04 Маусым, 2014

Әуедегі «жедел жәрдем»

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
DSC00819 Санавиация күдікті үмітке айналдырады Дәрігерлердің де дәрмен­сіздік танытар кезі болады. Ал­дындағы науқастың ауыр жағ­дайы, диагноз қоюда жет­кілікті медициналық құрал-жабдықтардың болмауы, дәрігер біліктілігінің кем­шіндігі жұмыс барысында кездесіп жатады. Сондайда шұғыл медициналық көмекті шақыртуға тура келеді. Міне, осы сәтте санитарлық авиация көмек қолын созады. Еліміздің даму стра­те­гиясының басты міндеттерінің бірі – тұрғындар денсаулығын нығайту және қолжетімді ме­ди­циналық көмекпен қам­та­масыз етіп, сапалы емдеу тәсілдерін пайдалану деп білеміз. Бұл тұрғыда да сани­тар­лық авиацияның қызметі зор көмегін көрсетіп тұр. 2009 жылы республиканың кей­бір облыстарында, со­ның ішінде Қызылорда өңі­рін­дегі облыстық медицина орталығының базасында сани­тарлық авиация қызметі қолға алынды. Ол үшін рес­публикалық бюджеттен 16,2 миллион теңге бөлініп, АН-2 ұшағы берілді. Сондай-ақ, арнайы мамандандырылған санитарлық топтан тұратын бөлімше ашылды. Бөлімше тәуліктің қай мезгілінде де толыққанды медициналық кө­мек көрсетуге дайын білікті ма­мандардан құралды. Олар ана мен балаға, инсульт ал­ған науқастарға дер кезінде кө­мектесе алатын жағдайда болды. Сонымен қатар,  апатты жағдайларға арналған ма­мандандырылған құрал-жаб­дықтармен жабдықталды.  Санитарлық авиация бө­лімшесі құрылған жылдың өзінде 421 шақырту түссе, оның 26-сына жедел түрде ұшақпен көмек көрсетілді. Ал 2010 жылы санитарлық қызметке 555 шақырту жасалып, оның 28-і ұшақпен жеткізілді. Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің салынуына байланысты, 2011 жылы  республиканың 6 облысында автокөлік апатынан зардап шеккен ауыр науқастарға, мүгедектікке  алып келетін жағдайлар мен екіқабат аналар және сәбилерге көмек көрсету мақсатында республикалық бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, Ми-17 тікұшағы пайдалануға берілді. Осының арқасында,  69 науқасқа ұшақ арқылы көмек көрсетіліп, осыншама үміттер қайта жағылды. 2012 жылы 99 рет әуе ұшағымен медициналық жәрдем берілді. Оның ішінде, Астана, Алматы қалаларындағы республикалық клиникалар мен ғылыми орталықтарға 19 науқасты тасымалдады. Оның 3-уі аса ауыр инсульт, тағы 3-уі ауыр күйік, 9-ы жүкті әйелдер, 4 түрлі ақаумен туылған сәбилер еді. Республикалық жедел жәрдем орталығынан 20 рет ұшақпен 13 білікті маман-дәрігерлер келді. 2013 жылы 479 шақыртудың  96-сы әуе көлігімен дер кезінде тасымалданды. Жыл басынан бері санитарлық авиацияға аудандардан 118 шақырту түссе, оның 56-сы әуе көліктерімен әкелінген. Республикалық  орталықтардан облысқа 19 маман шақыртып, 23 науқасты Астана мен Алматы қалаларындағы түрлі клиникаларға жеткіздік. Биыл облыс әкімінің қолдауымен «Жол картасы» бекітіліп, санавиация құрамына неонатология, нейрохирургия, травматология, гинекологиялық  мамандандырылған бригадалар қосылды.  Бұл тиісті мамандармен қоса, санавиациялық қызметте жансақтау бөлімі және фельдшерлік қызметтің қатар дамығандығын білдіреді. Әрине, бұл сандардың артында өмір мен өлімнің арпалысқан сәттері тұрғанын біреу біліп, біреу білмес. Оның сыртында қаншама ана мен баланың, әке мен ананың, жақын-жуықтың  үміт ұшқыны сөнбей тұрады. Бір атап өтерлігі, 2013 жылы біздің облысымызда санитарлық авиация қызметінде алғаш рет екіқабат әйелді аман сақтау мақсатында жасанды қан айналдыру мен дем алдыру аппаратына қосып, республикалық клиникаға аман-есен жеткіздік. Бұл – дүниежүзі бойынша бірінші рет қолданылған заманауи тәсіл. Осының нәтижесінде республиканың білікті мамандары Ресейдің шақыртуымен Томск қаласында арнайы тәжірибе бөлісіп, оқулар өткізді. Ал жеткізілген ана аман-есен босанып, сәбиі өсіп келеді. Ортақ аумағы 700-800 шақырымға созылатын біздің облысымыз үшін санитарлық авиация қызметінің аса қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Ауыр түрде инсульт алған науқастар мен шұғыл жағдайдағы екіқабат әйелдерге, ақаумен туылған сәбилерге дер кезінде көмек беру, оларды орталықтағы мамандарға жеткізу немесе республикалық ғылыми орталықтарына апару, бұл – санитарлық авиация қызметінің зор мүмкіншілігі. Медицинада «алтын уақыт» деген термин бар. Бұл – науқасты алғашқы сағаттардан медициналық жәрдемге жекізіп, дер уақытында көмек көрсету деген сөз. Осы «алтын уақытты» тиімді пайдаланған жағдайда көптеген адамның өмірін аман алып қалуға болатыны дәлелденген. Ал «алтын уақытты» оңтайлы қолдану үшін санитарлық авиацияның көмегі әбден қажет. Мұрат ТЕЛЕУОВ, Қызылорда облыстық медицина орталығының директоры. ҚЫЗЫЛОРДА.