Сұхбат • 01 Желтоқсан, 2022

Қасым Мәуленов: Cырбайдың ұлы екенімді мақтан етемін

665 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясына екінші дүниежүзілік соғыстан кейін соны леп, өзгеше өрнек қосып, оны шырқау биікке көтерген санаулы саңлақтардың бірі – Сырбай Мәуленов. Кезінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Сырбайдың өзіне ғана тән қысқа жырларында әдемілік пен нәзіктік бар. Олар күйшінің домбырасынан шыққан күй секілді жан дүниеңе еніп кетеді», десе, қабырғалы қаламгер Әбіш Кекілбайұлы: «Сырбай – қазақ әдебиетінің классигі» деп бағалаған. Биыл ардақты ақынның туғанына 100 жыл толды. Соған байланысты айтулы тұлғаның туған жері –Қостанай облысы мен Астана және Алматы қаласында бірқатар іс-шара өтті. Осы орайда ақынның ұлы, белгілі ғалым, Ресей жаратылыстану академиясының академигі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лау­реаты Қасым Мәуленовпен кездесіп, әкесінің өмірі мен өнегесі туралы әңгіме өрбіттік.

Қасым Мәуленов: Cырбайдың ұлы екенімді мақтан етемін

– Сырбай Мәуленов балаларына арнаған бір өлеңінде «Менің жеті балам бар, Жеті арқа тірер асқарым бар, Менің жеті далам бар, Менің жеті аспаным бар», деп жырлаған. Енді ақынның өмірін жалғаған сол жеті баласы туралы білгіміз келеді?

– Біз – жеті ағайындымыз, үлкеніміз – Дүйсен кезінде елі­міздің Қаржы және жергілік­ті өнеркәсіп министрліктерінде абы­ройлы қызмет атқарды. Одан кейінгі ағам Жеңістің мамандығы инженер. Өкінішке қарай, осы екі ағам да өмірден өтіп кетті. 2014 жылы заң ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі, танымал криминолог, отбасымыздың кенжесі Ғазиз інімнен айырылдық. Қа­зір төртеуміз ғана қалдық. Ағам Бейбіт те кезінде Қазақ КСР-нің мемлекеттік бас жоспарлау ко­митетінде еңбек етті. Бүгінде биз­неспен айналысады. Үлкен апам Бақытжамал да Бас жос­парлау комитеті мен Президент аппаратында істеді. Содан кейін­гі Сақыпжамал әпкем экономика ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазір жетеумізден тараған әке-шешеміздің немере­лері мен шөберелері де үлкен әулетке айналды. Оның есімі осы ұрпақтарымен мәңгі жасайды деп сенемін.

– Әкеңіздің отбасындағы орны мен тәлім-тәрибесіне тоқ­талсаңыз?

– Әкем қарапайым, мінезі жұмсақ, жайлы адам болатын. Балаларын бәзбіреулердей «өті­рік» жақсы көрген емес. Жа­сан­­дылықты ұнатпайтын. Бізге де­ген мейірімі ерекше еді. «Біз­­дің әулеттен бір акаде­мик шы­ғар ма екен, осы», дейтіні бар-тұғын. Сондайда анам: «Несі бар, ақын бар, енді академик те бо­лар», деп айтатын. Бей­біт ағам өмір­ге келгенде әкем: «Төр алдында орным дайын ба деп, жас Мәуленов келеді есік ашып», деп «Мәуленовтер келе жатыр» атты өлеңін жазыпты. Қысқасы, біз оған шабыт сыйлап, қанаттандырдық. Төсек тартып жатқанында да: «Ажал шіркін берсе де бір күн елес, Маған батып келуі мүмкін емес. Жеті жүрек өлуі мүмкін емес, Жеті жанар сөнуі мүмкін емес», деп рухын түсірген емес. Байқауымызша, балаларына ар­налған сүйіспеншілігінен ағыл-тегіл жыр туатын.

