Мазмұнды іс-шарада сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жазушының қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналған бірегей туындылары туралы парасатты ой қорытты.
«Қаламгер «Тар кезең» романында Сырым батыр арқылы қазақтың тағдыры мен отаршылық қамытын кие бастаған елдің тарихын жазып, әлеуметтік тақырыпты қозғады. Қажығали ағамыз кез келген мәселеге бейжай қарамай, тыңғылықты дайындалатын», дей келіп, сыршыл суреткердің қайраткерлік қыры мен ПЕН-клубқа сіңірген еңбегін атап өтті. Одан кейін «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы айтулы тұлғаның тұғырлы романын бүгінгі әдеби-мәдени ықпалдастықтың биігі деп қабылдайтынын жеткізді. Сондай-ақ басқосуға қатысқан басқа да зиялы қауым өкілдері Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығы мен азаматтық келбеті жайында салмақты сөз қозғады.
Содан кейінгі іс-шара Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жазушыны еске алуға арналған әдеби-сазды кешке ұласты.
Кеш шымылдығын Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов ашып, көрнекті қаламгердің әдеби мұрасы мен адами болмысына тоқталды.
«Қажығали ағамыз саналы ғұмырында ұлт руханиятын көркем шығармаларымен байытып, тарихымызды терең тануға қызмет етті. Ол кісінің «Не жазсақ та біліп жазайық» деген ұстанымы азаматтық болмысының тазалығын көрсетеді. Жазушы «Тар кезең» романы арқылы қазақтың бекзат болмысын, тектілігін, еркіндігін айшықты бейнеледі. Өз басым, ол кісімен кездесіп, әңгімелесіп, батасын алғаныма қуанамын. Қаламгердің қалдырған мұрасы халқымызбен бірге мәңгі жасай береді», десе, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев жиналған қауымға елорда басшысы Алтай Көлгіновтің жолдаған хатын оқып берді.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет көркем сөз зергерінің әдебиетке бірге келген тұстастары туралы айта келіп, прозашы шығармашылығының екі қырына айрықша маңыз берді.
«Оның біріншісі – әңгіме-повестері болса, екіншісі – «Тар кезең» романы. Бұл роман жазушының шығармашылық кемеліне келіп, талантының толысқан тұсында жазылды. Шындығын айтқанда, біздің отарланған тарихымыз толық жазылып болған жоқ. Біз неге осы уақытқа дейін жалтақпыз? Неге анда-мұнда қарай береміз? Соның бәрі отаршылдықтың қанымызға әбден сіңіп кеткен зардабынан. Ал оның түп-тамыры қайда? Турасын айтқанда, біз үндемей бағына берген халық емеспіз. Қазақ өзінің ер халық, батыр халық, қайраткер халық екенін көрсетті. Отаршылдыққа қарсы күрескен батырлардың бірі – Сырым Датұлы. Ағамыз баһадүр бабамыз туралы өлмейтін роман жазып, Сырымды өзінің биігіне шығарды. Сол арқылы қаламгердің өзі де биікке көтерілді», деп жазушыға ертеректе арнап жазған өлеңін оқып берді.
Сонымен қатар Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин суреткердің сексен жылдығына осыдан бір жыл бұрын дайындала бастағандарын тілге тиек етті.
«Қазақ ПЕН-клубының алдына қойған екі мақсаты бар: біріншісі – жазушылар мен журналистердің құқығын қорғау болса, екіншісі – қазақ әдебиетінің классиктерін шетел оқырмандарына жеткізу. Сондықтан Қажығали ағамыздың торқалы тойына «Тар кезең» атты ғажайып романын ағылшын тіліне аудартуды алдыма мақсат етіп қойдым. Ол мақсатым орындалды. Сонау Лондоннан аудармашы Саймон Холлингсуорт осы кітапты тәржімалап, баспадан шығарып алып келді», деп қуанышымен бөлісті. Ал аудармашы Саймон Холлингсуорт Қажығали Мұханбетқалиұлының романын жоғары бағалап, осы шығарманы аудару барысында жаңа әлеммен танысқандай әсерде болғандығын баяндады.
Ал жазушының жақын досы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік сырбаз суреткердің шығармаларын оқып отырғанда бір көлдеңен сөз немесе жамау секілді оқиғаға қатысы жоқ басқа бір картина болмайтындығын мысалға келтірді.
