Сұхбат • 04 Желтоқсан, 2022

МӘМС: Байбалам салудың қажеті жоқ

626 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде МӘМС жүйесінің енгізілгеніне үш жыл болды. Осы уақыт ара­лығында қыруар жұмыс жүргізілді. Десе де реформа жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсіп, әрқилы ойлар айтылып жүр. Бірі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен қаржының жеке шотта жиналғанын құп көрсе, енді бірі дәрігерге қаралмаған айлары үшін ақшасын қайтарып алғысы келеді. Жалпы, МӘМС жүйесі енгізілгелі не өзгерді? Бұл сауалға Қазақстан медицина университетінің «Жоғарғы қоғамдық денсаулық сақтау мектебі» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Құралбай Құрақбаев жауап берді.

МӘМС: Байбалам салудың қажеті жоқ

– Жалпы, МӘМС жүйесін енгізуге не себеп болды?

– Еліміздің экономикалық салалары нарықтық қарым-қатынасқа өткелі біршама уақыт болды. Яғни олардың дамуы әлемде қалыптасқан заңдылықтар мен қағидаттарға сәйкес қалыптасып жатыр. Бұл бағытта Қазақстандағы үрдіс­тер келмеске кеткен кеңес өкіметін­дегі көп елдерден жоғары. Соның нәти­жесінде, мемлекетіміз әлемдегі саяси-экономикалық ортада танымал, болашағы зор елдердің қатарына енді. Нарықтық қарым-қатынастар әлеуметтік салаға да көп әсерін тигізетіні даусыз. Сондықтан медицина саласында халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін іздеу талап етіледі. Сондай тәсілдің бірі – міндетті медициналық сақтандыру жүйесі. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, оның әртүрлі формасы бар.

«Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, елімізде 1996-1998 жылдары енгізілген міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің кемшіліктері мен олқылықтарын ескере отырып, дүние жүзінде, нарық заманында халыққа медициналық көмекті ұйымдастырудың жолдарын, әлемдегі тәжірибелі сарапшылардың көмегін пайдалана, зерделей отырып, 2015 жылы МӘМС жүйесін енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Оны сапалы түрде іске қосу үшін төрт жылдық дайындық кезеңі белгіленіп, 2020 жылдан бастап толық енгізілуі керек-тін. Бұл бағытта көп жұмыс жүргізілді. Өкінішке қарай, бұл жүйенің ойдағыдай іске қосылуына 2020 жылы төрткүл дүниені шарпыған коронавирус нәубеті кері әсерін тигізді.

– Осы аралықта жаңа жүйе денсау­лық сақтау саласына қалай әсер етті?

– Жаңа жүйе денсаулық сақтау саласына көп жетістік алып келді. Мәселен, саланы қаржыландыру көлемі артты. 2022 жылы қаржы деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайды – 1,05 трлн теңгеден 2,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұған қоса салаға жаңа технологиялар кеңінен енгізіле бастады. Сол секілді жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі екі есе артты. Облыс орталықтарында жоғары технологияны меңгерген орталықтар көптеп ашылды. Консультативті-диагностикалық көмек пен стоматологиялық көмектің көлемі 5 есе өсті. Медициналық көмек­тің КТ, МРТ, ПЭТ, оңалту секілді жаңа түрлеріне қолжетімділік артты. Жекеменшік медициналық орталықтар жүйеге тартылып, халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі артты. Медициналық мекемелерде мемлекеттік тұрғыдағы дербестік кеңейіп, басқарудың заманауи түрлерін енгізуге мүмкіндік туды.

Биыл жоғары технологиялық көмек көлемі бір жарым есе өсті. Осы жылы 13 мыңға жуық қымбат операция жасалды. Оның ішінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша қор ЭКҰ процедураның 7 мың репродуктивті қызметін қаржыландырады.

Әрине, шешілмеген мәселелер, олқылықтар әлі де бар. Бірақ ауқымды өзгеріс енгізу үшін уақыт керек. Салаға білікті ұйымдастырушы мамандар қажет. Сол секілді халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін де өзгерту маңызды.

– Медициналық сақтандыру қоры­ның бюджеті қаншалықты ашық әрі қалай бақыланып отыр?

– Бұл Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған заңға сәйкес, МӘМС қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге мемлекет кепілдік береді. Қордың қаражаты Қазақстанның Ұлттық банкінде сақталады және тек қана МӘМС жүйе­сінде медициналық көмек көрсету бойын­ша денсаулық сақтау мекемелерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалады. Қордың қаржылық есептілігі коммерциялық құпияны құрамайды. Қаражаттардың тиімді және дұрыс пайдаланғанын анықтау үшін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес, жыл са­йын міндетті түрде аудит жүргізіледі және нәтижелері құзырлы ұйымдардың деңгейінде қаралады. Сондықтан бұқара халықтың «қордың қаржысын орынсыз пайдаланып жатыр» деп байбалам салуы­на ешқандай негіз жоқ.

– Медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау саласындағы нарық­тық қарым-қатынастарды қалып­тастыруға үлес қосып жатыр деп айта аламыз ба?

