Қоғам • 29 Қараша, 2022

Басты назарда – жауынгерлік дайындық

253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбас­шы­сы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Ор­ман­­бетов Алматы және Жетісу гарнизондары бө­лім­ше­лерінің қысқы оқу кезеңіне дайындығын тексерді.

Басты назарда – жауынгерлік дайындық

Кешенді комиссия Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында әскери бөлімдер мен бөлімшелердегі объектілердің, қару-жарақтар мен әскери техникалардың жай-күйін, оқ-дәрілердің сақталуын, жауынгерлік кезек­шілік пен әскерлер қызметін ұйымдастыру мәселелерін зерделеді.

Жетісу гарнизонындағы авиациялық базада ұшу және инженерлік-техникалық құрамдардың, әсіресе ұшқыш-нұсқаушылардың, сондай-ақ қамтамасыз ету бөлімшелерінің дайындық деңгейі тексерілді. Авиациялық техниканы қысқы пайдалану режіміне көшіру бойынша маусымдық жұмыстардың орындалу сапасына баса назар аударылды.

Әуе қорғанысы күштерінде жаңа оқу кезеңінде жауынгерлік даярлықтың қарқындылығын арттыру көзделіп отыр. Ұшу құрамының ұшу сағаттары, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлім­шелерінде – әуе кеңістігін қорғауға бағытталған арнайы жаттығулардың көлемі ұлғайтылады. Бұл ретте барлық санаттағы жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыруға, ұшу аппараттарына, қару-жарақ жүйелері мен әскери техникаға апатсыз қызмет көрсетуге ерекше назар аударылмақ.

Комиссия мүшелері мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, жас лейтенанттар және әскери оқу орындарының сержант түлектерімен кездесті.

Әуе қорғанысы күштерінің барлық бөлімдері мен бөлімшелерінде жауынгерлік дайындық қарқынды түрде жүргізілмек. Ұшу және инженерлік-техникалық құрам оқу-жаттығу ұшулары кезінде өз шеберлігін ұдайы жетілдіріп отырады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жеке құрамы тәулік бойы елдің әуе кеңістігін бүркемелеу шараларын орындайды.