Медицина • 05 Желтоқсан, 2022

Денсаулық сақтау саласына бағытталған инвестиция көлемі артты

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылдың қаңтар-қазан айларында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 168,9 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Денсаулық сақтау саласына бағытталған инвестиция көлемі артты

2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш құндық мәнде 18,1%-ға артық, алайда 2020 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 16,1%-ға аз.

Finprom деректері көрсеткендей, өңірлер бөлінісінде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына салынған инвестицияның ең көп көлемі Астанаға тиесілі: 51,1 млрд теңге. Сондай-ақ Жамбыл (15,6 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан (15,3 млрд теңге) облыстарына да айтарлықтай қаржы құйылған. Күрделі салымдардың ең аз көлемі Атырау және Ұлытау облыстарында байқалды: тиісінше 447,6 млн және 496,6 млн теңге.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына инвестицияның ең көп көлемі жергілікті бюджеттер есебінен, сондай-ақ кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен: тиісінше 53,7 млрд және 53,4 млрд теңгені құраған.

Бұл ретте, республикалық бюджеттен құйылған инвестиция көлемі 35,1 млрд теңгені, банктік емес несиелер 21,5 млрд теңгені, банк несиелері 5,2 млрд теңгені ғана құрады.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы орташа айлық атаулы жалақы 2022 жылдың үшінші тоқсанында 245,2 мың теңгені құрады, бұл орташа республикалық деңгейден 18,2%-ға аз.