Әлем • 02 Желтоқсан, 2022

Дипломатиялық қатынасты нығайтқан тұлға

354 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күздің соңғы күні Қытай Халық Республикасының бұрынғы басшысы Цзянь Цзэминь 96 жасында қайтыс болды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цзянь Цзэминьді «Қытайдың дамуы мен халықаралық қауымдастықтағы мерейін арттыру жолында риясыз қызмет еткен еліңіздің көрнекті перзенті» деп құрмет көрсетті.

Дипломатиялық қатынасты нығайтқан тұлға

1989 жылдан 2002 жылға дейін Қытай компартиясының Бас хатшысы және 1993 жылдан 2003 жыл­ға дейін ҚХР төрағасы қызметін атқарған Цзянь Цзэминь билікке атақты Тяньаньмэнь алаңындағы на­разылықтардан кейін келген еді.

Цзянь Цзэминь – Қазақстан –Қытай қатынастарында ерекше рөл атқарған саяси тұлға. Дәл соның тұсында ҚХР КСРО-да болған көрші республикаларға назар аудара бастады. Цзян Цзэминьнің тұсында Қытай – 1991 жылғы 27 желтоқсанда Қа­зақстан Республикасының тәуел­сіздігін мо­йындау туралы жариялаған үшінші ел, ал Қазақстан – Қытаймен елшіліктер деңгейінде дипломатиялық қаты­настар орнатқан Орталық Азия өңірінің бірінші мемлекеті.

Қазақстан мен Қытай арасын­дағы дипломатиялық қатынас­тар­дың тамыры тереңде жатыр десек, екі ел арасындағы бай­ланыстың берік­тігі дәл осы Цзянь Цзэминь тұ­сын­да орныққанын айта кеткен жөн. Өйткені жылдар бойғы Қытай мен Қазақстанның табысты ынтымақ­тастығының ең жоғары бағасы – шекара­лық проблемаларды жан-жақ­ты және түпкілікті шешу осы кезбен – Цзэминьнің ел тізгінін ұстаған он­жыл­дықпен тұспа-тұс келеді. Ол тіпті Қытай – Қазақстан шекарасы «екі ел халықтары арасындағы достықтың бай­ланыстырушы буынына айналатынын» мәлімдеген еді.

Естеріңізде болса, Қазақстан мен Қытай 1994 жылы 26 сәуірде Қазақстан мен ҚХР арасындағы мемлекеттік шекара туралы тари­хи келісімге қол қойды. Бұл – қазақ тарихының жаңа бетін ашқан маңызды құжат. Бұ­лай деуімізге себеп – ғасырлар бойы мо­йындалмай келген біздің аумақтық тұтастығымызды алып Қытайдың мо­йындап, Шекара туралы шартқа қол қоюына әлемдік қоғамдастық соңғы сәтке дейін сенімсіздік танытқан еді.

1997 жылдың 24 қыркүйе­гінде «Қазақстан мен ҚХР ара­сындағы Қазақстан – Қытай мем­лекеттік шекарасы туралы қосымша келісімге» қол қойыл­ды. Ал 2002 жыл – ҚХР төраға­сы қызметінен кетерден бір жыл бұрын Бейжің қаласында «Қазақ­стан – Қытай шекарасын демаркациялау туралы хаттамаға» қол қойылды. Осылайша, Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасын халық­аралық-құқық­тық ресімдеудің нәтиже­сінде ұзындығы 1783 шақырым болатын мемлекеттік шекараға 688 шекара белгісі орнатылды. Оның 346-сы елімізге тиесілі болса, 342-сі Қытай жа­ғын­да. Екі ел­дің мемлекеттік шекара­лар туралы то­лық уағдаластыққа қол жеткізуінің маңыздылығы – Қазақ­стан­ның бүкіл тари­хында тұңғыш рет Қытаймен халық­аралық деңгейде таныл­ған және заңды ресімделген мем­лекеттік ше­караға ие болған­дығында жатыр.

Еліміз үшін маңызы ерек, тарихи мә­ні бөлек осы үш құжат Цзянь Цзэ­ми­нь­нің билік басында отырған кезін­де жасалған еді. Тату көршілік пен дос­тықты нығайту, көрші Қазақстанмен дос­тық қарым-қатынасты сақтау және еліміз­ді стратегиялық се­ріктес ретінде қарас­тыру – міне, Цзэминьнің билікте отыр­ған кезінде ҚХР-дың белгіленген бағы­ты пен мемлекеттік саясаты осындай.

Қытай – Қазақстан байланыс­тарын одан әрі нығай­ту жөнін­де Цзянь Цзэминь енгіз­ген ұсыныстардың ал­дың­ғы қата­рында екі ел арасындағы достық­ты ұрпақтан-ұрпаққа дамыту идеясы тұрды. ҚХР мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, достық жә­не ынты­мақтастық туралы ең ал­ғаш­қы келісімге қол қойылар тұста да Қытайдың сол кездегі басшысы «екі ел халықтарының достықты ұр­пақтан-ұрпаққа тереңдетуге деген шын жүректен ұмтылғанын қалаймын» деген еді. Сондықтан да болар, ХХІ ғасыр­дағы екі­жақты қатынастарды кеңей­ту бағыт­тарының бірінде өзара сенім­ді­лікті терең­дету және ынтымақ­тастық­ты жандандыру қажеттігі тұрды. Сол себепті де, қазақ елі Цзэминь билігін «екі ел арасындағы берік достықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан кезең» деп бағалайды.