Экономика • 05 Желтоқсан, 2022

«Alageum Electric»: аршынды қадамдар

378 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанның айшықты брендіне айналған «Alageum Electric» компаниясының құрылғанына – 25 жыл. Электрмашина жасау саласындағы жетекші компания шығаратын жабдықтар еліміздің стратегиялық маңызды нысандарына қызмет көрсетіп келеді. Компания өндіріс қуаты мен өнім сапасы тұрғысынан да жаңа белестерді бағындырып отыр. Осының бәрі аты мен абыройы алысқа тараған «Alageum Electric» компаниясының аршынды қадамдарының нәтижесінде жүзеге асып жатқанын атап өтуге тиіспіз.

«Alageum Electric»: аршынды қадамдар

ТМД аумағындағы таңдаулы компания

«Alageum Electric» – ТМД-дағы трансформаторлар мен электртехникалық өнім­дердің ірі өндірушісі. Компания 1997 жылы құрылған. Негізінен электртехникалық өнімдерді жо­ба­­лауға, өндіруге және мон­таждауға ма­ман­­­данған. Холдингтің құ­рылу жолында Сайдолла Қожабаев бас­таған энтузиастардың еңбегі зор. Олар Қа­зақстанның электрмашина жасау тарихын өзгертіп, батыл қадам жасады. Осылайша, 1997 жылы 17 қарашада «Alageum Electric» тобы құрылды. Бүгінде ол са­ланың инновациялық дамуының флагманына айналды.

Әлбетте, компаниялар тобының даму тарихы көз алдымызда. Тарихтың ішінде ізденістер мен тың жаңалықтар, жетістіктер мен рекордтар, қиындықтарды жеңу мен күрделі мәселелерді шешу жағдайлары бар. Холдинг құрылтайшыларының алыс­ты аңғара білетіндігінің, «Alageum Electric» коман­дасының сауатты басқаруы мен кәсіби­лігінің арқасында топ отандық кәсіп­орын­дар­дың әлемдік нарықтан лайықты орын ала алатындығын нақты іспен дәлелдеп берді.

«Alageum Electric» компаниялар тобының құрылтайшысы және акционері Сайдолла Қожабаевтың айтуынша, холдинг құрамындағы ең көне кәсіпорын – Кентау трансформатор зауыты. Ол 1959 жылы құрылған.

– 1997 жылы «Alageum Electric»-тің қана­тының астына кірген зауыт сол кезде банкрот­тықтың аз-ақ алдында тұрған еді. Зауыттың салықтар бойынша қарызы 76 млн теңгеге, жа­лақы бойынша берешегі 53 млн теңгеге жетті. 25 жыл ішінде зауыт банкрот­тықты еңсеріп қана қоймай, өндірістік процестер мен қаржылық нәтижелерді жоғары деңгейге көтерді. Сонымен бірге тауарлық өнімді өндіру деңгейін 200 есе арттырды. Ал компаниялар тобы бойынша өндіріс көлемі 1 мың есе өсті, – дейді Сайдолла Қожабаев.

1997 жылы кәсіпорынның номенклатурасы 10-нан аспайтын. Ал бүгінде өнімдердің тізбесі 400-ден асып түсті. Олардың барлығы дерлік Қазақстанда бұрын өндірілмеген, экспорттық сұранысқа ие өнімдер. Forbes нұсқасы бойынша «Alageum Electric» Қазақс­тан­дағы 50 ірі жеке компаниялардың рейтингіне енді. Бұл ретте бір ғана Кентау транс­форматор зауытының ел бюджетіне төлей­тін салықтық төлемдерінің жалпы сомасы кейінгі 5 жылда 14 млрд теңгені құраған.

– Холдингтің қанатының астындағы кәсіпорынның бірі – Орал трансформатор зауыты. Ол 2014 жылы пайдалануға берілді. Бұл кәсіпорынды «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның жарты ғасырлық жұмыс тәжіри­бесінің жемісі десе болғандай. Өйт­кені зауыт дәл осы кәсіпорынның тәжіри­бесі негізінде іске қосылды. Содан бері кәсіпорын отандық өнімді халықаралық нарыққа ұсынып келеді. Зауыттың өндірістік қуаты 13 мың трансформаторды құрайды. Мұндағы өнімнің 95 пайызы экспортқа ба­ғыт­талған. Зауытта электртехникалық жаб­­дықтар өндірісінің жаңа технологиялары ен­­гізілген. Қазір мұнда 300-ге жуық адам еңбек етеді, – дейді «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Серғазы Күнтуаров.

Жаңа технологияларға басымдық береді

Топ құрамына кіретін Ақтау трансфор­матор зауыты – Қазақстанда бетонды транс­форматорлық подстансаларды өндіре­тін жал­ғыз кәсіпорын. Зауыттың негізгі өнімі – электр қалқан жабдығы. Кәсіпорын 2018 жылы Маңғыстау облысының Индустрия­лан­дыру картасы шеңберінде жобаланып, іске қосылды.