– Әлеуметтік медициналық сақтанды­ру қоры – денсаулық сақтау мекемелерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым. Осыған сәйкес жиналған қаржы, негізінде Үкімет бекіткен, тегін медициналық кө­мек пен МӘМС тізбесіне кірген көмек­терді қаржыландыруға жұмсалады. Тұрғындарды қажетті, қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін әртүрлі меншіктегі медициналық ұйымдар кеңінен пайдаланады. Яғни бұл ұйым денсаулық саласында нарықтық қарым-қатынастың қалыптасуына жауапты және осы жағдайда Үкіметтің халықтың әлеуметтік құқықтарын қорғау саясатын жүзеге асыратын құзырлы органдардың біріне жатады. Заңнамаға сәйкес, қор өзінің қызметін қордың активтерінен алынатын комиссиялық сыйақы есебінен жүзеге асырады. Комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын жыл сайын ел Үкіметі белгілейді.

– Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының негізгі қағидасы бірлескен жауапкершілік екенін білеміз. Яғни бүгін сіздің көмегіңіз тисе, ертең өзіңіз де жәрдемін көресіз. Десе де бұған келіспейтіндер бар. «Аударған ақша жеке шотқа жиналып, өзіме ғана жұмсалса» дейді. Сіздің ойыңыз?

– Жоқ, бұл жаңсақ пікір. Ол үшін жылдық аударым мен емдеу шығындарын, ерікті медициналық сақтандыру жарналарын салыстыру керек. Жүйенің негізгі тиімділігі, медициналық сақтан­дыру жүйесінің негізгі қағидасы – бір­лес­кен жауапкершілік. Яғни қаржы қоры мемлекеттің, жұмыс беруші ұйым­ның, жұмыскерлердің және өзін-өзі сақтандырушылардың аударымдары мен жарналарының есебінен құралады. Ал жиналған қаржы тек медициналық көмекті тұтынушыларға жұмсалады. Сондықтан жылдық немесе айлық жарнаның негізінде сақтандыру жүйесіне енген адам жүйенің есебінен бағасы бірнеше миллион теңгелік медициналық көмек алуға құқылы. Ал жарнаны төлемеген жағдайда бір жылда үнемдеген ақшаңыз қанша ақылы медициналық көмекке жетеді, осыны ойлау керек. Сол жарналарды жеке есепшотқа жинағанда, ол ақылы көмекті толық өтей ала ма? Меніңше, міндетті медициналық сақтандыру мен ерікті медициналық сақтандыру жүйесін ажырата білу керек. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесінде төленген жарнаның көлеміне байланысты көрсетілетін медициналық көмектің түрлері мен көлемі шектеулі болады.

– Қор барлық жарнаны медицина­лық қызметтерді сатып алуға және олар­ды нақты төлеуге бағыттайды делік. Ал сақтандырылған азаматтар сала­лық мамандарға, қымбат анализдерге және тағы басқа қызметтерге жолда­маны неге ұзақ уақыт бойы ала алмайды?  

– Көмектің түрлері мен көлемдері қордың бюджетіне және тұтынушылардың талабы мен таңдауына байланысты. Қордың медициналық көмектерді сатып алу мүмкіндігі қорға жиналған қаржының көлеміне байланысты. Қолжетімді тауар немесе медициналық көмек алу мүмкіндігі болған кезде, әсіресе шығындар басқа  нысаннан болса, адамның таңдауы мен сұранысы арта бастайды. Яғни мүмкіндік пен сұраныстың тепе-теңдігі өзгереді. Халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін МӘМС жүйесі қомақты қаражатты талап етеді. Сондықтан дамыған елдерде жарналардың деңгейі жоғары болады, жарналардың жалпы сомасы айлықтың 15 пайызына дейін жетеді. Ал біздің жүйе­де 5 пайыздан аспайды. Осыған бай­ла­нысты тұтынушылардың талап-тілегі толық орындалмайды және кейде ұзақ күтуге тура келеді. Жоспарлы меди­циналық көмекті ұзақ күту дамыған елдерге де тән нәрсе, осыған байланысты халық та түсінікпен қарау қажет. Қаражат қоры­ның мүмкіндігіне қарай жыл сайын ме­дициналық көмектің түрлері мен көлемі­нің өсіп келе жатқанын да ескеру қажет.

– МӘМС жүйесін жетілдіру үшін не істеу керек?

– Біздің жүйе әлі тәжірибе жинап үлгерген жоқ, сонымен қатар жаһандық факторлар да кері әсерін тигізіп жатыр. Әрине, талдау керек, елдің экономикасымен, халықтың ой-өрісімен және басқа да факторларды ескеру қажет. Ең өзекті мәселе – жұмыспен камтылмаған және өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген азаматтардың медициналық көмекке деген қолжетімділігін артты­ру. Қордың жанынан құрылған тұрақты қоғамдық консультативті кеңес жұмыс істейді. Оның құрамында Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғам қайрат­керлері, қоғам белсенділері бар. Атал­ған кеңес МӘМС жүйесінің өзекті мәселе­лерін талқылап, оны құзырлы мекемелерге жеткізіп отырады. Кездесетін кемшіліктер мен олқылықтарды шешу жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бірлескен жос­парлары бар. Меніңше, сол шараларды орындап-ақ көп мәселені шешуге болады.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»