Қоғам • 30 Қараша, 2022

«Графтың» көмегі көп

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда полицейлері оқушының жоғалған телефонын иісшіл иттің көмегімен тапты.

«Графтың» көмегі көп

Полицияға 9-сынып оқушысының анасы хабарласып, қызының мектепте «iPhone 10» маркалы телефонын жоғалтып алғанын айтқан. Оқиға орнына құрамында арнайы үйретілген иттерді ерткен кинологтер, полиция қызметкерлері жіберілді. «Граф» атты қызметтік ит иіс арқылы телефонды қар астында жатқан жерінен тауып алды. Мектеп оқушысы гад­же­тін қалтасына салып, жолда байқаусызда түсіріп алған екен. Осы­лайша, 6 жылдан астам қызмет ететін қызметтік-іздестіру итінің көмегімен қысқа мерзімде телефон табылып, иесіне қайтарылды.

Жыл сайын қолданысқа заманауи технологиялардың енуіне қарамастан, қызметтік ит әлі де полиция жұмысын­да сұранысқа ие. Жануардың сезім мүшелері (тұмсығы мен құлағы) ешбір техниканың күші жетпейтін заттарды иіскеп, ести алады. Астана қаласы полиция департаментінің Кинологиялық қызметі орталығында 50-ден астам иісшіл ит бар. Шаһардың әр ауданында тәулік сайын кинолог мамандар кезекшілік етеді. Олар із кесу бағыты бойынша адам өлтіру, ұрлық, азаматтардың жоғалуы сияқты жұмыстарға тартылады. Кейде шұғыл шақыртулар түсіп, кинологтер есірткі қылмысына қатысты оқиғалардың басы-қасында жүреді. «Жарылғыш зат қойылған» деген ақпарат түссе, сол жақтан табылады. Барлық жағдайда ақпарат жалған болып шығады. Бірақ ғимаратты толық тексеріп шығу – кино­логтердің міндеті. Бұдан бөлек, ауқымды мәдени-спорттық іс-шара­лар өткізілмес бұрын нысан жіті тек­серіледі. Күндіз-түні, демалыс күн­де­рі де аяқтарынан тік тұрып, өз міндет­терін мінсіз орындауға атсалысып жүр.

Кинологиялық қызметі орталығын­дағы иттер негізгі 4 бағытқа жұмыл­дырылады. Бұдан бөлек, шабуылдау­шы, күзетші, патрульдік бағыттағы иттер де бар. Сәйкесінше, кинологтер сол бағытта дайындайды, үйре­теді. Негізгілері – жарылғыш затты анықтайтын, есірткіні іздейтін, із кесу және одрология бағыты.

Иттердің негізгі қызметтік тұқымы – овчарка. Бұл оңай үйретілетін әмбебап иттер, олар кез келген тапсырманы орындай алады. Қызметке кіріспес бұрын олар адамнан да, жануардан да шыдамдылық пен жоғары зейінді қажет ететін күнделікті жатты­ғуларды бірге орындайды.