Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2022

Аңқылдаған Аяған еді...

358 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандықтар Аяған Шәжімбаев есімін мақтан тұтады. Ол өңірімізден шыққан жалғыз кинорежиссер және қандай режиссер... Көп атақтар алып, көп құрметке жетпесе де өзінің 42 жылдық ғұмырында ол бүкіл Қазақстанға ерекше еңбектерімен танылып, даңққа бөленген жан.

Аңқылдаған Аяған еді...

ывыв

«АЛЖИР» фильмінде ол қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының жесірлерін сөйлетіп, олардың бастан кешкен барлық қиын тағдырларын жарыққа шығарды. Кейіпкерлері Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжандардың қалай атылғандарын  айтқан сайын шаңырақты көтеріп тұрған бір уық шарт етіп сынатын. Ал бәрі туралы айтылып болғанда шаңырақ ортасына түсті. Бұл қазақ руханиятының «шаңырағы ортасына түскенін» меңзеген тапқыр режиссерлік шешім еді. Сол жылдары да, тіпті қазір де бұл фильмді толқымай көретін жан жоқ.

Бұлардан басқа Аяған «Бәйтерек», «Барбол», «Толғау», «Актер Әнуарбек Мол­дабеков», «Режиссер Жұмат Ша­нин», «Домбыра үні», «Алтынбектің ән­дері», т.б. деректі фильмдерді түсіріп, қазақтың дара ұлдарының халқымен емен-жарқын табысуына қызмет етті. Одақтық және қазақстандық киностудиялар түсірген бірнеше көркемсуретті фильмдерде эпизодтық рөлдерді ойнады және режиссердің көмекшісі қызметтерін атқарды.

Аяған тым ақкөңіл, елгезек жан еді. Оның бойындағы мейірім шуағы үнемі аңқылдап тұратын. Ол жасы үлкеннің бәріне ілтипатпен қарап, жасы кішінің бәріне «ой, бауырымдап» елпектейтін. Қайтсе де алдымен халқына, сосын жақындарына, жолдастарына бір пайдамды, жақсылығымды тигізсемекен деген ой оның үнемі басында жүретін.

«Қазақ әдебиеті» газетінен жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» деген әңгімесін оқып, қуғын-сүргінге ұшыраған жап-жас қазақ жігітінің тағдырына толқығаны сондай, жатпай-тұрмай оны кинодан көрсетуге бел буа­ды. Ақыры өз дегеніне жетіп, «Жан­се­білді» КСРО тарамай тұрып, бүкіл­одақтық экранға шығарып үлгерді. Фильмді мамандар мен көрермендер жылы қабылдап, жоғары бағасын берді. «Ашғабад-92» кинофестивалінде  «Үздік режиссерлік дебют» номинациясы бойынша жеңімпаз болды. Ал «Тегеран-93» халықаралық кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлін сомдағаны» үшін фильмдегі басты рөлді ойнаған Қасым Жәкібаев лауреат атанды. Мұндай үлкен табыстарға ол жылдардағы «Қазақфильм» студиясы­ның өнімдері жете қоймайтын.  Сондық­тан да Аяғанның еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еді, алайда аяқтан шалған іштарлықтың кесірінен бұл марапатқа қолы жетпеді.

Өзгеге өзегін суырып беруге да­йын жүретін аңқылдаған Аяған өзін қорғауды білмеген екен. Ақыры ол жүрек дертінен 1994 жылы күтпеген жерден қаза болды. Есіл ердің есімін туған халқы ұмытпайды. Аяған актер, режиссер ғана емес, шебер журналист те еді. Киноматография саласында жүріп ол көз көрген көнелердің әңгіме­лері мен естеліктерін де жазып жүрді. Мысалы, «Ел басына күн туса» фильмін түсіру барысында қаражат жет­пей қалып, оны бастықтардан сұрау үшін киностудияның директоры Зет Бошаев пен режиссер  Мәжит Бега­лин Бауыржан Момышұлының өзін алып, Мәскеуге барғандарын, ондағы батырдың қылық­тарын, керекті қаражатты қалай оп-оңай бөлдіргені  туралы қызықты әңгімені жазып кеткен де Аяған еді...   

Жерлестері оны халық жадынан өшірмес үшін Есіл ауданының орталы­ғындағы қазақ мектебіне есімін бергізді. Петропавл қаласындағы орталық көше­лердің бірі де Аяған Шәжімбаевтың атын алды. Жора-жолдастары, ағайын-туыстары, таныс-білістері қатысып, екі рет естелік кітабын шығарды. Қа­зақ киноматография сала­сында биік табыс­тарға жеткен Аяған­ның әріптестері ол туралы баспа­сөз беттерінде тамаша мақалалар жазды.

Биыл қараша айында Аяған Шәжім­баевтың 70 жылдығы туған жерінде кеңінен аталып өтті. Соның ішінде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада үлкен әдеби кеш болды. Оған режиссердің туыстары, таныстары, сыныптастары, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Интернаттың қара нанын қақ бөліп бірге жеген сынып­тасы Есләмбек Бекмұрзиннің әңгімелері өте қызықты және әсерлі болды. Жастар одан Аяғанның жас кезін, алғашқы махаббатын сұрап, ерекше мінездерін біліп, көп мағлұматтар алды. Ағаларының спортқа да бейім болғаны, күреске қатысып талай рет жүлделі орындар алғаны да белгілі болды. Қыздарға да өтімді болып, талай сұлулармен әңгімелері жараса кететіні айтылды. Кітапты да көп оқып, үнемі ізденіп, талаптанып жүретіні жеткізілді. Газеттерге үзбей мақала жазып, об­лыстық газеттің «штаттан тыс жас тілшісі» де атаныпты. Соның арқасында мектептен соң бірден облыстық газетке тілші болып орналасқан екен. Ал ҚазМУ-дың журналистика фа­культетінің түлегі Қошан Қали жас­тық шақтарында Алматыда бірге жүр­ген жалынды шақтарын еске алды. Аяғанның туған ағасы Құдайбердінің, ақын Марал Оспанованың еске алу әңгімелері де тыңдармандарды бей-жай қалдырмады.

 

ПЕТРОПАВЛ