Аймақтар • 28 Қараша, 2022

Ағыбай батырдың 220 жылдық мерейтойына орай дөңгелек үстел өтті

488 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде 15 қараша – Батырлар күніне орай жарияланған «Батырлар мұрасы» онкүндігі аясында биылғы жылы мерейтойы аталып өтіп жатқан Ақжолтай Ағыбай батырдың  220 жылдық  мерейтойына орай «Ағыбай батыр – ел қорғаны» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шарада Ағыбай батырдың өмірі мен ел қорғаудағы еңбегі сөз болды.

Ағыбай батырдың 220 жылдық мерейтойына орай дөңгелек үстел өтті

Айта кету керек, батыр - өз заманында ел қорғауда үлкен қажыр-қайратымен танылып, отарлық езгіге қарсы күресіп, үш жүздің басын біріктірген қазақтың соңғы ханы  Кенесары Қасымұлының сенімді серіктерінің бірі. Ел арасында ұрыста, жорық-жортуылда үнемі жолы болатындықтан «Ақжолтай батыр» атанған.

Сонымен қатар ол есімі ұранға айналған дарынды қолбасшы. Қазақ жерін отарлық езгіден қорғауды алдына мақсат еткен батыр Қарқаралы аймағында патшалықтың отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласып, 1826-1846 жылдар аралығында отаршылдардың әскеріне бірнеше рет күйрете соққы берді. Ал Кенесары Қасымұлы өмірден өткен соң қазақтың азаттығы жолында күресін тоқтатпай, Сыздық төре қолының құрамында әскери қимылдарды жүргізген.

Жиналғандарға батырдың осынау ел алдындағы еңбегі жайлы университеттің тарих кафедрасының оқытушысы Н.Ошан, студенттер Б.Сахабай, Ш.Тұрғын, А.Ғалым, Ж.Бауыржан, М.Дүкенбай, А.Тұрарбек, Ж.Жанатбек, А.Әуелхан, Д.Жексенбай, Ә.Мұрат және шараға арнайы қатысқан қонақтар Қарағанды Университетінің тарих факультетінің деканы  Ж.Жұмабек, Ағыбай батырдың ұрпағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Б.Исмак айтып берді.

«Батырлар мұрасы» онкүндігі шарасы аясында жоспарланған шаралар Батырлар институтының көрнекті өкілдері қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына, Есет батыр Көкіұлының  355 жылдығына, Ағыбай батырдың 220 жылдығына, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметтің туғанына 100 жыл толуына орайластырылып отыр. Айта кету керек Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі шеңберінде қолға алынған онкүндікті ұйымдастыруға мұрындық болған қаламыздағы «Qazaq club» мүшелері өткен жылы «15 қараша - Батырлар күніне» орай қазақтың әскери мұрасын насихаттайтын «Жауынгерлік Даңқ» лентасының тұсаукесерін өткізген болатын.