Таным • 29 Қараша, 2022

Саратовта оқыған қазақтар

1091 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елімізде 2019 жылы «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасы қолға алынып, алыс-жақын шетел архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты істерден көшірмелер алына бастаған болатын. Өкінішке қарай, 2020 жылы әлемді әбігерге салған Covid-2019 бағдарламаны тоқтатып тастады. Араға екі жыл уақыт салып қана жұмыс жалғасты. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві Әлеуетті зерттеулер орталығының басшысы, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова мен осы орталықтың аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов 2022 жылдың 11-25 мамыр аралығында Ресей Федерациясының Саратов қаласы архивінде жұмыс істеген еді. Төменде осы сапарда табылған тың мәліметтерді оқырманға ұсынып отырмыз.

Саратовта оқыған қазақтар

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Алаш қайраткері Ахмет Байтұр­сынұлы «Қазақ – жоқ іздеген халық» деп жазған еді. Өйткені сайын даланы отарлау саясаты кезінде талай-талай рухани және материалдық мұрамызды сырт көз тасып әкеткен, небір құнды­лықтарымыздан айырылғанымыз тари­хи шындық. Тіпті осы уақытқа дейін сол рухани қазынамызды түгендеумен, іздеумен келеміз.

Шетел архивінде жатқан істерді түгендеу мәселесі өткен XX ғасырдың 30-60 жылдары да көтеріліп, бірақ кеңестік идеология мен кертарт­па саясаттың әсерінен қазақ тарихына қатысты құжаттарды орталық архив­терден қайтару немесе көшірмесін алу жұмысы аяқсыз қалған еді. 2004-2014 жылдары алыс-жақын шетел архив­терінен, ғылыми мекемелер мен кітапханалардан ұлт тарихына қатыс­ты қандай да бір құжат іздестіру, көшір­месін алу, ғылыми айналымға енгізу жұмысы «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағ­дар­ламалармен жалғасты. Шетел архи­вінде сақтаулы жатқан бұл құжат­тар бізге сол кезеңнің толық суретін ұғыну, тарихымызды түгендеу үшін қажет-ақ.

...ХХ ғасыр басындағы қазақ интел­лигенциясы саны жағынан көп бол­ған жоқ. Қазақстанда орта білімді мұғалімдер даярлайтын бірлі-жарым курстар мен училищелер болмаса, арнайы оқу орындары болған емес. Түрлі мекемелерде, әкімшілік орындарда қыз­мет жасаған қазақ мамандары негізі­нен Ресей оқу орындарында білім алды. Патша үкіметі қазақ халқының жалпы мәдени деңгейін өсіруге мүдделі болған жоқ, керісінше қараңғылықта ұстау пайдалырақ болды. Ал XIX ғасыр­дың соңғы ширегінен бастап қазақ даласын­да азын-аулақ ашыла бастаған орыс-қазақ мектептері мен гимназиялары жергілікті жұртты «Мұхаммед дінін уағыздау­шы молдалардың зиянды ықпалынан» сақтау үшін және сонымен бірге «далада орыс ықпалын» жүргізу үшін керек еді.

Алайда отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орын­ды қазақ жастарына да бөлуге мәжбүр бол­ған. Өйткені жыл өткен сайын бас­қару жүйесінде ұлттық кадрларға мұқ­таждық артты. Осы мақсатта генерал-губернаторлықтар кеңсесі жанынан қазақ студенттеріне жылына 3-4 сти­пен­дия белгіленіп отырды. Міне, осы бел­гіленген қаржыға сүйеніп, қазақ жас­тары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орын­бор, Омбы, Киев сияқты қалаларда түрлі мамандық бойынша білім алды.

XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында қазақ мамандарын даярлауда Ресейдің Қазан, Санкт-Петербург, Томск және Саратов қалалары айтар­лықтай үлкен орталыққа айналды. Оны мына кестеден байқауға болады:

Универ-ситеттер

Факультетте оқыған қазақ студенттерінің саны

заң

шығыстану

Физика-математика

дәрігерлік

Тағы басқа

Санкт-Петербург

15

4

1

 

 

Қазан

18

 

 

12

 

Саратов

 

 

 

6

 

Томск

4

 

 

3

 

Барлығы

37

4

1

21

 

ХІХ ғасырдың аяғында Саратов Волга бойының жалпы мойындалған астанасы болды. 1897 жылғы халық санағы бойынша Саратовта 137 147 адам тұрды, яғни сол кездегі тұрғындарының саны бойынша Санкт-Петербург пен Мәскеуден кейін үшінші орында тұрды. «Еділ бойының астанасы» мәртебе­сінің арқасында қалада бірінші орыс ұлттық циркі ашылды. Ресейдегі алғашқы қо­ғам­дық өнер музейі, провинциядағы алғашқы консерватория және универ­ситеттің ашылуына әсер етті.

