Егемен Қазақстан • 28 Қараша, 2022

Ақиқаттың ай дидары – баспасөз

232 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда «Egemen Qazaqstan» журналистері киелі Көкше өңірінде болып, оқырмандармен жүздесіп қайтты. Тау басынан құдық қазғандай қияпат еңбекпен көз майын тауысып, елдің шөліркей іздеген рухани азығын тауып беріп отырған газет редакциясы мен көзіқарақты оқырман арасындағы байланысты барынша өрістетіп, жандандыра түсу өте қажет. Бүгінгі оқырман нені қалайды, қай тақырыпты оқығысы келеді? Мұны да білген жөн.

Ақиқаттың ай дидары – баспасөз

Серіктестік бас директорының бірін­ші орынбасары Владимир Курятов пен «Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміреновамен кездесті. Кездесу бары­сында Алтынай Байқадамқызы ел га­зеті «Егемен» мен «Казахстанская прав­да» газеттерін үзбей оқитындығын және қос басы­лымның мазмұны мәнді, оқыр­­манға олжа салар дүниесі қат-қабат екенін тілге тиек етті. Жаңа Қазақ­стан­ның рухани жаңғырып, кемелдену­дің келесі кезеңіне аяқ басқан, барынша әділетті қоғамды жақсылыққа жетелеу, игі істерге ұмтылдыру, ортақ ша­руа­ны бірлесе қолға алу бағытында ха­лық­ты топтастыруға зор үлес қосып жат­қан­дығы да айтылды.

Облыстың тыныс-тіршілігі де назардан тыс қалған жоқ. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше топырағын­да бүгінгі замандастарымыздың рухани көкжиегін кеңейтетін, елдің өткен тарихын тереңнен сабақтап, бүгінгі күннің кәдесіне жаратуға бағытталған жұмыс жүргізілуде. Шалғайдағы ша­ғын ауылдарда кітапханалар жұмыс істеуде, көркемөнерпаздар үйірмелері ауыл-аймақтағы жалпақ жұрттың жан дүниесіндегі өмір шоғын өнер қоламтасымен қыздырып, күн астында күліп жүруге ықпал етуде. Енді осы мол шаруаға «Егеменнің» ел ішіндегі ықпалы мен осы бағыттағы ыждағатын қоссаңыз, адам айтқысыз алапат күшке ие болар еді.

– Жалпы, газеттің жас буынды қалып­­тастыруға айтарлықтай ықпалы бар, – дейді қарт ұстаз Рауза Бәйкенова. – Біздің буын газетпен тәрбиеленді. Ел егемендік алған елең-алаң шақта Көк­ше­тауда мұсылман әйелдер лигасы дей­тұғын ұйым құрдық. Кеңес зама­нын­дағы уақыттың тозаңы басқан шын­дықтың дидарын көру үшін көп адамның көкірек көзін аршу керек еді. Сол сәтте еліміздің бас газетінің өте үлкен пайдасы тигендігін айтуымыз керек. Тарихи шындықты, ақиқаттың ай дидарын осы газеттен көрдік емес пе? Құтты бір шөліркеп келіп, мөлдір бұлақтан нәр татқандай болып едік. Сол нәр бойымызға өлшеусіз күш-қуат берді, қазір де солай. «Egemen Qazaqstan» газетінде кешегі зар заман, ақтаң­дақ­тардың ақиқаты туралы жиі жазылады. Тарлан тарихтың тағылымы да осында. Бүгінгі күннің беталысы, қоғамның даму жолы да тайға таңба басқандай мөлдіреп тұр. Демек, білім ошақтарындағы ұстаздардың газетті жаздырып алып оқитын әбден реттері бар. Мен де ұстазбын. Тарихи еңбектерді жоққа шығару емес, газеттің жеделдігі, уақытпен бірге қадам баса білетіндігін айтқым келіп отырғаны.

Көкшетау қаласының әкімі Бауыр­жан Ғайса облыс орталығында респуб­ликалық қос басылымның оқырманы аз еместігін айта келіп, жақсылықтың жаршысы, өткеннің жоқтаушысы болып отырған журналистер қауымының жанкешті еңбегіне алғысын білдірді.

Біржан сал ауданы – Көкше өңіріндегі жергілікті ұлт көп шоғырланған өлке. Қазақылығы да мол. Күні кеше Алаштың ән әлеміне өлмес, өшпес мұра қалдырған Біржан салдың елі емес пе?! Жөкейдің жағасына жарыса біткен мәңгі жасыл қарағайлардың ұшар басы Көкшенің самал желімен тербеле жайқалып, салдың әнін салып тұрғандай.

– Ел газеті «Егеменнің» Алаштың рухани әлеміне өлшеусіз нәр беріп отырғандығы сөзсіз, – дейді аудан әкімі Дос­танбек Есжанов. – Біз аудан кәсіп­керлерін жұмылдырып, ардагерлерді, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адам­дарға республикадағы маңдайалды екі басылымды жаздырып беру жағын ой­ластырудамыз. Қолы қысқа адамдар ойлы сөзбен өрілген парасатты басылымнан құр қалмауы керек қой. Аудан­дағы мәдениет ошақтары, кітапханалар, мемле­кеттік мекемелер міндетті түрде жаз­дырып алады.

Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейітовтің де пікірі осы арнада. Сөз арасында аудан әкімі қос басылымды үзбей оқитындығын, тартымдылығын тілге тиек етті. Газетке де, елге де жана­­шырлық жасау үшін көпшілікке көмек­тесудің оңтайлы жолдарын іздестіре­тінін айтты.

Бүгінде әлеуметтік желінің айы оңы­нан туып тұрғандығы белгілі. Бірақ шырайы кем шулы сөз, дақпырты мен дауы жыртылып айырылады. Әйтеуір, ат шығарсам, көп көңілін аудар­сам деген ниетпен жалғандықтан да бас тартпайды. Түптің түбінде аталы сөз айтатын, ақиқаттың ауылынан қылдай ауытқымайтын басылымдардың бәсі артатындығына сенімді. Газет өкіл­дері замана талабына сай әлеуметтік желілерін жетілдіріп жатқандығына тоқталды. Бұл да – уақыт талабы.

Егемендіктер облыстық телеарнаға сұхбат берді. Қырық жылға жуық хал­қына газет арқылы қызмет етіп келе жат­қан Самат Сабағатұлы қазақ баспа­сөзі­­нің бүгінгі жай-күйі, сан алуан тақы­рыбы, ­­ел газеті «Егеменнің» еңселі мін­дет­­тері жайында әңгіме қозғаса, бас дирек­тор­дың бірінші орынбасары Влади­мир Курятов жаңа заманның жосығы ­жа­йын тәптіштеп түсіндірді. Түгел сөздің түбі әсіресе аға буын үшін қолмен ұстап, көзбен көретін қағаз басылымның артық­­шылығына тірелді. Жалғыз аға буын ғана емес, жастардың арасында да қа­ғаз газетті артық көретіндер аз емес.

Қара ормандай қалың оқырманымен кездесулер барысында екі жаққа пайдалы пікірлер айтылды.

 

Ақмола облысы