04 Маусым, 2014

Дәнекер

442 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
_DSC3744«Дарақ бір жерден көгереді», дейді атам қазақ. Бұл сөз көбіне бір салаға саналы ғұмырын арнап, соның қызығы мен шыжығына төзіп, түбінде содан рахат тапқан адамдарға қарап айтылатын секілді. Осындай жандардың бірі, отыз жылдан астам өмірін еліміздің ғарыш саласына арнаған әрі әлі де сол бағытта еңбектеніп жүрген абзал азамат Ерғазы Нұрғалиев. Иә, ғарыш деген кезімізде көз алды­мыз­ға бірден ғарышкерлер мен зымыран­дар легі келері сөзсіз. Сонымен бірге, әлемге әйгілі Байқоңыр кешені де қо­сар­лана еске түседі. Бүгін­гі күндері құрылғанына елу тоғыз жылдығын атап отыр­ған Байқоңыр секілді дүние­жү­зіндегі бірінші ғарыш ай­лағы­нан тура бір жыл бұрын ту­ған осы кешен ардагері – Ленинск қаласының құрметті азаматы Ерғазы Нұрғалиев 1977-1979 жылдар аралығында КСРО Қорғаныс министрлігі Құрылыс басқармасының 130-бөлімшесінде мерзімді қызметтің офицері қызметін атқарады. Сонымен бірге, Байқоңыр ғарыш айлағының ұшыру, техникалық кешен­дерінде салынып жатқан нысандарында жұмыс істейді. Ал 1979-1989 жылдары ғарыш айлағы бастығының қарамағындағы түрлі лауазымдарда еңбек етіп, осындағы Күрделі құрылыс басқармасындағы жобалық бюроны басқарады. 1995 жылы Байқоңыр ғарыш айлағын қолданудың негізгі қағидаттары мен талаптары туралы келісім­нің халықаралық нормаларына сәйкес аталған кешендегі Қазақстан Республикасы Пре­зи­­дентінің арнайы өкілі инс­титутының енгізілуі барысында кейіпкеріміз осы лауа­зымға тағайындалып, ғарыш ай­лағындағы Мемлекет бас­шысының алғашқы арнау­лы өкілінің жауапты лауазы­мында он жылға жуық жемісті қызмет атқарған болатын. Бұл жайт нақты дерек ретінде айлақтағы Ю.А.Гагарин атын­дағы мұражайда айрықша көрсетілген. Осындағы қызметі барысында ол Бай­қоңыр ғарыш айлағының нысанда­рын құруға өз үлесін қосып, оның 200-ала­ңының №39 қосу құрылғысын, 110-алаң­ның уақытша құрылыс қала­шы­­ғын, 112-алаңның сынау-құ­рас­тыру ке­шенінің қайта жа­ңар­тылуларын жа­сау­­ға қа­тыс­ты. Ленинск қаласын қалып­­тас­тыруға қатыса отырып, ол автор­лық топ­тың құрамында шаһардың «Ар­бат» жаяу жүр­гін­шілер көшесі, «Ра­ке­та» монументі мен Ю.А.Гагариннің ес­­керткіші тәрізді көрікті жерлерімен қо­са, Абай даңғылы мен орталық базар сы­н­ды өзге де көптеген нысандарды жо­­балау мен салуға барын салды. А.Құ­нан­баевтың 150 жылдық мерейто­йында сол даңғылда ұлы Абайдың қола­дан жа­салған ескерткішін орнатуды ұйым­д­а­с­тырған азаматтығының өзі неге тұрады?! Байконур Мемлекет басшысының алғашқы арнаулы өкілі қызметін атқара отырып, Байқоңыр ғарыш кешенін жалға беру жағдайындағы халықаралық құқықтық базаны әзірлеуге белсене қатысты. Арнаулы өкіл институтының қалыптасуының ең қиын кезеңдерінде Ресей тарапының басшылары мен Қазақстан мамандарымен бірлесе, қаланың және Байқоңыр ғарыш айлағының тіршілігі жөніндегі халықаралық шарт құжаттарының іске асырылуын қамтамасыз етті. Арнаулы өкіл Ерғазы Нұрғалиевтің осындай қызметі барысында Байқоңырдағы қазақ­стан­дық азаматтардың конституция­лық құқықтарын қорғау жөніндегі жүйелі және бірізді жұмыс жүргізілді. Оған бір­неше жылдан бері Байқоңыр қаласы тір­ші­лігінің ресейлік бюджетпен толық қар­жыландырылуы және осы азаматтың ық­палымен алты қазақ мектебінің ашылуы жарқын мысал бола алады. Адамгершілік пен әдептілікті алғаш­қы орынға қоятын ардагер кәсіби дең­гейінің биіктігімен Байқоңырда жұмыс істейтін Қазақстан мен Ресейдің ба­рлық деңгейдегі ведомстволары бас­шы­ларының, сондай-ақ қала мен өңір тұрғындарының арасында жоғары бедел мен құрметке ие болды. Еткен еңбек пен төккен тер зая кеткен жоқ. Достық пен ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін ол Елбасының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерімен, «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалдарімен марапатталса, Ресейдің Федеральды ғарыш агент­тігінің марапаттары болып табылатын К.Циолковский, В.Филиппов медальдары да оның кеудесіне тағылады. Қазіргі кезде де Ерекең ғарыш са­ла­­сындағы қызметін жал­ғастырып, Халық Қаһар­маны, егемен елдің қос ғарыш­керінің бірі ­– Талғат Мұсабаев басқаратын Ұлттық ғарыш агенттігінде жауапты хатшы лауазымында жемісті еңбек етіп келеді. Жалпы ғарыш дегенде Ер­ғазы Мейірғалиұлының кейінгі толқынға айтары жетіп артылады. «Әуелі қан­­­дай да бір мамандықты игеру үшін оған деген қызығушылығың мен сүйіс­пеншілігің молынан болуы керек. Содан кейін еңбекті ұқсата алсаң ғана, сол жұмысыңнан рахат табасың. Қиын­дығы да, қы­зы­ғы да көп ғарыш саласында қызмет ету екінің біріне бұйыра бермес. Дегенмен де ынта қойсаң алынбайтын қамал болмайды», – дейді ол. Сондай-ақ, Ерекең Ұлы Абайдың: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғылымды көрсеңіз, ондай болу қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз», деген өлең жолдарын жастарға үнемі қайталаумен келеді. Одан ол бір сәтке де жалыққан емес. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан»