Елорда • 10 Желтоқсан, 2022

Астанада қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12-14 желтоқсан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен 350 балуан қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді

Аталмыш дода 3 жас мөлшерін (ересектер, жастар және жасөспірімдер) қамтыған алғашқы Әлем чемпионаты. Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер мен жастар, әрқайсысы 5 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтайды. Ал ересектер 12 салмақ дәрежесінде (ерлер 8, әйелдер 4) белдеседі. 

Әлемдік додада ұлттық құраманың өкілдері – Бекжан Төлепов (55 кг.), Марат Нигматуллаев (60 кг.), Нұр Аманшүкіров (66 кг.), Жұмажан Қожамбеков (74 кг.), Айдын Дартаев (82 кг.), Тоқтарбек Айдарбек (90 кг.), Марат Байқамұров (100 кг.) және Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг.) ересектер арасында ел намысын қорғайды. 

Еліміздегі қазақ күресінен үш федерацияның басын біріктіріп, ұлттық күресімізді ел ішінде және шетелдік аренада насихаттап жүрген Qazaq kuresi Ассоциациясы биыл Біріккен күрес әлімінің (UWW) құрамына кірген болатын. Алдағы уақытта барлық халықаралық жарыстар UWW-мен бірлесіп өткізіледі. 

Qazaq kuresi Ассоциациясы қазақ күресінен Әлем чемпионатын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының, «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры» корпоративтік қорының, «Сәтті жұлдыз» бірегей лоторея операторының және Дене шынықтыру және бұқаралық спорт Академиясының қолдауымен ұйымдастырылады.