Іс-шараны Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» студенттік театры ұйымдастырды. Фестивальдың мақсаты – жастар шығармашылығын қолдап, студенттік театрларды дамытып және жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту.
Мазмұнды байқауға бақ сынауға келген студенттік театрлар Мұхатар Әуезовтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу», Төлен Әбдіктің «Оң қол», Дулат Исабековтің «Есепшот, түйетауық және домино», т.б. шығармалардың желісімен жазылған спектакльдарды сахналайды.
Мәдени шараның ашылуында ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова, Мемлекеттік Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібеков, белгілі әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай сөз алып, жастардың өнеріне сәттілік тіледі.
«Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындары арасында әлеуметтік, эстетикалық, үйлесімді кеңістік құрылды. Оған жастардың шығармашылығы зор ықпал етеді. Біздің студенттік театрлар жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңірген үлесі зор. Бұл фестиваль еліміздің әр түкпірінен келген дарындардың басын қосады», – деп атап өтті Ләззат Нұрқатова.
Сондай-ақ Тұран университетінің 2-курс студенті Әсел Қуатова осындай фестивальдың арқасында тәжірибе жинап, жаңа достармен жүздесетіндігін айтты.
«Біз шығармашылық тобымызбен тарихымызға, ана тілімізге деген құрмет тақырыбын көтердік. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» спектаклі арқылы өз тарихымызды білу қажет екенін және онсыз болашақ жоқ екенін көпшілікке жеткізгіміз келеді», – дейді жас өнерпаз.
Жас актерлер ұсынған қойылымдарды Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртісі Гүлмира Жакилина, Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты, актер, режиссер Нұрлан Қалиев, актер, режиссер Аман Ғұмаров секілді кәсіби мамандардан құралған қазылар бағалайды.