Сондай-ақ 2018 жылы Шымкент қала­сында салмағы 300 тонна, кернеуі 110, 220, 500 кВт қуатты трансформаторлар мен реак­торлар шығаратын Asia Trafo зауыты іске қосылды. Ол – Орталық Азиядағы трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. Asia Trafo-ның негізгі өнімі – қуаты 500 МВА-қа дейінгі, кернеуі 110, 220, 500 кВт-ты құрайтын күштік май трансформаторлары мен автотрансформаторлар, реакторлар. Зауыттың жобалық қуаты жылына 12 мың МВА-дан асады. Өндіріске прогрессивті және экологиялық таза технологиялар енгізілген. Олардың басым бөлігін әлемдік өндірушілер енді-енді қолданыла бастады. Мұнда конструкторлық құжаттаманы әзірлеуден бастап шығарылатын бұйымдарды тиеп-жөнелтуге және сервистік қызмет көр­сетуге дейінгі өндірісті басқарудың жаңа жүйе­сі орнатылған.

«Alageum Electric» құрамына еліміздің облыс орталықтарында орналасқан 10-нан астам мамандандырылған монтаждау бас­қар­ма­ла­рын біріктіретін «Электромонтаж» АҚ да («ЭЛМО» АҚ) кіреді. Холдинг құрамына енген сәттен бастап кәсіпорын экономикалық әлеуетті едәуір күшейтті, бизнес-процестер жүйеленді әрі жұмыс стандарттары көтерілді. «Электромонтаж» АҚ құрамында ыстық мырыштау қызметтерін ұсына отырып, науалар, тіректер, кабельдік сөрелер және перфорацияланған қораптар шығаратын электрмонтаж бұйымдары зауыты жұмыс істейді.

Былтыр «Alageum Electric» Петропавл қаласының «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында солтүстік өңір үшін бірегей кәсіпорынды – Петропавл электртехникалық зауытын іске қосты. Ол бір жылда 13 мың өнім шығара алатын өндірістік қуатқа ие. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – шыға­ры­латын өнімнің 98 пайызы ТМД ел­деріне экспортталады. Өнімдерінің негіз­гілеріне тарату трансформаторларын, жоғары вольтты ұяшықтарды және басқаларын жатқызуға болады. «Alageum Electric» компаниясы Солтүстік Қазақстан облысына 10 млрд теңгеден астам инвестиция құя отырып, жаңа жұмыс орындарын ашты. Бұған қоса тұтас өңірдің өндірістік және экономикалық өсуіне ықпал етті. Кәсіпорын 350-ден астам адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ете алады. Тұрақты жалақыдан бөлек, қызметкерлеріне тұрғын үй беріледі. Мәселен, биыл 40 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Тағы бір 104 пәтерлі үй салу жоспарланып отыр. Осылайша, бір жыл ішінде жергілікті әкімдіктің қолдауымен арнайы экономикалық аймақта экспортқа бағдарланған инвестициялық жоба іске асырылды.

– Компания жүйрік уақытпен жарыса жүйткіп келеді. Тиісінше, үнемі жаңа технологияларды енгізуге ден қояды. Тиімді басқа­ру­дың нәтижесінде «Alageum Electric» зауыт­та­ры пандемия кезінде де жұмыс істеп, жаңа қуаттарға шығуды ойдағыдай жалғастырды. Петропавл электртехникалық зауытынан бөлек, бертінде іске асырылған жобалардың қатарына осы жылы Орал қаласында іске қосылған панельдік радиаторлар шығаратын зауытты да қосуға болады. Кейінгі бірнеше жылда 4-500 кВ кернеу диапазонындағы электртехникалық өнімдердің толық өнім желісі игерілді. Өндірілетін өнім номенклатурасында әртүрлі модификациядағы энергия үнемдейтін трансформаторлық жабдық, экологиялық таза құрғақ трансформаторлар бар, – деп нақтылады «Alageum Electric» компаниялар тобының Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрмахан Әбдірахманов.

Компанияда кайдзен жүйесі енгізілген

Үздіксіз инновациялық дамудың нәти­жесінде «Alageum Electric» трансформаторлары жоғары сапалы, сенімді жабдық ретінде беделге ие болды. Ел тарихында тұңғыш рет ЭКСПО-2017 көрмесі үшін Кентау трансформатор зауыты арнайы қуаты 80 мың КВА және салмағы 93 тонна болатын 110 кВ трансформаторлар жасады. Бұл жабдық ондаған мың тұтынушыға сенімді электр қуатын ұсынып, үздіксіз қызмет ете алады. Бұл ретте трансформатордың аталған моделі бизнес-кластағы бір автомобильден қымбат емес, бірақ стратегиялық тұрғыдан маңызы жоғары.

– Компания табысының негізгі факторы – оның қызметкерлері, кез келген міндетті шешуге қабілетті мамандар тобы. Кәсіп­орын­дар­да ғылымды қажетсінетін өндірістің дамуын, ұтымдылықты және ин­новацияларға деген ұмтылысты ескере отырып, өзін-өзі дамыту арқылы қоғамға пайда әкелуге негізделген кор­поративтік құндылықтар енгізілген. Со­ның бірі – жа­пон­дық кайдзен жүйесі. Оның мақсаты – өндірістік процестерді үнемі жақсарту, бас­қаруды оңтайландыру, қыз­мет­керлер өмірінің барлық аспектісімен жұ­мыс істеу. Холдинг құрылғаннан бері қыз­меткерлер саны 4 500-ге дейін өсті, – дейді Сайдолла Қожабаев.

