Спорттық ойындарға бәс тігуге, казино, ойын автоматтарымен ұтыс ойнауға деген қызығушылық өте жоғары. Естігені мен көргеніне еріп кететіндер құмар ойынның қауіпті екенін білсе де «бір-ақ рет ойнап көремін», деп тәуелді болып қалады. Тәуелділіктің соңы адамды құрдымға кетіріп, қарызға белшеден батырып жатыр. Құмар ойынның қызығынан шыға алмай, ақырында құнын өз өмірімен өтеуге дейін барады. Психологтер «құмар ойыншылар өлімге дейін итермелейтін деңгейге жетіп қалғанын өздері байқамай қалады», дейді.
«Құмар ойынға қаржылық жағынан қиналып жүргендер ғана емес, қалталы азаматтар да кіріп кетеді. Өйткені құмар ойын бір сәттік ләззат сыйлайды. Адамдар өздерін «ақша керек болған соң ойнадым» немесе «басқалар ойнап жатқан соң мен де ойнап көргім келді», деп ақтауға тырысады. Бірақ тәуелділіктің негізгі себебі бала кезінде ата-ананың жіберген қателігінде. Құмар ойынға әуестене бастаған адамның бірінші мінезі, айналамен қарым-қатынасы өзгере бастайды. Ортамен араласуды азайтып, ашушаң әрі тақыс болып кетеді. Жас балалардан гөрі ересек адамдарды ондай ортадан алып шығу, әдетінен арылту өте қиын. Өзім де сондай адамдармен жұмыс істеймін. Бірақ олардың барлығы өз еркімен емес, біреудің күштеуімен келген адамдар», деді психолог Серікгүл Сали.
Соңғы 10 жылдың ішінде АҚШ-та спорттық ойындарға бәс тігу қатты қарқын алған. Содан кейін 2018 жылы Жоғарғы сот штаттарға ұтыс тігуді заңдастыруға рұқсат берген. Ал Қазақстанда «Ойын бизнесі туралы» заң 2020 жылы қайта қабылданған. Осы заңның 6-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметтің мынадай түрлері жүзеге асырылады: казино; ойын автоматтары залы; букмекер кеңсесі; тотализатор», делінсе, 2-тармағында «электрондық казино және интернет-казино қызметіне тыйым салынады» деп жазылған.
Ойын бизнесі – мемлекетке қомақты салық төлейтін орындардың бірі. Оны заңдастырудың себебі де сол. Мәселен, АҚШ-та заң жобасы қабылдағаннан кейін 2020 жылдың бірінші жартысындағы заңды ұтыс сомасы 5 миллиард доллардан 2022 жылдың жартыжылдығында 50 миллиард долларға дейін өскен. Сәйкесінше, салық та көбейген. Ал Қазақстанда мемлекеттік салыққа 1 жылдың ішінде ойынханалардан 53 миллиард теңге түскен. Депутат Дана Нұржігіттің айтуынша, елімізде лицензиясы бар 30 букмекерлік кеңсе, 7 казино жұмыс істейді. Ойынханаларға лицензия 10 жылға беріледі. Алайда лицензиясыз ұйымдастырылып жүрген құмар ойындар қаншама?! Осы тұста заңсыз ақша айналымына тоқтау салу өзекті күйінде қалып отыр. Заңды белшеден басып жұмыс істеп жатқан ойынханалар көп болғанымен, құзырлы орындар заңсыздықты анықтап, оларға құрық салуға онша құлықты емес.
Қазіргі кезде құмар ойындардың жарнамасы қаптап жүр. Құмар ойыншылардың да саны еселеп артып жатыр. Елімізде 350 мыңнан астам құмар ойыншы бар. Олардың мойнындағы қарызы орташа есеппен 10 миллион теңге екен. «Құмар ойындардың жарнамасына тыйым салу туралы мәселе көтеріліп, заңға өзгертулер енгізілуі керек» деген де ұсыныс айтылған. Бірақ ойын бизнесі үлкен қаржының көзі болғандықтан оған тыйым салу мүмкін болмай тұр. Жарнамалық серіктестері де көбіне букмекерлік компанияларды жарнамалап күн көріп отырғандықтан одан бас тартпасы анық. Бірақ белгілі бір деңгейде тоқтау салмаса, қоғамдағы жағдай ушығып барады.
АҚШ-та 2021 жылы 21 жасқа толмаған жастарды құмар ойынға қызықтырғандарға қатысты сот ісі қозғалды. Қазақстан заңында да жас шектеулері бар және заңда рұқсат етілмеген орындарда құмар ойындардың өткізілуіне тыйым салынған. 11-баптың 2-тармағында: «Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында казиноны, ойын автоматтары залдарын, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассаларын) орналастыруға тыйым салынады», деп жазылған. Алайда ойын автоматтары кез келген жерге қойылған. «Қазақстанда ойын бизнесі тиісті деңгейде қадағаланбайды, заң орындалмайды», дейді заңгерлер.
Букмекерлік компаниялардың жарнамасы барлық жерде жүр. Қызған сауданы қыздыра түсіп, кірісті көбейту үшін ойын бизнесін ұйымдастырушылар барлық мүмкіндікті пайдаланады. Себебі бұл – бизнес. Әсіресе қазір интернет арқылы ұйымдастырылатын ұтыс ойындары көбейіп келеді. Сондықтан да заң жобасының күшейіп, жұртты адастыратын жарнаманың азайғаны дұрыс. Құмар ойын орға жықпаса өзге әкелер пайдасы жоғы белгілі. Қоғамда заңсыздықты болдырмау үшін заң күшейіп әрі ол іс жүзінде орындалуы маңызды.
Айтолған ЖҮНІСХАН,
ЕҰУ-дың студенті