Отырысқа қатысқан Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев екі елдің экспорттық әлеуеті және экспорттаушыларды қолдау шаралары туралы баяндады.
– Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың жаңа және қолданыстағы салаларын кеңейту маңызды. Сонымен қатар Жаһандық энергия тасымалдаушылардың біріне айналатын жасыл сутегі және әлемдік экономиканың жаңа бейнесі болатын жаңа энергия көздерін қарастыру керек. Қазақстан Канадамен ауыл шаруашылығы саласында белсенді әріптестікті дамытуға мүдделі, – деді Қ.Төребаев.
Сонымен қатар вице-министр Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдаудың толыққанды экожүйесі қалыптасқанын атап өтті.
– Қазақстанда экспорттаушыларды қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шаралары қарастырылған. Мәселен, биыл Alibaba.com-нан Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Бүгінде оған 7,5 мыңнан астам тауар шығаратын 130 отандық компания кіріп отыр. Сервистік қолдау аясында өзара тауар айналымын арттыруға көмектесетін сауда-экономикалық миссиялар, көрмелер, ұлттық стендтер ұйымдастырылуда. Аталған іс-шараларға 157 қазақстандық өңдеуші компания қатысып, 335,6 млн долларға 60-тан астам экспорттық келісімшарт жасалды. Экспорттаушыларды қолдаудың қаржылық шараларына келетін болсақ, тәуекелдерді сақтандыру, экспорттық операцияларға кепілдік беру және субсидиялау арқылы сыртқы нарықтарда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету қарастырылған, – деді вице-министр.
Еске сала кетейік, Іскерлік кеңесті Қазақстан тарапынан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Ержан Мұқанов басқарады. Ал Канада тарапынан Cameco Corporation президенті Тим Гитцель төрағалық етеді. Е.Мұқановтың пікіріне ден қойсақ, Қазақстан мен Канаданың өзара тиімді ынтымақтастығы екі ел үшін мұнай және тау-кен металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика сияқты маңызды бағыттарда белсенді дамып келеді.
– Екі ел арасындағы тауар айналымы үнемі өсіп келеді. Бұл біздің мүмкіндіктерімізді іске асыруда айтарлықтай әлеуеттің барын көрсетеді. «Қазатомөнеркәсіп» пен Cameco екіжақты диалог алаңын басқару құрметіне ие болды. Екі компанияны 1996 жылы «Инкай» бірлескен кәсіпорнының құрылуынан басталған көпжылдық жемісті ынтымақтастық байланыстырады. Содан бері ол жемісті ынтымақтастықтың жарқын мысалына айналды. Компания қауіпсіздік пен корпоративтік мәдениеттің ең үздік стандарттарын сақтай отырып, корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетіп келеді. Уран өндіру өзара тиімді ынтымақтастықтың жалғыз бағыты емес екенін атап өткен дұрыс. Іскерлік кеңес ынтымақтастық бағыттарын одан әрі әртараптандыруға ықпал ететініне және екі елдің экономикасының дамуына елеулі серпін беретініне сенімдімін, – деді Е.Мұқанов.
Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдиновтің пікіріне қарағанда, екі ел арасындағы тауар айналымы барынша жемісті әрі жедел дамып келеді.
– Өкінішке қарай, 2020 жылғы көрсеткіштер пандемия салдарынан құлдырағанын атап өтуге тиіспіз. Былтырғы жыл жаман болмаған секілді. 2021 жылы Канададан 380 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция тарттық. Ал тауар айналымы 700 млн доллардан асты. Атап өтерлігі, біз былтырғы жылдың межесін осы жылдың қаңтар-тамызында басып оздық. Демек жыл қорытындысы бойынша тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізетін мүмкіндік бар. Елдер арасындағы байланыстың бағыттары сан алуан. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығынан басталып, ғарыштық технологияларға дейін жалғасады, – деді А.Камалдинов.
Қазақстаннан Канадаға бағытталған экспорт көрсеткіші де жаман емес. Осы жылдың қаңтар-тамызында аталған көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 3,6 есеге өсіп, 609,2 млн долларды құраған. Қазақстан Канада нарығына уран жеткізетін маңызды серіктес саналады. Бізде өндірілген уран Канадада одан әрі өңделеді.
Сонымен қатар Іскерлік кеңестің отырысы барысында тараптар екіжақты сауданың әлеуетін талқылап, өндіру, авиация, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау секторлары бойынша жұмыс топтары отырыстарының есептерін қарады.