Әкем бізге барлық адамға қайырымды болып, қамыққан жан­ға қамқорлық танытуды үй­ретті. Сондай-ақ жастарға жылы сөйлеп, оларды көтер­мелеп отыратын. Оның бойы­мызға сіңірген адами асыл қасиет­тері өмірімізді әлі күнге дейін нұрланды­рып келеді. Отан, ұлт, ел секілді ұла­ғатты ұғым­дарды бәрінен биік ұстады. Қалам­дастары бас қос­қан­да оларды күлкіге көміп, айна­ласына шуақ шашып жүретін.

– Шығармашылықпен қай кезде айналысушы еді?

– Ол кісі бір орында отырып дағдыланбаған адам еді. Ұзақ ойланып жүреді де бір күні ақтарылып жазып тастайды. Ондай сәттерде тордағы арыс­тан­дай теңселіп, үйді жалғыз өзі толтырып отыратын. Сол кезде өлең таудан аққан тас бұлақ­тай төгіледі. Өленді екпінде­тіп, тасқындатып оқитын. «Қазақ әдебиеті» газетінде Әлия деген машинистка істеді, соны ша­қы­рып диктовка жасайтын. Мен ол кезде 6-7 жастағы баламын. Үйдегілердің бәрі мені қызық көріп сөйлетеді. Әлия апайдың төбесі анадайдан көрінген­нен «раз, два, запятая апай келе жатыр» деп алдынан жүгіріп шығамын. Шығармашылықпен тынымсыз айналысты. Кейде жазған өлеңі ұнамаса жыртып тастайтын. Анам сол жыртылған қағазды жинап алып, оны ерінбей бір-біріне желімдеп, біраз күндер өткесін әкеме көрсетеді. Шын мәнінде, әкем өлеңдерінің алғашқы сыншысы анам болды. Оның шешеме түнде жазған өлеңін оқып отырғанын бала күнімізде талай көрдік. Біз осындай бір-бірін қадірлеп, аялаған ата-ананың мейіріміне қанып өстік.

– Сырағаң туралы есте­лік­терде оның көпшіл, ақжар­қын, әзілқой болғандығы баян­далады. Әкеңіздің араласқан ортасы мен жақын достары жайында айтсаңыз?

 –Ата-анамыз Алматыға 1953 жылы көшіп келген. Ол кезде біздің отбасымызда бес баламен бірге Алмагүл әжеміз тұрған. Бас-аяғы сегіз адамға тіршілігі қайнаған қаладан бас­пана оңай болмайды. Бірақ алған беті­нен қайтпай­тын анам Никольск базары ма­ңындағы бұрынғы Меч­ников көшесінде орналасқан жер үйдің жертөлесінен орын табады. Үйдің иесі Катя есімді апай. Біз осында он жылға жуық тұр­дық. 1955 жылы сол жертөледе мен өмірге келсем, 1958 жылы кенже інім Ғазиз дүние есігін ашты. Бұрын мұнда сазгер Әбілахат Еспаев тұрған көрінеді. Есім енді кіре бастағаннан көз алдымда қандай оқиғалар қалды дегенде, әр аптаның соңына қа­рай, яғни жұма сайын әкем­нің достары – Мұзафар Әлім­баев, Әди Шәріпов, Жұбан Мол­дағалиев, Әбу Сәрсенбаев, Қуан­дық Шаңғытбаев, Садық­бек Адамбеков, Балғабек Қыдыр­бекұлы, Ғаббас Жұмабаев, Сафуан Шәймерденов, Қасым Тоғы­зақов, Серік Қирабаев, Мұқа­ғали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қабдыкәрім Ыды­рысов, Ғафу Қайырбеков, Жәрдем Тілеков, Әнуар Әлім­жанов, Тұманбай Молдағалиев, Шерхан Мұртаза және тағы бас­қа қаламгерлер біздің үйге қо­наққа келеді. Тіпті кейбірі дүй­сенбіге дейін қонып қалады. Анам олардың жейдесін жуып, аяқ киімін тазалап, ал біз шалбарын үтіктеп, дүйсенбіде жұмысқа шығарып саламыз. Анамның жайған дастарқаны­нан дәм татқан осы ақын-жазу­шылардың көбі кейін қазақ әде­биетінің классиктеріне айналды. Ол Торғай өңірінен өзінен кейін шыққан жас қаламгерлер­ге жанашыр болды. Туған жері де Сырағаң деп төбесіне көте­ріп, қадір тұтты. Тірлікте дү­ние емес, дос жинап, өмірдің өлшемі мен қадірін достықпен бағалады. Соның арқасында үйі­мізден халқымыздың жақсы-жай­саңдары үзілген емес. Со­лардың қолдарына су құйып өс­тік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Біз үшін бұл өнеге, тағылым мектебі болды. Бұдан асқан университет жоқ дер едім. Қазақтың тұғырлы тұлғаларының батасын алғанымызды мақтаныш көремін. Бүгінде әкеміз жаққан отты өшірмей келе жатқанымыз солардың шарапаты деп ойлаймын.

