Спорт • 05 Желтоқсан, 2022

Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына

535 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өткен апта соңында Астана қаласындағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты ауыл спорт нұсқаушыларының І республикалық конференциясы өтті. Маңызды басқосуға салаға жауапты ведомство басшылары, тәжірибелі бапкерлер мен танымал спортшылар, осы саланың білгір әдіскерлері, маман нұсқаушылары, сондай-ақ облыстық спорт басқармаларының басшылары және өңірлердегі денешынықтыру-спорт орталықтарының директорлары қатысты.

Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына

Бұл реткі жиынның мақсаты – ауыл спортының проблемалары мен өзекті мәселелерін талқылап, сонымен қатар озат тәжірибелерді көпшілік назарына ұсыну екен. «Көркейсе ауыл – көркейе­міз бәріміз» дегендей, қазақтың кіндігі байланған ауылды асқақтатпай, оның экономикалық әлеуетін көтермей ұлыстың іргесі бекімейді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қараша күні Астанада өткен ұлықтау рәсі­мінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын мәлімдеп, Үкіметке ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырған болатын.

Мәртебелі жиынды ашып, кезекті басқосудың мақсатын көпшілікке та­ныс­тырған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сөзін Президент бастамасымен ұштастыра отырып: «Мемлекет басшысы кезекті Қазақстан халқына Жол­дауында: «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген еді. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында министрлік «Денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөнінде 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірлеп, ол Үкімет қаулысымен бекітілді. Дәл қазір республикамыз­дың барлық өңірінде жо­ғарыдағы жоспар­ға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі жиын осы бастамаларды әрі қа­рай жетілдіру үшін ауылдық жерлердегі спорт нұсқаушыларының республика­лық алғашқы конференциясын ұйымдасты­рып отыр. Қазіргі таң­да көпке танымал кәсіби спортшылар тү­гелдей дерлік ауыл­дан шыққан. Осы үрдіс болашақта үзілмей, жалға­сын табатынына сенеміз. Қазіргі таңда республикамыздың ауылды жерлерінде 4114 жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұл мамандардың қол астында 300 мыңнан астам адам жаттығады. Бұған қоса ауыл­дарда 3065 спорт нұсқаушысы бар. Бұлар­дың әрқайсысы орта есеппен 40 адамнан спортқа тартқанның өзінде 100 мыңнан аса ауыл тұрғыны денешы­нықтырумен шұғылдануына мүмкіндік бар. Бұдан былай ауыл спортына қатысты мәселеге атүсті қарауға негіз жоқ. Ауыл спорты мем­лекетіміз үшін әрқашан маңызды», деді Дәурен Әскербекұлы.

Министр мырза айтқандай, қазақ­тың атын әлемдік деңгейге көтерген спортшылардың дені ауыл балала­ры екен. Атап айтқанда, Әлжан Жармұ­хаме­дов, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұя­қов, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұр­маханов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ибрайымов, Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, Елдос Сме­тов, тағысын тағылар. Енді мына дерекке назар аударсаңыз, 1992-2022 жылдары Қазақ елінің 46 спортшысы Олимпиада және әлем чемпионы атанса, осылардың 24-і қарапайым ауыл тумалары болса, 13-і қалалық ұландар, ал қалған 9-ы сырттан келген легионерлер екен (1-кесте). Осы бір деректің өзінен-ақ ауыл баласының әлеуетін аңғаруға болады.

Осы орайда конференцияның негізгі баяндамасын жасаған Мәдениет және спорт министрлігі Денешынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдіс­темелік және талдау орталығының дирек­торы Қыдырбек Рысбекұлының пайы­мына жүгінсек: «Ауыл баласының тәр­биесі басқа, салты бөлек, ішкен тамағы таза, табиғи, құнарлы. Еліміз спорты­ның сенімді тірегі ауыл екеніне нақты дәлел: Астана ел ордасы болғанына 25 жыл толды. Қазір халқы миллионнан асқан бұл қаладан осы уақытқа дейін бір төл баласы ересектер арасында әлем чемпио­ны не жүлдегері болған жоқ. Ал сексен мың тұрғыны бар Жаңақорған ауданынан кейінгі 10 жылда ауыр атлетші Алмас Өтешов пен балуан Дәулет Ниязбеков сияқты әлем чемпионатының екі бірдей күміс жүлдегері шықты», деді.

вав

 * * *

Атам қазақ «қарғаны баптағанмен қыран болмас» дегендей, бұл жерде ауыл спорты төрт аяғын тең басып, су жорғадай тайпалып тұр деуге келмейді. Алда шешімін табуға тиіс мәселелер де баршылық екен. Денешынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының өңірлерге жүргізген сараптамалық-талдау құжаттарына назар аударсақ, ауылдық жерлердегі спорттық мекемелерде 4114 бапкер қызмет атқарса, республика бо­йынша Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 257 749, спорт клубтарында 15 322, жасөспірімдер клубында 40 578 оқушы спорттың сан алуан түрлерімен айналысады екен. Бұған ауыл типтес елді мекендердегі кәсіптік оқу орындарында білім алып, жергілікті спорттық клуб­тарда денешынықтырумен тұрақты ­айналатын 32 812 студентті қосып қойыңыз (2-кес­те). Сондай-ақ респуб­лика бойынша ауыл­дық жерлерде еңбек етіп жүрген 3065 спорт нұсқаушысының 1708-інде жоғары, 629-ында арнаулы орта білім бар. Алаң­да­тарлық жағдай 700-дей нұсқаушыда маман дипломы жоқ.

