Саясат • 27 Қараша, 2022

Халықтық коалицияның басты міндеті – Президент реформаларын орындау

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында үгіт-насихат кезеңінде атқарылған жұмыстар талқыланды.

Халықтық коалицияның басты міндеті – Президент реформаларын орындау

Штаб басшысы Ерлан Қошанов президенттік сайлау заңға және халықаралық нормаларға толық сәйкес өткенін жеткізді.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сайлаудағы айқын жеңісі – қоғамның Президентке деген зор сенімінің және оның реформалар бағытының көрсеткіші екенін баса айтты. Сайлау Ха­лықтық коалицияға кірген барлық партия мен қоғамдық ұйымдарды бір командаға біріктірді. Олар барлық аймақты аралап, ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

«Жалпы, бұл сайлау қоғам мен биліктің елдің ертеңгі дамуына қатысты түсінігі ортақ екенін көрсетті. Халық Пре­зиденттің реформалары белгі­ленген мерзімде және толық орындалатынына сенімді болуы керек. Бұл – Халықтық коалицияның басты міндеті», деді Штаб басшысы.

Ерлан Қошанов Халықтық коалицияның, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелеріне, се­німді өкілдерге, жастар бел­сенділері мен бақы­лау­шыларға атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдірді.

Үгіт-насихат науқаны кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қала мен 5 мыңнан астам ауылды аралады. Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат іс-шарасына 3 млн сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналды.

«Халықтық коалицияның жұмысы мұнымен аяқталмайды. Біз бәріміз Мемлекет басшысы жақтастарының командасында қаламыз. Коалицияға кірген барлық қоғамдық-саяси күш Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын және барлық саяси реформаны жүзеге асыруға белсенді атсалысады деп ойлаймын», деді Ерлан Қошанов.

Жиын барысында тұңғыш ғарышкер, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партия­сының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан Халық пар­тиясының басшысы Ермұ­хамет Ертісбаев, қоғам қайрат­кері Жақсыбек Құлекеев, Қазақ­станның Азаматтық Альян­сының президенті Бану Нұрғазиева, Қазақстан Жазушы­лар одағының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек, Павлодар облыстық қоғамдық штабының басшысы Илья Теренченко және «Qazaqstan Team» жастар бір­лестігінің басшысы Олжас Сүлейменов және коалицияның басқа да мүшелері сөз сөйледі.