Медицина • 28 Қараша, 2022

Жөтелге жеңіл қарамаңыз

758 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде суық тиіп, тыныс жолының қабынғанын тұмаумен шатастырамыз. Алайда дәрігерлер бұл көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа да микробтардың әрекеті болуы мүмкін екенін айтады.

Жөтелге жеңіл қарамаңыз

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Астана қаласының тұрғыны Ролан Серіков тұмаудан әзер айыққандардың қатарында. Оның айтуынша, беті жаман құрғақ жөтел, буындарының сырқырап қақсауы бір айналдырғанда шыр айналдырып, құтын қашырған. Сондай-ақ ол: «Бір айда жақындарымның жартысынан көбі тұмаумен ауырып шықты. Бірақ әркімде әрқалай өтуде. Әлі ауырып жатқандары бар. Тіпті кейбірі кеудесін көтере алмай, жөтелуден жалықса, енді бірі ыстығы көтеріліп, мазасыз күйден арыла алмай әлек. Дәрігерге қаралғандардың көбісі пневмония деген диагноз алған. Ал мен өздігімнен суыққа қарсы дәрі-дәрмек ішіп, әзер сауықтым. Бұрын тұмаудан тез айығатын едік», дейді.

Бұл – бір адамның ғана пікірі емес, жалпы халық көкейіндегі сауал. Меди­цина мамандарынан жауап іздеп көрген едік. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ДСӘДМ штаттан тыс инфекционист дәрігері Бақыт Көшерова қазіргі жағдайда респираторлық инфекциялармен сырқаттанудың маусымдық өсуі байқалғанын айтып, оның негізгі көріністері – дене температурасының жоғарылауы, тамақтың қышуы, жұтыну кезіндегі ауырсыну, мұрыннан су ағу, сирек жөтел, бактериялық инфекция кезінде жөтел күшейіп, түс өзгеруі, ентігу пайда болатынын айтады. Сондай-ақ ол жөтел пайда болғанда адамдарға мына жайттарды білген дұрыс дейді.

– Коронавирус инфекциясынан кейін иммунитет күрт төмендейді. Вирустық және бактериялық инфекциялар аурудан соң қалпына келмеген органдар мен жүйелерге тез сіңіп кетуі мүмкін. Осы­лайша, жөтел сияқты белгілерді ұзартады. Сондай-ақ бізде созылмалы тыныс алу ауру­лары (COPD) бар науқастар бар, оларда жөтел де жетекші симптом болып саналады. Жөтел кез келген ілеспе инфекция­мен патогономоникалық симп­том және пневмониямен, ентігумен бірге жүреді. Науқасты кейде жеңіл жөтелдің өзі әлсіретуі мүмкін. Жөтел әр түрлі жағдайда болғандықтан, онымен күресу кейде жеке тәсілді қажет етеді. Жөтелді емдеу үшін алдымен жағым­сыз симптомның түрін анықтау керек. Әйтпесе, қате емдеу қаупі жоғары. Бұл асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін, – дейді Бақыт Нұрғалиқызы.

Жөтел тек тұмау ғана емес, әртүрлі ауруларға шалдыққанда мазалауы мүмкін. Кей адамдар көбінесе дәріханадан жөтелдің дәрісін алып, өз бетінше емделгісі келеді. Мұндай қадам аурудың асқынуына әсер етеді.

«Rashmed» Қазақ медицина орталы­ғының бас дәрігері Рашхан Сыдай­қызы: «Өткенде тез таралған вирустық тұмауда дене қызуы көтерілмесе де, тамақтан ұстады. Кеңірдекте вирустар ұзақ тұратындықтан, тамақ ауырып, жөтел пайда болып, асқынған соң дене қызуы көтеріліп жатты. Тұмауға тек вирус деп қарауға болмайды. Жөтелді уақытында тоқтатпаса, пневмонияға ұласады. Яғни тамақ қабынғаннан бронхы зақымданып, ол асқынғанда вирустар екі өкпеге түседі. Сондықтан өз бетінше емделу ауруды ушықтыруы мүмкін. Сондай-ақ үй жағдайында дерттің бетін қайтаруға болады. Бұл үшін ең бірінші дұрыс тамақтану арқылы иммунитетті көтеру керек. Қойдың құйрық майын, сорпасын ішу, сарымсақты қайнатып, суын ішу – вирустың алдын алуға сеп болады. Коронавирус басталғалы бері бактериядан сақтанудың небір жолдары айтылуда. Соның бәрі осы тұмаудың алдын алу жолдары. Жөтел пайда болып, жайсыздана бастағанда-ақ жылы суды көп ішсеңіз аурудан айығуға болады», дейді. Cондай-ақ ол әр үйдің дәрі қобдишасында аспирин, парацетамол дәрілері міндетті түрде болу керектігін айтады. Қан қысымы, жүрек аурулары бар жандар жөтелгенде қан қысымы көтерілетінін, жүрекке күш түсетінін ескертеді.

Сонымен дәрігерге қандай жағдайда қаралған дұрыс? Егер жөтел екі аптадан астам уақытқа созылса, қақырықта ірің болса, жөтелден басқа, ентігу белгілері, өкпеде сырыл естілсе және қалыпты тыныс алу процесінің бұзылуы байқалса, бірден дәрігер көмегіне жүгіну керек.

Ал білікті дәрігер Бақыт Көшерова, егер ол жедел тыныс алу ауруының (ЖРВИ) симптомы болса, құрғақ жөтелмен өздігінен күресуге болатынын, егер жөтел ауыр патологияға байланысты пайда болса, онда емдеуді тек дәрігер тағайындай алатынын айтады. Науқастың жөтелі құрғақ болмаса, онда емдеу тактикасы сәл өзгеше болады. Оның айтуынша, науқас тым жылы бөлмеден сақ болуы керек. Егер бөлмеде +18°C+22°C температура сақталса, науқастың сауығуы айтарлықтай тиімді болмақ. Сондай-ақ ингаляцияны науқаста жоғары температура болмаған жағдайда ғана жүргізу керектігін айтады.

Ал Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанова елімізде тұмаудың 865 расталған зертханалық дерегі тіркелгенін, тұмауға ұқсас вирус­тардың да таралып жатқанын және аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі вакциналау екенін алға тартады.

Ресми дерекке сүйенсек, тұмауға қарсы вакцина республика бойынша 2 136 575 адамға егілген.     Бүгінгі таңда нарықта дәрі-дәрмектердің үлкен ассортименті бар. Дегенмен, дәрілердің пайдалы жағымен қатар қарсы көрсеткіштерін білмей, өз бетіңізше дәрі сатып алып, денсаулығыңызға зиян келтіруіңіз де мүмкін. Сонымен қатар қаражат жағынан да шығынданасыз. Жалпы, дәрігерге уақтылы бару және қажет дәрі-дәрмектің рецептін алу өте маңызды. Өзін өзі емдеу ауруды асқындыратынын әрдайым есте ұстап, жақындарыңызға қамқор болуды ұмытпағайсыз!