– Тұғырлы тұлғаның шы­ғармашылықпен алаңсыз айналысуына анаңыз үлкен үлес қосты. Ол кісі де текті жерден шыққаны мәлім.

– Дұрыс айтасыз. Әкем өлең жазудан басқа үйдің тіршілігіне қол ұшын тигізген емес. Барлы­ғын мамамыз атқарды. Анамыз Күлжамал әкеммен танысқанда Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 10-сыныбында оқитын он жеті жас­тағы қыз, папам Қостанай облыстық газетінің Федоров ауда­нындағы меншікті тілшісі болыпты. Екеуі көңіл жарастырып 1941 жылы шаңырақ көтереді. Келесі жылы үйдің тұңғышы Дүйсен өмірге келді. Сол жылы өз еркімен сұ­ранып майданға аттанды. Әкем қандай қиындық көрсе де оны мамамыз үнемі қолдап отыр­ды. Ол ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының туған ағасы Қали­дың ұлы Әмірдің қызы. Осы үшін өткен ғасырдың 40-шы жылда­­ры әкемді қауіпсіздік комитеті­нің қызметкерлері «халық жауы­ның күйеу баласы», деген жала жауып,­ біраз әбігерге салады. Бәрібір ол кісі өз ұстанымынан айнымайды. Өйткені оның анама деген махаббаты, құрметі ерекше еді. Олар бір-бірін өте жақсы көрді. Бала күнімде әкем­нен атамыз Тай туралы көп сұ­рай­тынмын. Ал шешемнің әкесі, туған-туысы жа­йында от­ба­сымызда артық әңгіме айтыл­май­тын. Жабық тақырып санал­ды. Нағашы атам Әмір 1929 жылы Қостанай округіндегі кө­теріліске қатысқаны үшін түр­меге жабылған. Атамның одан кейінгі тағдыры қалай бол­ды екен деген сұрақ мені жиі мазалады. Әмір Қалиевтің ақтал­ғандығын растайтын, 1997 жыл­дың 29 қазанында мөрі басылып, біздің қолымызға тиген ресми құжатта оның 1941 жылдың 8 қа­рашасында қамауға алынға­ны, 1942 жылдың 9 желтоқса­нын­да КСРО-ның НКВД жанын­дағы ерекше кеңес шешімі бойын­ша Қылмыстық кодекстің 58-бабы, 10-тармақшасымен еңбекпен түзеу лагеріне (ИТЛ) 10 жылға айдалғаны, ал 1943 жылдың 16 мамырында НКВД-ның Ивдельск лагеріне (Свердловск облысы) жер аударылғаны туралы жа­зылған. Бірақ атам жазасы­ның қысқартылғанын білместен, темір тордың арғы жағында, яғни 1945 жылдың 3 қаңтарында қайтыс болды. Әмір атамыз қа­тысқан Қостанай даласындағы көтеріліс сол дәуірдегі кеңес өкіметіне бағынғысы келмеген қазақтың рухын көрсетсе керек. Бұл көтеріліс Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының есі­мімен де тығыз байланысты. 1934 жылы анамды ата-анасы Қос­танайдан Алматыға жібе­реді. Сөйтіп, шешем 1937 жылға дейін Ахмет атамыздың қолында тұрады. Сырқат Ахмет пен оның зайыбы Бадрисафаның жанында болып, екеуіне күтім жасайды. Шешем бала да болса сол кез­де­гі НКВД жендеттерінің ұлт ұс­тазының үйіне жиі-жиі тінту жүр­гізгенін кейін айтып отыратын.