Саратов ірі қала болды. Қала­ның атауы қазақтың құлағына жа­қын еді. Орманды дала өлкесінің табиғи-климаттық жағдайы да қазақ­тар­дың өмір сүру ортасымен бірдей болып шық­ты. Осы өңірдегі көптеген шаһар секілді, Саратовта да өмірлік ма­ңыз­ды әлеуметтік салаларда татар эле­мен­тінің басымдығы сақталды. Хал­қы этникалық және конфессиялық әр­түр­лі болса да, қазақ халқы Саратов – Сарытау қаласын ислам өркениеті орталықтарының бірі деп санайтын. Бұл стереотипті әлеуметтік процестердің барлық динамикасы белсенді түрде қолдады. Атап айтқанда, бұл кезеңде татар өкілдері Орал, Торғай, Ақмола облыстары қалалары мен қазақтар­дың этникалық территориясының ішін­ара басқа аймақтарындағы халық­тың едәуір бөлігін құрады. Татар өкіл­дері ислам мәдениеті элементтерін, татар әдебиетін, әртүрлі оқыту әдістерін таратуға жігерлі үлес қосты.

1909 жылы 6 желтоқсанда Саратов университеті салтанатты түрде ашыл­ды. Оған империя азаматтары да, уни­верситеттер де, Саратовқа өз деле­га­циясын жіберген бірқатар шетелдік уни­верситеттер де үлкен назар аудар­ды. Университетке ең алғаш 92 студент пен 15 ерікті қабылданды. 27 қазанда жеке тұлғалардың, басқа кітапханалар мен университеттердің қайырымды­лық көмегімен университеттің өз кітапхана­сы ашылды. Саратов императорлық Николаев университеті бүкіл Оңтүстік-Шығыс Ресейдің оқу-ағарту орталығы­на айналды. Онда Саратов губерниясы­нан басқа, Самара, Астрахань, Пенза, Орынбор губернияларынан, Бөкей ор­дасы мен Орал облысынан келген сту­денттер білім алды.

1914 жылы Саратов университе­ті­нің медицина факультетін дәрігер мамандығымен бітірушілер саны 107 адам болды. 1914 жылға дейін медицина факультетіне тек ер адамдар қа­был­дан­ды. Бірінші дүниежүзілік со­ғыстың басталуына байланысты әскери және тыл госпитальдарында дәрі­герлер жетіспей, Халық Ағарту министрі бос орындарға әйелдерді қабыл­дауға мәжбүр етеді. 1915 жылы Императорлық Николаев атындағы Сара­тов университетіне 36 студент қыз және 2 ерікті қабылданды. 1917 жылға дейін университеттің медицина факультетін 600 адам бітіріп шыққан.

Саратов облысының мемлекеттік архиві құжаттарына қарағанда, Қазан төңкерісіне дейін Саратов универ­си­тетінде 6 қазақ оқыған. Олар – Есенғұ­лов Ғұмар Қожахметұлы, Ниязов Мирах­мед Жүсіпұлы, Жүсіпғалиев Батырғали, Бисенов Бақтығали, Шұғылов Ықылас, Қасаболатов Есенғали. Бұл студенттер­дің жеке істерінде құнды өмірбаяндық мәліметтер, жоғары оқу орнына дейінгі білім туралы деректер, отбасылары­ның тұрғылықты жері туралы мәліметтер, жергілікті атқарушы органдар мен гим­назиялар басшылығының универ­ситет әкімшілігімен ресми хат алмасу­лары бар. 6 студент те сол кездегі жалғыз ме­ди­циналық факультетте оқыды.

Қазақ студенттерінің таңдауы саналы болды, өйткені қазақ қоғамында емшілік қасиет әрқашан жоғары бағаланған. Сонымен қатар қазақ даласында аттес­тациядан өткен қазақ дәрігер өте тапшы болды. Орыс ұлтты мамандар клима­ты күрт континенттік қазақ даласында жұмыс істеуге құлшыныс танытпады, оның үстіне олар қазақ тілін білмейтін. Айта кету керек, қазақ арасында бақсы-балгер, халық емшілері көп бол­ғанымен, ХХ ғасырдың басынан бастап қазақ халқының едәуір бөлігі еуропалық меди­цинаның сөзсіз артықшылығын мойындап, соған бет бұрды.

