Қоғам • 08 Желтоқсан, 2022

Жеке тұлға банкроттығы

400 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықтың несие жүктемесінің шамадан тыс артып кетуіне байланысты мемлекет жеке тұлғалардың банкрот атануына мүмкіндік беретін заң жобасын дайындауға мәжбүр болды. Мұны қаңтарда Мемлекет басшысы тапсырған еді. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, ел бойынша 1,4 млн адамның 90 күннен асып төленбеген берешегі 1 449 млрд теңгеге жеткен. Вице-министр Ержан Біржанов «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасының біраз ерекшеліктерін тізбелеп берді.

Жеке тұлға банкроттығы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бес жылдан астам уақыт бойы қарызын төлей алмай отырған адам саны 365 мыңға жеткен, ал олардың жиынтық қарызы – 504 млрд теңге шамасында. Ведомство басшысы орынбасарының айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында өзге елдердің тәжірибесі қаралып, халыққа пайдасы тиетін, ауырт­пашылық түсірмейтін тұс­тары ескерілді. Қазіргі кезде құжат Мәжілістің қарауына жіберілді.

Заң жобасының бастапқы тұжырымдамасы бойынша рәсімнің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр. Соның алғашқысы – соттан тыс банкроттық. Бұл рәсімге банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлар алдындағы берешегі 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайтын, ресми табысы жоқ және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) аспайтын азаматтар өтініш бере алады. Бұл жағдайда борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсі­мін жүргізу қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Ержан Біржановтың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта барлық қарыздар адамдардың 96 пайызы осы санатқа жатқызылуы мүмкін. Себебі азаматтардың көбі ке­піл­сіз несие рәсімдеген.

Соттан тыс банкроттық рәсі­­мін қолданғаннан кейін туын­­дайтын салдарлар да бар. Мә­селен, осы рәсім қолданылған соң бо­рыштық міндеттемелердің мер­зімі өткен болып саналады және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және сыйақыны есептеу тоқтатылады.

«Берешекті өндіріп алу туралы сот шешімдерінің орындалуы тоқтатылып, борышкерге несие алу, кепілдіктер беру бойынша мәмілелерді жасауға тыйым салынады. Осы процедураны тез арада өткізу үшін цифрлық форматта жұмыс істеу көздел­ген. Соттан тыс банкрот­тық «Электрондық үкімет» веб-порталында жүзеге асырылады. Барлық азамат сайт арқылы арыз береді. Мемлекеттік органдар сараптама жұмысын жүргізеді, қорытындысын дайындайды. Соңғы шешімді өкілетті орган – Мемлекеттік кірістер комитеті қабылдайды», деді вице-министр.

Келесі рәсім – сот банкрот­тығын қарызы 4,9 млн теңгеден асатын азаматтар пайдалана алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукцион­да сатылады. Түскен қара­жат белгіленген кезекпен кре­ди­тор­лар алдындағы қарыздар­ды өтеуге жұмсалады. Е.Бір­жанов­тың айтуынша, бұған дейін осы процедура заңды тұлға­лар­ға қолданылатын еді. Енді те­тік жеке тұлғалар үшін де қол­жетімді болғалы отыр.

«Егер жалғыз тұрғын үй кепілзат болса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің белгілері болмаса есептен шығаруға жатады. Алайда басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян мен алимент бойынша қарызды есептен шығаруға болмайды. Сот банкроттық рәсімін қаржы менеджерлері жүзеге асырады, оның ішінде заңды тұлғаларды және жеке кәсіп­керлерді банкроттық рәсі­мін жүзеге асыратын әкім­ші­лер, кәсіби бухгалтерлер, заң консуль­­танттары, аудиторлар», деді спикер.

Берешегін қайтара алмаған клиентке берілетін үшінші мүмкіндік – төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі. Егер азаматтың тұрақты табысы болса, онда қарызды қайтару үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл да заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын процедура.

«Сауықтыру жоспары қар­жы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды. Жеке тұлға банкрот атанған соң 5 жылға дейін несие рәсімдей алмайды және қайта банкрот болу рәсіміне тек 7 жылдан кейін ғана жүгіне алады. Банкрот болған соң үш жыл ішінде оның қаржылық ахуалына мониторинг жасалады. Бұл тәжірибе Еуропа елдерінде бар. Сол себепті, азаматтар өз-өзін банкрот деп жарияламас бұрын ықтимал салдар мен шектеулер туралы ойлануы қажет», деді министрлік өкілі.

Әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен «несиені кешіру­ге» қатысты ақпаратқа түсінік берген Ержан Біржанов қабыл­данғалы жатқан банкроттық туралы заңның аталған «кеші­рімге» қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

«Несиелерді кешірудің бұл заңға қатысы жоқ және оның мәні емес. Бұл жеке бастама болуы мүмкін, бірақ бүгінде бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Біз өз тарапымыздан заң жобасын дайындадық, депутаттық корпус талқылағаннан кейін оны барынша қысқа мерзімде қабылдауға тырысамыз, сонда қарызы бар адам құқықтық салада әрі қарай рәсімдерге қатыса алатындай пәрменді тетік, пәрменді құрал болады. Оған айыппұл санкциялары есептелмеуі, хабарлама жіберілмеуі, сондай-ақ жазалау шаралары қолданылмауы үшін. Біздің міндетіміз – осы. Несиелерді кешіру туралы көп айтылады, бірақ ондай шешім жоқ. Меніңше, бұл мәселе заңмен реттеледі. 1,5 млн-ға жуық қазақстандықтың мерзімі 90 күннен асқан қарызы бар және олар банкроттық туралы заң бойынша болашақ өтініш берушілер болып саналады», деп жауап берді спикер.