Ғылым • 07 Желтоқсан, 2022

Білім көкжиегін кеңейткен

347 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адам капиталын дамытуға басымдық беріліп жатқан қазіргі уақытта білім беру саласының маңызы одан сайын арта түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұл бағыттағы жұмыстар жанданып, ілкімді бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте Астана қаласының білім беру саласындағы жаңалықтарды ерекше атап өтуге болады.

Білім көкжиегін кеңейткен

Бүгінде Астанада 326 078 баланы білім нәрімен сусындатып жатқан 653 ұйым бар. Оның 242-сі – мемлекеттік, 411-і – жекеменшік. Соның ішінде 236 757 контингенті бар жалпы білім беретін мектептер саны – 162. Яғни білімпаздарға мол мүмкіндік, кең жағдай жасалуда.

Ғылым мен технология қарышта­ған жаһандану дәуі­рінде адамның ақыл-ойы мен білімін бәсекеге қа­білетті етудің маңызы зор. Осынау қағиданы жас ұрпақ санасына сіңіру аясында Астана қаласының білім басқармасы мардымды жұмыстар атқа­руда. Бұл қатарда білім бе­ру мекемелеріндегі орын тап­шылығын азайту мәсе­лесі жүйелі реттеліп жатыр. Әсіресе, мемлекет-жеке­шелік әріп­­тестікті (МЖӘ) дамыту мақса­тында басқар­ма бүгінге дейін 8 жо­ба бойын­ша шарт жасасқан. Атап айқанда, 2017 жылы Білім бас­қар­масы мен «Бүл­діршін-2012» ЖШС арасында «№29 және №36 кө­ше­­лерінің қиылысында орна­ласқан 360 орын­дық бала­бақша салу және пай­да­лануға беру бойынша» шарт жасалды. Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелерінің орын тапшылығын шешуді мақсат тұтқан жобаның іске асыру мерзімі – 19 жыл.

Сонымен қатар 2019 жы­лы 6 жылдық іске асыру мерзімімен «Гуманитарлық колледжі» мемлекет­тік ком­му­налдық қазыналық кәсіп­орнын сенімгерлік басқаруға беру» және «Астана ха­лық­аралық универ­ситеті» ЖШС-на сенімгерлік бас­қаруға беру» туралы МЖӘ жобасы­ның келісімшарты жасалған. Бұл жобаның мақсат-міндеті – үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін құру; ұлт­тық, халықаралық орта­­лық­тар аккредиттеген за­манауи ака­демиялық бағ­дар­ламаларды қолда­ну, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын өткізу есебінен педа­гогикалық білім алатын студент­терді даярлау, сапасын арттыру; педагогтің жаңа кәсіби стандартын және мектепте білім берудің жаңа стандарттарын іске асыруды қамтамасыз ету, практикалық дайын­дық және еңбек нарығын педагог кадрлармен қамтамасыз ету.

Жаңа мектептер құры­лы­сына серпін берген жоба­лардың бірі ретін­де Binom мектептері ерекше­ленеді. Осынау тың бастама 2021 жылы «Binom education» ЖШС мен Астана қаласының құрылыс басқармасы, білім басқармасы, «Bereke Bank» АҚ ЕБ арасында жасалған МЖӘ шарттары арқылы қол­ға алынды. Атал­ған жоба негізінде былтыр төрт мектеп пайдалануға берілді. Бұл мек­теп­терге Қ.Сәтбаев, Ә.Бөкейхан, Қ.Мырза Әли, А.Байтұрсынұлы аттары берілді. Ал биыл қыркүйекте Ы.Алтынсарин атындағы мектептің есігі айқара ашыл­ды. Жыл соңына дейін Ә.Ке­кілбаев атындағы мектеп пайдалануға берілмек. Іске асыру мерзімі 5 жыл болатын жобаның мақсаты – жалпы білім беру ұйымда­рындағы орын тапшылығын азайту. Ал «Binom school» желісінің әр мекте­бінің жобалық қуаты 2 мың орынды құрайды. Міне, осындай шаруалармен елордадағы білім көкжиегі кеңейіп жатыр.