Анам барлық саналы ғұмыры мен жүрегінің жылуын әкем мен балаларына ғана арнады. Ол кісі әкеммен отасқан 52 жыл ішінде тек қана құрмет көрді дей аламын. Әкемнің арқасында баспаған тауы, бармаған жері жоқ. Анамның дастарқанынан қазақтың ақын-жазушылары ғана емес, С.Норавчатов, С.Михалков, Н.Тихонов, В.Кожевников, Г.Некрасов, М.Кәрім, С.Құдаш, Б.Кербабаев, М.Тұрсынзаде, Д.Кугультинов секілді сол кез­дегі одаққа танымал әдебиет алып­тары да дәм татты.

Жалпы, талантты адамдар өмір­­де қарапайым, ұсақ-түйек­пен ісі жоқ, пендешіліктен биік тұрады. Шаруаға да онша қыры болмайды. Әкем дәл сондай еді. Өмірі газға от жағып, шәйнек қо­йып көрмеген. Дүкенге де барып, өзіне бір киім сатып алмаған. Соның бәрін шешеміз істеді. Оны күнделікті күйбең тіршілікке араластырған жоқ. Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың үйіндегі Мәриям әжеміз көзі тірісінде анам туралы: «Күлжамал туралы айтсам, жүрегім нұрға толып кетеді. Ол әйелдің әйелі ғой. Әйелдің жақсылығы – еркек­тің бағы. Ең алдымен сол бақ от­басында орнауы керек. Отба­сыңның өмірі қалпында болмаса, мейлі сен патша болсаң да ешқашан бағың жанбайды. Кім өлмейді дейсіз. Бірақ соның орнын ұстап отыратын орманның иесінің бәрі Күлжамалдай болсайшы. Сол үшін де Күлжамалға алғысым шексіз», деп айтқан сөзінен анамыздың қандай жан болғандығын білесіз.

– Ақын поэзиясында соғыс тақырыбы кеңірек қамтылған. Әкеңізбен майдандағы күндері туралы әңгімелестіңіз бе?

– Ол кісінің өмірі жеңіл бол­ды дей алмаймын. Түрлі қиындықты басынан өткерді. Оның замандастарының жас­ты­ғын соғыс жалыны шарпыды. Бірақ соғыс туралы сыр ашпай­тын. Офицерлік курстан өт­кен соң оны саяси нұсқаушы ше­німен Волхов майданына, қоршауда қалған Ленинградты азат етуге жібереді. Әкемнің шы­­ғармашылығында майдан ли­ри­касы ең алдыңғы орындарда тұрды. Оның бірқатар поэмалары сол соғыс даласында, нақтырақ айтсақ, Ленинград түбіндегі Синявин майданында жазылды. 1987 жылы Свердловск қаласына (қазіргі Екатеринбург) кандидаттық диссертациямды қор­­­ғауға бара жатқанымда: «Мүм­кіндік болса Ақ өзенге баруға уақыт тап, нақ сол өзен­нің бо­йын­да біздің бөлімше құ­рыл­ған», дегені бар-ды.

Әкем Волхов майданында соғысып, Ленинградты қорғау­ға атсалысты. Атқыштар ротасы командирінің орынбасары, ке­йінірек саяси жетекші қыз­метін атқарды. Ұрыс кезінде қат­ты жа­рақаттанған. Бірде оның ар­хивінен 1942 жылдың 22 қазаны деп көрсетілген хат тауып алдым. Майданда жүргенде кеңес әдебиетінің классигі Николай Тихоновқа хат жазыпты. Сол хатқа келген жауап екен. «Мен жап-жас қазақтың ақыны қо­лына қару алып, біздің сүйікті Ленинградты қорғап жүргеніне қуаныштымын. Біз сізбенен әлі-ақ қоршаудан босатылған қа­лада кездесіп, фашизммен болған соғыс туралы өткен шақта әңгімелеп, өлең оқып отыратын боламыз», – депті Николай Тихонов.

