қандай әсем! Ешбір жерлерге ұқсамайтын, өзіне ғана тән сұлулығына таңдандым», – деген екен.
Біз де солай таңдандық, тамсандық. Сарысу жерінің осыншама сұлулығын жарнамалап, өлкелік, экотуризмді жандандыруға сұранып тұрған жерлерді айналасы екі күнде тауысып біте алмадық. Егер бұл өлкеде туризм қарыштайтын болса халық та етін сатып, бапталған табиғи шұбат-қымызымен туристерді сусындатып, қызметін көрсетіп, жеміс-жидегін саудалап, тұрмыстары жарқырай түскендей екен.
Әрине, мұның бәрі уақыттың еншісінде. Сол сияқты бір кезде халқы 65 мың болған Сарысу ауданында тоқсаныншы жылдары тұрғындар саны ресми статистика бойынша 16-17 мыңға дейін құлдыраған, шын мәнінде, 12 мыңға дейін төмендеген көрінеді. Қазір аудан халқы 42 мыңға жетіпті.
Амандық болса, алдағы он жылда аудан халқы 50 мыңға дейін, қала халқы 27 мыңға өседі деген болжам бар. Өйткені, Қаратау тау-кен өңдеу кешенінде жаңа өндірістік жобалардың қолға алынуы, бір жағынан Сарысу жеріне Ресейдің ірі «Еврохим» компаниясы келуі, сол сияқты жаңа өндіріс орындары ашылуы аудан дамуына ықпал етері сөзсіз.
Не десек те, бұл өлкеде өмір қайта жаңғыруда. Елдің тізгіні жастардың қолында. Сарысу ауданындағы мемлекеттік қызметкерлердің орта жасы 41 жас шамасында. Бәрі де осы өлкеде дүниеге келіп, туған жердің топырағын кешіп, өңірдің келешегі кемел болса, өркениеттің көшінен қалмаса екен деген өндірдей жастар екен.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы.
Суреттерді түсірген
Самат ҚҰСАЙЫНОВ.