Компаниялар тобы табиғи ресурстарға ұқыпты қарау қағидаттарына адалдық танытып, өндіріске энергия үнемдейтін техно­ло­гияларды енгізуде. Asia Trafo кәсіпо­рнының кеңсесі 2020 жылы өнеркәсіптік кәсіп­орын­дар арасындағы «Жасыл кеңсе-2020» байқауында же­ңімпаз деп таныл­ды. Өнді­ріл­ген транс­фор­маторлардың жұмыс кезінде шу деңгейі төмен, сонымен қатар қоршаған ортаға әсер ету ықтималдығы аз. Зауыт құрылысында жылу айнасы қағидаты бойынша жұмыс істейтін мультифункцио­налды терезе бар. Ол кәсіпорынның оңтайлы микроклиматын тиімді қолдау үшін инновациялық және тех­никалық тұрғыдан дәлелденген шешім. Терезе жылу сәулелерін екі жаққа да сәтті шағылыстырады, бұл қыс мезгілінде жылуды сақтауға және жаздың аптап ыс­ты­­ғында шамадан тыс қызудың алдын алу­ға мүмкіндік береді. Бұл 90 пайызға дейін жылуды қалпына келтіру функция­сы­мен бірге кеңсе бөлмелерін жылыту неме­се салқындату кезінде ресурстарды айтарлықтай үнемдейді. Сондай-ақ зауытта автоматты жарықтандыру жүйесі, өздігінен суару және жасыл желектерді там­шы­латып суару, қоқыстарды бөлек жинауға ар­налған контейнерлер орнатылған. 2017 жыл­дан бас­­­тап қазіргі уақытқа дейін 1 мың­нан астам ағаш отырғызылды.

Компания аймақтардағы өзінің әлеу­мет­тік жауапкершілігін сезіне отырып, жыл са­йын қайырымдылыққа қаражат бөледі. Кейінгі 10 жылда демеушілік пен қайырымдылыққа 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Соңғы 5 жылда компания Қазақстанда мә­дениетті дамытуға айтарлықтай қолдау көр­сетті. Мәселен, Астанадағы опера және балет театры мен ұлттық хореография академиясына қолдау көрсетілді. Сонымен қатар «Alageum Electric» инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға инвестиция құюда. Осылайша, 2017 жылы Қостанайдағы көпір­лер­дің бірінің аумағында жарықтандыру қайта жаңартылды, ал Шымкентте «Тассай» индустриялық аймағына кіретін арка салынды. Сонымен қатар компания түрлі үкіметтік емес ұйымдарға, соның ішінде балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын «Асыл бала» қауымдастығына демеушілік көмек көрсетеді. «Alageum Electric» қолдауымен 2017 жылы мүмкіндігі шектеулі студенттерге арналған кәсіби олимпиада өткізілді. Холдинг жыл сайын аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен ардагерлерге атаулы көмек көрсетеді. 2018 жылы Alageum Electric Vласть интернет-журналы түз­ген Қазақстанның өнеркәсіптік компаниялары арасында қайырымдылық рейтингте 26-орынға ие болды.

Білікті кадрларды даярлау үшін құрылған «Кентау трансформатор зауыты» АҚ жа­нындағы Кентау политехникалық колледжі базалық кәсіпорынмен ынтымақтастық орна­тудың озық үлгісі бола алады. Мұнда хол­­дингтің қажеттіліктері үшін кадрлар даяр­­­­­ланады. Шәкіртақы төлеуден бастап ке­пілд­і жұмысқа орналасуға дейінгі шаруалар ойдағыдай реттелген.

Холдинг 25 жылдығын электртехникалық жабдықтарды әзірлеу және өндіру саласын­да­ғы толайым табыстарымен қарсы алды. Клиенттердің заманауи тенденциялары мен талаптарына сүйене отырып, қоймалармен және мамандандырылған өндірістік базалармен жабдықталған, өңірлік желілері бар компания холдингтің барлық өнімін «бір терезе» арқылы сатады әрі қызметтердің толық кешенін ұсынады. «Alageum Electric» компаниясының өнімдері отандық және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді, сондай-ақ ТМД және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады.

«Alageum Electric» бүгінгі жеткен биікпен шектеліп қалмай, жаңа өндірістік кәсіпо­рын­дарды салу және іске қосу, жоғары қуатты электртехникалық жабдықтар өндірі­сін кеңейту бойынша жаңа мақсаттарды көздеп отыр. Технологиялық әлеуетке, реттелген өндіріске, абырой-беделге ие ком­па­нияның жергілікті әрі экспорттық нарықтардағы әле­уеті жоғары екеніне ешкім күмән келтіре алмасы анық.