Әкем сол бір жапырақ қа­ғазды соғыс жылдары төс қал­тасынан тастамапты. Осы тілдей хат офицердің жауға қарсы күш-қай­ратын еселеп, ынтасын қай­раған секілді. Кеудесін қуаныш кернеген әкем классиктен келген хатты батальон комиссары Александр Любимовқа көрсетеді. Өзінің айтуынша, сонда комиссар қатты қуаныпты.

Ол 1949 жылы Мәскеуде Николай Тихоновпен жүздеседі. Соғыс аяқталғасын Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің апта­лығы өтеді. Оған елімізден Мұх­тар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұс­тафин және жас ақын Сырбай Мәуленов бастаған ақын-жа­зу­шы­лар делегациясы барады. Мәс­кеу біздің зиялы қауым өкіл­дерін жылы қарсы алады. Олар­мен бірге үнемі Леонид Собо­лев, Николай Тихонов, Сер­гей Щипачев, Платон Верши­гора болады. Әдебиет пен өнер апталығының бір күнінде қа­лам­герлер теплоходпен серуен­ге шығады. Арқалы өнер адам­дары өзара әңгіме-дүкен құ­рып, шабыттана өлең оқып, шығар­машылық сәттің көрігін қыз­дырады. Әкем Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың жанында отырған Николай Тихоновтың қасына баруға біразға дейін батылы жетпей, ақыры жақындап барып, өзін баяғы хат жазған солдатпын деп таныстырып, майдан хатын ұсынады.

– Тірі екенсің ғой, солдат! – деген Николай Тихонов орнынан тұрып, қуаныштан ұшқын атқан жанарын көпке бұрып, әлгі хатты бәріне көрсетеді. – Сен үшін қуаныштымын! Сондай от-суды кешіп өтіп, бүгінгі күн­ге аман-есен жеткенің үшін қуаныш­тымын! Және мына хатты да сақтапсың.

Тихонов сәл үнсіз қалып, сосын:

– Хатымды сонша уақыт кө­зіңнің қарашығындай сақтаған екенсің, өзіңе қайтарайын. Менің өзіңе деген сыйлығымды да қоса ал, – деп сол жылы жарық көрген «Грузин көктемі» атты кітабын сыйлаған.

– Әкеңіздің қандай асыл қасиеттерін жиі есіңізге аласыз?

– Мен әкеммен өте руха­ни жақын болдым. Ол мені Қазақ­станның халық жазушысының кө­мекшісі деп атайтын. Соғыстан ал­ған жарақатынан сол қолы мүлде жарамсыз болатын. Сон­дықтан сегіз жасымнан бастап сақалын қырып бердім. Кейде әзілдеп мені «севильский цирюльник» деп те айтатын. Ол маған кез келген ойды қағазға шашыратпай әдемі түсіре білуді үйретті. Университетте алғаш сабақ бере бастағанда тарихқа қатысты, маған қажет деректерді іздестіріп, әдеби мәліметтер мен сілтемелерді тауып беріп отырды. Бірде «сенің кандидат­тық диссертацияң қанша беттен тұрады» деп сұрады. 195 бет екенін айттым. Сонда әзілдеп: «Сен 195 бетті кітапханада оты­­рып, ғылыми кітаптар мен әде­биеттердің көмегімен үш жыл жазасың, ал мен ештеңесі жоқ таза үстелдің үстінде оты­рып-ақ бір күнде 25-30 бет жа­зып тастаймын», – деген-ді жылы жымиып. Әрине, ол ме­нің кез келген ғылы­ми жұ­мысыма, ғылым жолында­ғы же­тіс­тіктеріме қуанатын. Екеу­міз Британ кітапханасы туралы ­жиі әңгімелесетінбіз. Соның әсері­мен бірде Лондонға барға­­ным­да алдымен әйгілі кітапхана­ға жазылдым. Ондағы өткен бір ай мерзім ішінде әкем ылғи жанымда менімен бірге қолға алған кітаптарымның бәрін парақтап отырғандай әсерде жүрдім. Ол – Байронды, Гетені, Шиллер мен Мицкевичті, Пушкин мен Лер­монтовты, Некрасов пен басқа да әлемдік деңгейдегі классиктерді ана тілімізге мөлдіретіп аударды. Бүгінде Сырбай Мәуленовтің кітаптары АҚШ Конгресі мен Британ кітапханаларының сөре­сінде тұр. Әкемнің өмірден өтке­ніне отыз жыл болса да онымен жа­нымның егіз болғандығы сон­шалық, әлі күнге еске алып, кө­зіме жас аламын. Бір сөзбен айт­қанда, қазақтың ақыны Сыр­байдың ұлы екенімді мақтан етемін!

