Саясат • 08 Желтоқсан, 2022

Қоғамдық бақылау күшейеді

304 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы талқыланды. Сондай-ақ бірқатар құжат екінші оқылымда мақұлданды.

Қоғамдық бақылау күшейеді

«Қоғамдық бақылау туралы» және оған ілеспе заң жобасы жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, құжатты талқылау бойынша сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің, Парламент депутаттарының қатысуымен 30-дан астам іс-шара өткізілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ашықтығы және қоғамдық бақылау механизмдерін дамытуға қатысты нақты тапсырма берген болатын. Бұл бағытта бірқатар реформа жүзеге асып жатыр. Мәселен, қоғамдық кеңестерге көптеген уәкілеттіктер берілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген заң жобалары да осы істің жалғасы іспетті.

«Бұл заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының ұжымдық еңбегі екенін ерекше атап өткім келеді. Оған мүдделі тараптың бәрі, соның ішінде, сарапшылар, заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам қайраткерлері енді. Заң жобасы бойынша мынадай тәсілдер ұсынылады. Бірінші, заң жобасында қоғамдық бақылау ұғымы айқындалды. Қоғамдық бақылау объектісі дегеніміз мыналар: жергілікті мемлекеттік және орталық органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, орталық немесе жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар. Қоғамдық бақылау субъектілері – ел азаматтары, Қазақстанда тіркелген коммерциялық емес ұйымдар.

Екінші, қоғамдық бақылаудың мақсаты – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету. Қоғамдық бақылаудың басты қағидаты – заңдылық, жариялылық, ашықтық пен айқындық, қоғамдық бақылау субъектілерінің өз еркімен қатысуы мен тәуелсіздігі. Үшінші, қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Мысалы, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы болады», деді Д.Қыдырәлі.

Министрдің сөзіне сүйенсек, объек­тілер қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға міндетті. Сондай-ақ мүдделер қақты­ғысын болдырмауға, қауіпсіздік шара­ларын сақтауға, субъектілерге қол­же­тім­ділікті қамтамасыз етуге тиіс.

«Төртінші, қоғамдық бақылаудың негізгі формалары ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылады. Сонымен қатар Республика заңнамасында айқындалған басқа да формалар жүзеге асырылуы мүмкін.

Бесінші, заң жобасында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды іске асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға да шектеу қойылады.

Алтыншы, қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті», деді Д.Қыдырәлі.

Бұдан кейін ведомство басшысы қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін рет­тейтін ілеспе заң жобасы жөнінде баян­дап берді. Құжат петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетіл­діру жөніндегі түзетулерді қамтиды.

«Бірінші, заңнамада петиция ұғымы беріледі. Петиция – мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға электрондық форматта жіберілген және Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 12-1-тарауында белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс. Екінші, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген.

Үшінші, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Төртінші, уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды. Бұдан басқа, петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматы қосылуы қажет. Мұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елде, атап айтқанда, АҚШ, Өзбекстан секілді мемлекеттерде қолданылады», деді Д.Қыдырәлі.

Министрдің келтірген деректеріне сүйенсек, петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері бар. Мәселен, аудандық деңгейдегі әкімдіктерде халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс жинауға тиіс. Қалғандары үшін халық санының кемінде 5 пайыз болуы керек. Аудандық деңгейдегі мәслихаттарда халқы 50 мыңнан асса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10 пайызы петицияға қол қоюы қажет.

Облыстық деңгейдегі әкімдіктер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1 пайыз, мәслихаттар тұрғындардың кемінде 2 пайыз дауысын жинаған петицияны міндетті түрде қарайды. Ал республикалық деңгейде (Үкімет) қаралуы үшін кемінде 50 мың дауыс жиналуға тиіс.

«Алтыншы, петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады.  Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Жетінші, петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды.

Сегізінші, мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және тағы басқа өкілеттіктер беру үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер енгізу ұсынылады», деді Д.Қыдырәлі.

Бұдан кейін «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

«Құжат Мемлекет басшысының кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасында сындарлы диалог құру жөніндегі міндетін орындау үшін әзірленді және келіссөздер процестерін ұйымдастыру рәсімін жеңілдетуге және тиісті институттарды дамытуға бағытталған. Бұдан басқа, осы заң жобасын әзірлеу «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы міндеттерінің бірі», деді құжат жөнінде баяндама жасаған депутат Екатерина Смышляева.

Заң жобасы еңбек жанжалдарын реттеу және келіссөздер процестерін ұйым­дас­тыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. Сонымен қатар құжатта келіссөз­дерді ұйымдастыру рәсімін оңайлату, келісу комиссиялары институтын, еңбек төрелігін және еңбек дауларын шешу­дегі кәсіподақтардың рөлін күшейту көзделген.

Мәжіліс депутаты Жанат Омарбе­кованың айтуынша, заң жобасы еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіруге және еңбек дауларының алдын алудың қолданыстағы жүйесін дамытуға бағытталған.

«Негізгі міндет – жұмыс беруші мен қызметкерлердің келіспеушіліктерін реттеу және тараптар мүдделерін ескере отырып, ортақ ұстанымға келтіру. Осы орайда заң жобасында келісу комиссиялары мен еңбек төрелігі институтын күшейту, еңбек дауларын шешуде кәсіптік одақтардың рөлін күшейту ұсынылады. Заң жобасында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Кәсіптік одақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген», деді Ж.Омарбекова.

Бұдан бөлек, бірқатар заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, бірнеше құжат жұмысқа алынды. Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады.