ANTIKOR • 28 Қараша, 2022

Бизнеске заңсыз араласудың 72 фактісі анықталды

118 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Агенттік Төрағасының орынбасары Асхат Жұмағалидің басшылығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыс тобының және «Атамекен» Ұлттық палатасының кезекті кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ANTIKOR-ға сілтеме жасап.

Бизнеске заңсыз араласудың 72 фактісі анықталды

Жиынға «Атамекен» Ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебай, «Атамекен» Ұлттық палатасының құрылымдық бөлімшелері мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының басшылығы, сондай-ақ Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.

Отырыс барысында кәсіпкерлердің өзекті және проблемалық өтініштері қаралып, топ жұмысының алдын ала қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен міндеттер айқындалды.

«Аумақтық департаменттердің қылмыстық істері бойынша бизнестің қатысуымен тергеу әрекеттері едәуір қысқартылды, бұл Агенттік енгізген ведомстволық бақылау тетігінің нәтижесі. Бизнеспен мыңнан астам тергеу әрекеттерін жүргізуге жол берілмеді, бұл кәсіпкерлерді тергеу кабинеттеріне баруға, іс жүргізу іс-шараларына қатысуға артық уақыт жұмсаудың алдын алады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңсыз араласу және бизнеске қысым жасау фактілерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде», делінген агенттіктің хабарламасында.

Хабарланғандай, жыл басынан бері осыған ұқсас 72 факт анықталды, олар бойынша 165 сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәтижесінде 112 лауазымды тұлға әшкереленіп, оның 65-і сотталды.

Заңсыз әрекеттердің көпшілігі пара алумен байланысты, соның ішінде орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою, рұқсат құжаттарын беру және басқалары жатады. Олардың жалпы құрылымдағы үлес салмағы 80%-ды құрады.

Сондай-ақ отырыс барысында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

Соңғы жаңалықтар