Біз айтқан болашақ алты дәрігер де Батыс Қазақстанның тумалары еді. Атап айтқанда, Мирахмед Ниязов, Батыр­ғали Жүсіпғалиев – Бөкей Ордасынан, Ғұмар Есенғұлов, Бақтығали Бисенов, Ықлас Шұғылов, Есенғали Қасаболатов – Орал облысынан. Бұл студенттер Саратовты географиялық жақындығы­на байланысты таңдады. Екіншіден, болашақ дәрігерлердің басым бөлігі, яғни Бақтығали Бисенов, Ғұмар Есен­ғұлов, Есенғали Қасаболатов, Ықылас Шұғылов – Орал әскери-реалды учи­ли­щесінің түлектері болатын. Бір қы­зығы, әскери училищеде шет тілдері, атап айтқанда латын тілінің сөздік қорын қамтитын неміс және француз тілдері оқытылды. Ал латын тілі меди­цинада кеңінен қолданылды, оған қоса университеттің емдеу факультетіне түсу үшін латын тілінен емтихан тапсыру қажет болды. Болашақ дәрігерлер учи­лищеде шет тілдерін жақсы меңгерді. Бөкей Ордасының тумалары Мирах­мед Ниязов пен Батырғали Жүсіпғалиев Астрахань гимназиясында оқып, оқу бағдарламасында латын тілін меңгерген.

Студенттердің жеке істерінде көр­се­тілгендей, барлық қазақ талапкер гим­назия мен училище аттестатында оң бағасы басым, еңбекқор және тәртіпті студент ретінде сипатталған. Оның үстіне, Саратовқа келгенге дейін-ақ бұл жастар қалалық ортада өмір сүруге икем­делген болатын. Олардың орыс тілін жақсы білуі, толерантты көзқа­ра­сы үлкен қаланың тұрмыс-тіршілігіне тез бе­йімдеді. Тек бір қиындық – уни­вер­си­тет студенттері баспанамен қам­тыл­майтын. Олар баспананы өздері іздеуге мәжбүр болды. Барлық қазақ сту­денті жалдамалы пәтерде тұрды. Бұл айтар­лықтай қаржы шығынын талап етті.

Еділ бойы астанасындағы сту­дент­тердің көпшілігі қазақ қоғамының аз қамтылған тобынан шыққан еді. Сондықтан олардың оқуы қаржылық қиындықпен қатар жүрді. Мирахмед Жүсіпұлы Бөкей Ордасының ханы Жәңгір ханның ықпалды серігі, ноғай-қазақ руының басшысы Шомбал Ниязов­тың немересі және әскери стар­шина Жүсіп Ниязовтың ұлы болға­нымен, қаржылық қиындықты ол да бастан кеш­кен. Өйткені ол әкесінен ерте айыры­лып, жартылай жетім өсті.

Материалдық және қаржылық мәселе қазақ студенттерінің оқуына айтар­­лықтай кері әсерін тигізді. Тұрақты қар­жы тапшылығы сапалы білім алуға кедергі болды. Мұны архив қо­­рын­да сақталған құжаттар көрсетеді: қазақ студенттерінің көпшілігі қанағат­танар­лық баға алған. Мысалы, студент Бисенов сырқатына байланысты емти­ханды уақытында тапсыра алмаған. Сөйтіп Бисенов оқуды кейінге қалдыру туралы өтініш жасаған. Бақтығали Бисе­нов тек 1917 жылы нау­рызда дәрі­гер дәрежесін алу үшін сынақ тапсы­рып, барлық емтиханда қана­ғат­танар­лық баға алған.

Медицина факультетінде оқу әрқа­шан күрделі. Оқу бағдарламасында мине­ралогия, физика, бейорганика­лық хи­мия, органикалық химия, ботаника, зоо­логия, сипаттамалық анатомия, эмбрио­логия мен гистология, физио­логия, физио­ло­гия­лық химия, фарма­когнозия мен фар­ма­ция, жалпы пато­ло­гия, бактериология, патологиялық анато­мия және гистология, минералды суларды құрастыру және зерт­теу фар­ма­кологиясы, гигиена, сот меди­ци­насы, медицина тарихы, оперативті хирургия секілді 27 пән жүретін. Хирур­гиялық аурулар, балалар, ішкі, жүйке және психикалық аурулар, көз, тері, гине­кология ілімі мен акушерлік, құ­лақ, тамақ және мұрын клиникасы мен теориясы секілді сабақтар тағы бар. Бұл пәндердің басым көпшілігі гим­назиялар мен реалды училищелерде оқытылмайтын, тың әрі қиын сабақтар болатын.

