Қазақстан • 30 Қараша, 2022

Минскіде Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

28 қарашада Минскіде Қазақстанның мәдениет күндері басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Минскіде Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатыр

Бағдарламаның бірінші күні фильмдер көрсетілді, мерекелік іс-шаралар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаевтың домбыра бойынша шеберлік сабағымен, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің дәріс-концертімен, Гала-концертпен, сондай-ақ Қазақстанның қолданбалы өнер көрмесімен жалғасты.

«Біз үнемі кино және көркемөнер көрмелерін өткіземіз, кітапханаларымыз, музейлеріміз бен архивтеріміз жемісті өзара іс-қимыл жасап келеді, бірқатар ЖОО аралық шарттар іске асырылады, әдебиет, кинематография қайраткерлері арасында достық байланыстар сақталады, театрларымыз арасында серіктестік бұдан әрі де дамиды. Беларусьтің шынайы мәдени брендіне айналған «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі көптеген талантты қазақстандық әншілерге үлкен шығармашылық өмірге жолдама берді», деп атап өтті Дәурен Абаев.

Беларусь жұртшылығы алдында халықаралық фестивальдар мен байқаулардың лауреаттары: Әлішер Кәрімов, Рухия Байдукенова, Шынар Ибатова, Мархаба Сайланбек, Шынар Балтина, Жанар Дугалова және басқалар өнер көрсетті.

Шеберлік сабақтары аясында домбыра бойынша 7 дана қазақ ұлттық музыкалық аспабы тапсырылды.

«Түркі халықтары әлемге сыйға тартқан ең үлкен өнертабыстардың бірі – домбыра. Домбыра – қазақтардың басты музыкалық аспабы, бұл қазақ үшін бүкіл әлем, домбыра – қазақтың жаны. Оның шектерінің дыбысында Ұлы даланың терең философиясы жатыр. Қазіргі Қазақстанда да домбыра жоғары құрметке ие – әрбір отбасында осы музыкалық аспап төрден орын алған», деді министр Дәурен Абаев.

Сондай-ақ Минскіде министрлік басшысы беларусьтық әріптесі Анатолий Маркевичпен кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар мәдениет саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруды қоса алғанда, өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

рьт