Бүгінде қалада бала са­ны шамадан тыс 18 мектеп бар. Бұған қоса үш ауысым­ды 8 мектеп жұмыс істеп тұр. Халық санының жыл сайынғы өсуін ескерсек, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде білім ошақтарына деген сұраныс тым жоғары. Сондықтан оқушыларды тиіс­ті оқу орындары­мен қам­тамасыз ету және білім беру ұйымдарына артылып жатқан жүк­темені жеңілдету үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажеттілігі бар. Бұл тұрғыда кейінгі 3 жылда 34 мектеп салынып, 70 мың оқу­шыны қамтуға мүмкіндік туды.

Сондай-ақ Астанада Пре­зи­дент бақылауындағы «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы бойынша да ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

«Ұлттық жоба аясында «Самұрық-Қазына құрылыс» акционерлік қоғамы есебінен және бюджеттік инвестиция­мен екі ауысымда 90 мың оқу­шыны қамтитын 24 мек­­­тепті салу жоспарланды. Аталған мектептердің құры­лысы 2023 жылы баста­лып 2025 жылға дейін пайдалануға беріледі. Бұл құрылыстарды жоспарлау барысында балалардың мектебі үйінен алыс болмауы ескеріліп отыр. Осы мақ­сат­та Астана қаласының Бас жоспарына сәйкес 102 жер телімі қарастырылуда. Сон­дай-ақ жаңа мектептерді салып қана қоймай, олардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға да баса мән беріліп жатыр. Осы жылы 37 білім беру ұйымына (15 мек­теп, 21 балабақша, 1 кол­леджге) күрделі және ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүр­гізілді», деді қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы.

Расымен, мектеп ішіндегі пәндік кабинеттердің заманауи талаптарға сәйкес­тендірілуі білім сапасын артты­руға сеп. Осы тұста қа­ла мектептеріне жаңа моди­фикациядағы 51 пәндік кабинеттер (химия, физика, био­логия) сатып алынғанын атап өткен жөн. Бұған қо­са биыл оқушылардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақ­са­­тында білім ұйымдары 100% бейне­бақылаумен қам­та­масыз етілген және Ішкі іс­тер департаментінің жедел басқару орталығына қосыл­ған.

Мемлекет басшысының «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында білім беру ұйымдарының кітапхана қорлары да көркем әдебиет­пен толықтырылған. 36 мектепте кітапханалар қайта жаңартылып, оқырмандарға арналған сoworking-тер де ашылды. Осынау игіліктердің барлығы оқушылардың сапалы білім алуына ықпал етіп жатыр. Оның бір дәлелі елордалық оқушылардың әр­түрлі деңгейдегі олимпиа­далар мен ғылыми жобаларда жеткен жетіс­тіктерінен айқын көрінеді. Атап айтқанда, биылдың өзінде елордалық ко­манда республикалық олим­пиадада рекордтық же­тіс­тікке жетіп, 24 ал­тын, 29 күміс және 40 қола медаль иеленген.

Сонымен қатар инклю­зивті білім беру назардан тыс қалған емес. Бүгін­де
20 мектептің базасында ре­сурстық орталықтар мен инклюзияны қолдау ка­­­би­­­­неттерінің жұмысы жүйе­ленген. Жыл басынан бері инклюзивтік білім беру бағы­ты бойынша «Асыл Ми­рас» аутизмі бар балалар­ды қолдау
ор­талығы мен №6 психоло-
гиялық-медици­­на­­лық-педаго-
гикалық консуль­тация (ПМПК) ұйымдары ашыл­ған. Жаңа оқу жылынан бастап №88 мектеп-лицейінде көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 4 арнайы сыныптың жұмысы ұйым­дастырылса, желтоқсан айының соңына дейін аутизм диагнозы бар ба­лаларды қолдау бойынша тағы да бір орталықты іске қосу жоспарлануда. Балалар санының өсуін ескере отырып, 2023 жылы тағы екі ПМПК ашу көзделуде.

Ұлт болашағының көсе­ге­сін білім­мен көгерткен елдің ертеңі кемел, еңсесі биік. «Білімдінің күні жа­рық» дегендей, білім бәсе­кесінде бәсі биіктеген елорда оқу­шыларының әр күні шуақты.