Осылардың арасынан үш қазақ сту­денті аймақтық билік орындарынан сти­пендия алды. 1910 жылы Орал облысы әкім­шілігінен Ғұмар Есенғұлов пен Бақ­тығали Бисеновтің әрқайсысы­на 350 сом берілсе, 1913 жылы Бөкей Ордасының әкімшілігі Батырғали Жүсіп­­ғалиевке 300 сом стипендия таға­­­йындады. Патша үкіметі қазақ сту­денттерін қалыптастыру үшін осын­дай бастама жасап, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан студенттерді қаржылай қолдады. Бұл шәкіртақы қоры земство жарналары есебінен қа­лыптасты. Бірақ земство қаржы қоры уақтылы жиналмай, шәкіртақы жиі кідіріп, ретсіз төленді.

Қаржы мәселесі университетті таң­дауға да ықпал етті. Мысалы, Ғұмар Есенғұлов пен Бақтығали Бисенов 1910 жылы Мәскеу университетіне оқуға түсуге өтініш берген. Бірақ кейін Орал облысы әскери губернаторы гене­рал-лейтенант Н.В. Дубасов оларға Саратов императорлық Николаев уни­верситетінде оқуға стипендия таға­йын­дады. Бөкейлік Батырғали Жүсіп­ға­лиев 1911 жылы Саратов универ­ситетіне оқуға қабылданып, бірінші курстан кейін 1912 жылы қыркүйекте Қазан уни­верситетіне, ал 1913 жылы қаңтарда Сара­тов университетіне оқу­­ға қайта ауы­сады, өйткені оған Бөкей ор­дасы әкім­шілігінің Саратов универ­ситетінің меди­циналық білімге оқуға гранты таға­йындалды.

Үнемі ақша тапшылығы, дәстүрлі ет тағамдарының жеткіліксіздігі, оқу қиындығынан туған күйзеліс даладан келген оқушылардың денсаулығына да әсер етті. Науқас студенттер дәрістерді, ең бастысы практикалық және зертхана­лық сабақтарды жиі қалдыруға мәжбүр болды. 1911 жылдың 4 қыркүйегінде сту­дент Бақтығали Бисенов Саратов универ­ситетінің ректоры, профессор Васи­лий Разумовский мен Қазан оқу округі­нің сенімді өкілі П.Погодиннің аты­на «сыр­қатыма байланысты емти­хан­дарды кейінге қалдыруды сұрай­мын» деп хат жазған. Ал Батырғали Жүсіпғалиев 1916 жылы 10 ақпанда іш сүзегі ауруынан, иммунитеті әлсіздіктен қайтыс болды.

Кейбір студент оқып жүріп отба­сын құрыпты. Мысалы, Есенғали Қаса­болатов 1912 жылы Саратов губер­ниясындағы татар шаруа отбасынан шыққан Бибі-Айша Мұхитдиноваға үйленген. 23 жастағы Қасаболатов­тың әйелі шаруаның 18 жастағы қызы болған. Неке қию мұсылман салтымен өтті. Есенғали Қасаболатовтың татар-мұ­сыл­ман отбасынан шыққан қызға үй­ленуі ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында әбден үйреншікті жағдай болатын. Бірақ студенттік отбасын құру қазақ арасында сирек еді. Ресей жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің басым көпшілігі жоғары білім алғаннан кейін үйленді.

Болашақ қазақ дәрігерлері өз елін­де қызмет етуді мақсат етті. Ауылдық жер­де кәсіби дипломы бар «Гиппократ антын» қабылдаған мамандар тапшы еді. Сондықтан Саратов университетін­дегі медицина факультеті түлектерінің барлығы қазақ губерниясына, көбіне­се өздерінің шағын отанына барып, практикалық дәрігер болып жұмыс істей бастады.

Қазақстан Республикасының Ұлт­тық архивтік қорына жаңа құжаттарды қосу үшін жүзеге асырылған, ұлт тари­хына қатысты тың құжаттарды анық­тау және цифрландыру мақсатында жүр­гізілген археографиялық экспедиция өз мақсатына жетіп, алдына қойған міндет­терін толық орындай алды.

р

о

шгор

 

Рашид ОРАЗОВ,

аға ғылыми қызметкер,

 

Светлана СМАҒҰЛОВА,

тарих ғылымдарының докторы