Спорт • 12 Желтоқсан, 2022

Медаль сыңғыры естілді

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Колумбияның астанасы – Боготода ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасының қоржынына алғашқы жүлде түсті.

Медаль сыңғыры естілді

73 кило салмақ дәрежесінде сынға түс­кен 18 жастағы Алексей Чуркин қос­сайыс­тың қорытындысы бойынша 343 (153+190) килолық зілтемірді еңсеріп, қола ме­дальды мойнына ілді. Бір айта кетерлігі, жер­лесіміз В тобында өнер көрсетті. Егер статистикалық мәліметтерге жүгінсек, дәл осы топтағы зілтеміршілердің үз­дік­тер қатарына қосылуы өте сирек кез­десетін жағдай. Ал алғашқы екі орынды Индонезияның спортшылары иеленді. Отандасымыздан тоғыз кило артық салмақ көтерген Олимпия ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Рахмат Абдулла бас жүлдені олжаласа, Ризки Джуниансьяху күміс медальды иеленді. Оның көрсеткіші – 347 (155+192) кило.

Алексей үшін бұл – ерлер арасындағы алғашқы ірі сынақ. Биылғы мамыр айында ол Грекияның Ираклион қаласында өткен жастардың әлем біріншілігінде күміс медаль еншілеген еді.