Келесі бір маңызды дүние – нұсқау­шыларға еңбекақы төлеу мәселесі. «Жоға­рыдағы 3065 спорт нұсқаушысының ­көбі­нің айлық жалақысы шайлығына зорға жетеді. Көпшілігінің жұмыс істеуге құлқы жоқ. Ауылда жұмыс болма­ған­дықтан амал­сыз жүргендер», дейді Дене­шынықтыру және спорт бойынша рес­публикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбекұлы.

Оның сыртында нұсқаушыларға әр өлкенің бюджетіне байланысты төлене­тін жалақы әрқилы. Мысалы, Қызылорда облысында спорт нұсқаушыларының жұмыстары аудандық спорт бөлімдері арқылы мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асады екен. Жыл сайын ақпан айында конкурс ұйымдастырылып, нау­рыздың соңына қарай жеңімпаз анық­талғанға дейін нұсқаушылар айлық ала алмай қиналады. Осының салдарынан кейбір жақсы мамандар басқа жұмыс іздеуге мәжбүр. Нұсқаушылардың айлық еңбекақысы Жаңақорған, Шиелі аудандарында 54-57 мың теңге болса, Сырдария ауданында 35 мың, Қармақшы ауданында 30 мың теңгені құрайды. Атқарылатын іс-шара көп, бірақ жалақы нұсқаушылардың еңбегіне татымайды. Сонымен қатар Жаңақорған, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарындағы әр нұсқаушыға 180 ауыл адамын спортқа тарту жүктелсе, бұл көрсет­кіш Арал ауданында 135, Қазалы ауданында 190, Сырдария ауданында 160 адамдық межеге сай жоспарланыпты.

Сөйте тұра Алматы, Жетісу, Жам­был, Павлодар облыстарының спорт нұсқау­шыларының айлық ақылары бапкерлер мен әдіскерлер тәрізді ешқандай конкурссыз тұрақты беріледі. Жалақысы шамамен 70-130 мың теңге. Ал Ақтөбе облысында нұсқаушылардың жалақысы аудандық спорт бөлімдері мен спорт мектептері арқылы төленетін тәртіп бар.

Жоғарыда республика бойынша ауыл­дық жерлерде 3065 спорт нұсқаушы­сы қыз­мет ететіні туралы айттық. Бұл – өте үлкен әлеуметтік контингент. Әр нұс­­қау­­­шы орта есеппен 30 адамды спорт­қа тарт­­­қанның өзінде 100 мың адам­дың ба­сы құра­лады екен. «Біз спорт сала­сын­дағы маман­дарды ғана айтып отырмыз. Бі­лім саласы арқылы жұмыс істейтін нұс­қау­шылар да бар. Оларды естен шы­ғар­маған жөн», дей­ді баяндамашы Қ.Рысбекұлы.

Осы жерде айта кететін тағы бір өте маңызды дүние: кейбір өңірлерде нұсқау­шыларға жылына 10-нан астам спорт­тық іс-шара ұйымдастыру міндеттелген. Бірақ оны іске асыру үшін қаражат ­қа­рас­тырылмаған. Соның салдарынан нұс­­қаушылар бұл істі мардымсыз жала­қысының есебінен атқаруға мәжбүр. Тіпті ауыл, аудан, облысаралық жарыстарға шәкірттер апару үшін не демеуші іздейді, болмаса өз қаражатын жұмсайды. Мұндай жағдай спорттың бұқаралық сипат алуына кедергі келтірері хақ.

«Осындай қиындықтарға төзіп қызмет атқарып жүрген ауыл нұсқаушыларына қайта алғыс айтуымыз керек. Ең бастысы, нұсқаушылардың жалақысын республика бойынша бір жүйеге келтіру қажет. Бұл жерде ескеретін жағдай, нұсқаушылар спорт мектебінің жаттықтырушыла­ры тәрізді шәкірттерінің жетістігі үшін үстеме­ақы алмайды. Жергілікті атқарушы орган бекіткен немесе конкурстағы қара­жат көлеміне сай бөлінген еңбекақыны қанағат тұтады. Ал олардың жалақысы аз болған сайын жұмыс сапасы да төмен болады», дейді бас баяндамашы.

Бұл реткі жиыннан аңғарғанымыз, ауыл нұсқаушыларына қатысты проблема баршылық. Біраз нұсқаушылар ауыл әкімдерінің қарамағында болса, біразы жекеменшік шаруашылық басшыларына бағынады. Яғни әкімшілік басқарылу жағынан да кемшілік бар.

«Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік. Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік», деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айт­қанындай, жоғарыда айтылған келең­сіздіктер қалыптасқалы қашан. Тіпті бұған дейін, кеңестік кезеңде де, тәуел­сіздік жылдарында да ауыл спорты мен нұс­қаушыларының қызметі жайында республикалық деңгейде ешқандай тал­қылау өтпеген екен. Жиынға қатысушылар мен баяндамашылар тарапынан бұл конференция аса қажет, дер кезінде қолға алынған шара деген пікірлер көп айтылды.

 * * *

Десе де «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, жекелеген ауыл-аймақтарда атқа­рылып жатқан игі істер де баршылық көрінеді. Мұны біз спорт кешенінің кіре­берісінде кең залға қойылған көрмеден аңғардық. Көрме төріне 17 облыс пен кей­бір жекелеген аудандарда атқарылған жұмыстар туралы сараптамалық кестелер жайғасыпты. Осыны көріп, көп дүниені көңілге түйдік.

Атап айтқанда, Жетісу облысы, Пан­филов ауданы, Тұрпан ауылына Жалғас Алтынбеков атты кәсіпкер жеке қаржы­сына спорт кешенін салып берген екен. Осы ғимаратта қазір күрес түрлері, үстел теннисі, футбол және ұлттық ат ойын­дары, т.б. бойынша 100-ден астам жас­өспірім жаттығып жатса, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орта мектептердің спорт залдарынан басқа 12 денешынықтыру және спорт кешені, 42 жазық алаң халық игілігіне қызмет етіп жатыр екен. Желтоқсан айында тағы да 10 жазық алаң пайдалануға беріліп, 2025 жылға дейін ауданының 26 ауылы жаңа спорт ғимараттарымен қамтамасыз етілетін көрінеді.

Жоғарыдағы нәтижелі еңбектері үшін «Жаркент – Алғыр» компаниясының дирек­торы Жалғас Аманкелдіұлы мен Жаңақорған аудандық спорт бөлімінің басшысы Махмұд Рахымжанов Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Келесі бір зор жетістік, Түркістан облысы Шардара ауданы қол күрес спортын әлемдік деңгейге көтеріпті. Бұл аудан­нан соңғы 25 жылда 102 спортшы қол күресінен әлем чемпионы атанған. Бұл керемет жетістік. Бір ғана спорт түрінен әлемге әйгілі болған Шардара тәжірибесін неге ел көлемінде насихаттамасқа... Бұл айтылғандар өңірде атқарылып жатқан жақсы істердің шет-жағасы ғана.

Конференцияны қорытындылаған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ауыл нұсқаушылары мен жаттық­тырушыларды толғандырып жүрген мәселелерге атүсті қарауға болмайтыны хақында ескертіп, баян­­дамаларда қоз­ғалған мәселелер на­зар­ға алынаты­нын қадап айтып, министр­лік тара­пынан ұйымдастырылған «Үздік ауыл нұс­қаушысы» конкурсында үздік деп танылған 15 маманға арнайы сый­лық табыс етті. Сонымен қатар ведомст­во­ның Құрмет грамотасымен Түркістан облысы Шардара аудандық спорт клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, спорт нұсқаушысы Мағжан Шәмиев марапатталса, Ақтөбе облысы, Байға­нин ауданы, Қарауылкелді ауылының Бала­лар мен жасөспірімдер спорт мектебі­нің жүзуден аға жаттықтырушысы, спорт нұсқаушысы Астам Бағандықовқа Алғыс хат берілді.

Жиын соңында Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешы­нық­тыру істері комитеті облыс әкім­дері­мен бірлесе отырып, ауылдық жер­лер­дегі спорт нұсқаушыларының білік­тілі­гін арт­тырумен қатар, олардың жұ­мы­сын жандандыруды; спорт нұсқау­шы­лары­ның біліктілігіне мән беріп, олар­дың то­лық ставкамен жұмыс істеуін қам­­та­ма­сыз етуді; ауылдық жерлердегі спорт нұс­қаушылары жылдық күнтізбелік спорт­тық жоспарға сәйкес өткізілетін шараға жет­кілікті қаражат бөліп, оның жүзеге асуын қатаң бақылауға алуды; ауыл жас­та­рына патриоттық тәлім-тәрбие беру мақ­сатын­да танымал қайраткерлермен, бел­гілі мамандармен, Олимпиада және әлем чем­пиондарымен тұрақты кездесулер өт­кізу­ді; ауылдық жерлерде бұқаралық спорт­ты дамыту үшін типтік үлгідегі дене­шы­нық­тыру-сауықтыру кешендерін салу­ды; ауыл жастарына жалпы білім беру ме­ке­­мелеріндегі спорт залдарын сабақ­тан тыс уақытта пайдалану үшін аудан­дық дене­шынықтыру спорт бөлімі мен аудан­дық білім бөлімі арасында меморандум жа­са­лып, бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұ­ғыл­дану мәселесін жолға қою жайлы қарар қабылданып, осы істерді мүлтіксіз жүзеге асыру жауапты тұлғаларға тап­сырылды.

 ывыв 

ывыв 

ывы