«Қажекеңнің тілі таза, композициясы шымыр, қысқасы, өте сауатты жазушы болатын. Өйткені ол әлемдік әдебиетті көп оқитын. Өзі зерек. Мектепті де, университетті де үздік бітірді. Қажекең – Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан. Сол ауданнан әдебиетке Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбайұлы, Сәбит Баймолдин секілді талантты ақындар келіп, оқырмандарға ерте танылды. Ал Қажығали бірден көзге түскен жоқ. Жалпы, ол тайқұнанның бәйгесіне түскісі келмей, бірден аламанда бақ сынады.
Қажекең Сырым Датұлы туралы романды ұзақ зерттеп, аса үлкен жауапкершілікпен жазды. Оның бақыты – осы тақырыпты алып шыққандығы. Тарихи тақырыпты жазу оңай емес. Жауапкершілігі үлкен. Мысалы, Абай – рухани әлеміміздегі пайғамбар секілді тұлға. Бірақ Абайды Мұхтар Әуезов биікке көтермесе, ол біздің санамызға қай дәрежеде келер еді? Мұхтардың кемеңгерлігі – Абайды сол тарихи орнына көтере білді. Қажекең осы міндетті толығымен атқарды. Сырым батырды халқына танытып, тарихи бейнесін сомдады. Қажығалидың адамгершілігі мен кісілігі де көркем еді. Біз университетте бірге оқып, өте жақын дос болдық. Ол ақжарқын, албырт, бойынан балалық мінезі қалмаған жігіт болатын. Жас кезімізден бірге ержетіп, бірге есейіп, бірге қартайдық. Қатарыңның өзіңмен бірге жүргеннің жақсы жері – қартайғаныңды сезбейсің. Сол баяғы балалық шақта жүргендей боласың. Қажекеңнің өлімі маған ауыр тиді. Туғанымнан айырылғандай болдым. Өмірде Алланың ісіне ешкім қарсы келе алмайды. Қажекеңнің екінші өмірі басталды. Жазушының екінші өмірі өзінің өмірінен әлдеқайда ұзақ болады. Өйткені әр ұрпақ келген сайын жақсы жазушының бойынан жаңа бір қасиеттерді көріп, бізден гөрі тереңірек түсінеді», деп Төлен ағамыз аяулы досын сағынышпен еске алды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов жаны сұлу жазушының сан қырлы таланты, азаматтығы және шығармашылығы жайындағы естеліктерімен бөлісті.
«Жаңа «Тар кезең» туралы айтып жатырмыз. Бір шығарма алдыңғы планға шыққан кезде, өкінішке қарай, өзге шығармаларына көлеңкесін түсіретін болады. Қажекеңнің романынан бөлек, тамаша әңгімелері мен повестері де керемет. Оған мысал ретінде «Бір машина шөп», «Ескі достар», «Шегебай» секілді көркем дүниелерін айтар едім. Алайда қаламгердің негізгі кітабы – «Тар кезең» туындысы. Бұл романның ағылшын тіліне аударылуы – кезеңдік құбылыс. Қажекең газетке берген бір сұхбатында: «Тарихи шығарма жазу үшін адам бар өмірін арнау керек. Алексей Толстой «Бірінші Петрді» жазу үшін бар өмірін сарп еткен. Осы романды жазу барысында көптеген архив деректеріне үңіліп, тарихи тақырыптағы 153 көркем шығарма оқыдым» деп айтыпты. Осыған қарап, жазушының өз шығармасын жазарда жүйелі зерттеп, әлем әдебиетінде «тарихи туынды қалай жазылады, тарихи кейіпкерлер қалай сомдалады» дегенге тастүйін дайындық жасап, бір романды 20 жыл жазғаны – суреткер жауапкершілігі деп қараймыз», деді қаламгер.
Сонымен бірге талантты тұлғаның туған жерінен келген Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисова биыл жазушының 80 жылдығына арналып облыс көлемінде ұйымдастырылған іс-шараларды айтып өтті.
Сондай-ақ әдеби іс-шара барысында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері «Тар кезең» романынан үзінді қойса, Зинат Қасымова, Жақсыгелді Маясаров, Медет Салықов, Клара Төленбаева және басқа да белгілі әншілермен бірге «Қорқыт» этно ансамблі әдеби кешті әуезді ән-күймен әрлеп, жиналғандарды жылы әсерге бөледі.