– Биылғы халқымыздың бір­туар перзентінің 100 жыл­дық мерейтойы аясында өткен мазмұнды іс-шараларды айта кетсеңіз?

– Әкем 1993 жылы дүние­ден озды. Оның барлық әдеби мұрасына анам бас-көз болды. Тұғырлы тұлға есімін ел есін­де мәңгілік сақтау үшін анам Қа­зақстан Үкіметіне хат жолдады. Сол жылдың 22 қарашасында Министрлер кабинетінің «Халық жазушысы Сырбай Мәуленов­ті мәңгілік есте сақтау туралы» қаулысы шықты. Нәтижесінде, еліміздің төрт қаласында, атап айтсам, Алматы, Қостанай, Арқа­­лық және Қызылордадан әкем­нің есіміне көше берілді. Со­нымен қатар Қостанай облысы Жангелдин ауданы Милісай ауылындағы орта мектеп және Қостанай қаласындағы №24 ор­та мектеп пен Астанадағы №37 мектеп-гимназиясы Сыр­бай Мәуленов атын иеленді. Осы қуанышты анамыз көзімен көріп, салтанатты жиындар­дың төрінде отырды. Ол кісі атал­ған мектептердің ішінен ақын атын­дағы музейдің ашылуына ұйытқы болды. Жарық көрмеген шығармаларын топтастырып, кітап етіп шығарды. Әкемнің атын ұлықтау – біздің парызымыз. Әкем қайтыс болған жылы оның атынан қор құрдық. Оны өзім басқарамын. Қордың эмблемасынан әкемнің «Лашын» (құс) деген бүркеншік атауы орын алды. Бүгінде өзімде кейбір жекелеген ғылыми мақалаларыма «Лашын» деп қол қоямын.

Биыл арқалы ақынның 100 жыл­дық мерейтойы жер-жер­де қал-қадерінше аталып өтіл­ді. Әсіресе туған жері – Қос­та­найда «Жыр тұлпары, сыр сұңқары – Сырағаң» ат­ты ғы­лыми-конференция өтіп, оған ақын, Қазақстан Жазушы­лар ода­ғы­ның төрағасы, Мем­ле­кеттік сый­лықтың лауреаты Ұлықбек Ес­дәулет пен әкемнің көзін көрген зиялы қа­уым өкілдері қатысты. Одан ке­йін Астанадағы Сырбай Мәулен­ов атындағы №37 мектеп-ли­це­йінде «Өлеңім – өмірім ме­нің» атты республикалық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция ұйым­дастырылды. Жуырда Ал­ма­­ты­дағы Ұлттық кітапханада «Сыр­шыл лириканың сұлта­ны» атты әдеби кеш өтті. Осы іс-ша­ра­лардың барлығына қатысып, папам туралы естеліктермен бө­ліс­тім. Бүгінде Сырбай Мәуленов есімін иеленген мектеп-гимназияларда тәрбиелік, ұлағаттық шаралар жүргіземін. Сол білім ұяларының оқушылары респуб­ликалық, халықаралық білім бай­қауларында топ жарып жүр­ге­ні қуантады. Алдағы таңда осы мек­теп­тердің шетелдегі білім беру ордаларымен әріптестік бай­ланыс орнатуды көздеп отырмын. Әкеме қатысты кез кел­ген мәдени іс-шарадан қалмауға тырысамын. Өйткені өзімді әлі күнге әкеммен бірге жүргендей сезінемін...

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Азамат Есенжол,

«Egemen Qazaqstan»