Оқиға • 07 Желтоқсан, 2022

Алматы облысында жеке үйден өрт шықты

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Космос ауылында түнде жеке үй өртеніп, үш адам қаза тапты, алтауы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында жеке үйден өрт шықты

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7 желтоқсан күні сағат 00:16-да Космос кентінде Первомайская көшесінің бойында жеке тұрғын үй өртенгені туралы хабарлама түскен.

ТЖД қызметкерлері шақыру орнына жеткенде 90 шаршы метр аумақта жеке тұрғын үй өртеніп жатқанын анықтады. Бұл үйде 2021 жылдан бері бір отбасы тұратын. Отбасында сегіз адам бар.

«Өртті сөндіру барысында 1960 жылы туған әйелдің, 2018 және 2019 жылы туған ұл балалардың мәйіттері табылды. Сондай-ақ өрт болған жерден сағат 01:30-да Есік қаласының орталық аудандық ауруханасына 1999 жылы туған әйел (қайтыс болған балалардың анасы), 2022 жылы туған ұл бала жеткізілді, 1991 жылы туған ер адам (қайтыс болған балалардың әкесі), 1958 жылы туған ер адам, (атасы), 2002 және 2004 жылы туған ер адамдар жеткізілді», деді ТЖД баспасөз қызметі.

Өрт 01:03-те оқшауланып, 01:15-те жойылды. Өрт фактісі бойынша 292-баптың 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.