Медицина • 09 Желтоқсан, 2022

Эндопротездеу: науқасқа арналған бейнеконсультация

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Академик Н.Ж.Бәтпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының мамандары Қазақстанда ірі буындарды бастапқы эндопротездеу мәселелері және тірек-қимыл аппаратының басқа да аурулары бойынша пациенттерге бейнеконсультация жүргізе бастады.

Эндопротездеу: науқасқа арналған бейнеконсультация

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Эндопротездеу – тірек-қимыл аппараты ауруларын операциялық ем­деу­дің ең заманауи әдістерінің бірі, оның барысында буынды құрайтын пато­логиялық өзгерген құрылымдар сау буын­ның анатомиялық пішініне ие және қозғалыстың барлық көлемін орындауға мүмкіндік беретін жасанды протездерге (импланттарға) ауыстырылады.

«Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойын­ша филиалының баспасөз қызметі ха­бар­лағандай, буындарды ауыстыру МӘМС жүйесінің қаражаты есебінен қазақ­стандық азаматтар үшін қолжетімді, қымбат тұратын операциялардың бірі. Қазақстан азаматтары еліміздің кез келген жерінен бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдары (емханалар) арқылы ірі буындарды ауыстыру үшін кезекке тұра алады.

«Карантин бізді жаңа көзқараста өмір сүруге үйретті – қашықтан жұмыс істеуге және онлайн режімінде медициналық кеңес беруге бейімделдік. Енді көбінесе қозғалыс кезінде ауырсынудан қинала­тын көптеген пациентімізге өз ауданынан Астанаға келу мәселесі шешілді. Пациент біздің мамандардан консультацияны, қорытындыны бірден электронды түрде алады, өтініш беру себебін көрсете отырып, порталда тіркеледі және емдеуге жатқызу күнін күтеді», деді эндопротездеу мәселелері жөніндегі бөлімше меңгерушісі Тимур Байдалин.

Еліміздің бас травматолог-ортопед­терімен байланысу бейнесеансы Whats­App қосымшасы арқылы өтеді.

Академик Н.Ж.Бәтпенов атындағы Трав­матология және ортопедия ғылыми орталығының мамандарына тіпті, ТМД-ның басқа елдерінен де бірден бірнеше буыны, тізе және ұршық буындары бұзыл­ған, бірнеше жыл бойы төсек тартып жатқан, әртүрлі ауыр патологиялары бар адамдарды алып келеді. Орталық дәрігерлері кезең-кезеңімен үш-төрт операция жасап, содан кейін науқас бірте-бірте аяққа тұрып, жүріп кеткен мысалдар жеткілікті.

Эндопротездеуден басқа, дәрігерлер омыртқа бағанының деформациясы, спорт жарақаты, артроскопия, қол ұшы жарақаты, кеуде қуысының деформациясы, аяқ пен аяқ басының деформациясы, сынықтар және оның салдары, дұрыс бітіспеген сынықтар, жалған буындар және тірек-қимыл аппаратының басқа аурулары бар пациенттерге кеңес береді.

Онлайн консультацияға өтінім беру үшін орталықтың сайтында сұрау қал­дырса немесе +7 778 640 66 99 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберсе жеткілікті.