Футбол • 12 Желтоқсан, 2022

Америка, Африка, Еуропа: төрт мықты түгенделді

284 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен аптаның аяғында Қатардағы әлем чемпионатының сегіз мықты командасы өзара сайысқа түсті. Бірден айта кетейік, өте шиеленісті әрі тартысты өткен ширек финалдық сайыстардың әрқайсысы да миллиондаған жанкүйердің көңілінен шықты. Жұмадан сенбіге қараған түні Эр-Райянда Хорватия мен Бразилия күш сынасты. Көп кешікпей Лусаилда Нидерланд пен Аргентина айқасты. Алдымен осы ойындарға жеке-жеке тоқтала кетейік.

Америка, Африка, Еуропа: төрт мықты түгенделді

Бразилиялықтардың «балеті» аяқталды

Эр-Райяндағы кездесудің сөзсіз фавориті Бразилия құра­масы еді. Олар 1/8 финалда Оң­түстік Кореяны 4:1 есебімен ойсы­рата ұтқанда, жанкүйерлер «енді Неймар бастаған жігіттерді тоқ­тататын күш жоқ шығар» деп пайым­дады. Бірақ Златко Даличтің бұл ойынға өз жоспары болды. Оңтүстік Америкадан келген оғландардан еш қаймықпаған хорваттар 120 минут бойы аянбай айқасты. Иә, Тите шәкірттерінің қарсыластарына қарағанда гол соғуына мүмкіндіктері едәуір көп болғаны рас. Алайда сын са­ғатта қарт құрлықтың өкілдері бір жұдырық болып жұмыла білді. Оның үстіне, қақпашы Доминик Ливаковичтің мінсіз ойыны тамсандырды. Ол өз қақпасын талай қауіпті жағдайдан аман алып қалып, барлығы 11 сейв жасады.

Негізгі уақыт тең аяқталды. Овертаймда бразилиялықтар есеп ашты. 105-минутта Неймар мергендік танытты. Бірақ олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Үзі­лістен кейін жанұшыра алға ұм­тылған хорваттар керемет комбинация ұйымдастырды. Оның ақыры Бруно Петковичтің ғажап гол соғуымен аяқталды. Есеп – 1:1.

Пенальти соғу барысында Хорватия футболшылары барлық мүкін­діктерін ұтымды пайдаланды. Никола Влашич, Ловро Майер, Лука Модрич және Мислав Оршич нысананы дәл көздеді. Қарсыластары екі мәрте қателесті. Родриго тепкен допты Ливакович кері қайтарса, Маркиньос бағанаға тигізді. Есеп – 4:2. Осылайша, хорваттар жартылай финалға жолдама алды. Ал бәсеке аяқталған бетте алты жылдан аса Бразилия құрамасының бас бапкері болған Тите өз еркімен қызметінен ке­тетінін ресми түрде мәлімдеді.

 15 ескерту жасалған ойын

Өзгелерді айтпағанда, тіс­қақ­қан букмекерлердің өздеріне Нидерланд пен Аргентина құра­малары арасындағы кездесудің жеңімпазын анықтау оңайға соқ­қан жоқ. Тіптен, көпті көр­ген кәнігі мамандар мен сақа са­рап­шылардың пікірлері де екі­ге жарылды. Бастапқыда біз іш пыс­тырарлық ойынның куәсі бол­дық. Жарты сағаттан аса уақыт бойы қос команда бір-бірінің қақпа маңына маңайлай алмады. Көбіне-көп тартыс алаң ортасында өрбіді. Тек 35-минутта Лионель Мессиден жақсы пас алған Науэль Молина есеп ашты. Алайда одан кейін де көпке дейін ойын жоғарыдағыдай сценарий бойынша өрбіді.

73-минутта Месси 11 метр­лік нүктеден нысананы дәл көз­дегеннен кейін барлығымыз да «Луи ван Гал шәкірттері енді еш­теңе өзгерте алмайды» деп ой­ладық. Бірақ мұнымыз бекер екен. Тек содан кейін барып қана ес жиған нидерландтықтар намысқа қамшы басты. Нәтиже көп күт­тіреген жоқ. 83-минутта Ваут Вег­хорст есеп айырмашылығын қысқартты. Негізгі уақытқа тө­реші Матеу Лаос тағы 10 минут қосты. Сол уақыт аяқталар тұста «Қызғалдақтар елінің» футболшылары таразы басын теңестіріп кетті. Айып алаңында Тён Коп­мейнерс өзі тепкеннің орнына доп­ты бір топ қорғаушы арасынан Вегхорстқа сырғыта салды. Ол мүлт кеткен жоқ – 2:2. Овертаймда жеңімпаз анық­тал­мады. Содан пенальти со­ғылды. Нидерланд құра­масының серкесі Вирджил ван Дейк пен Стивен Бергейс орын­даған алғашқы екі соққыны қақ­пашы Дамиан Эмилиано Мар­тинес керемет сейвтермен кері қайтарды. Сол кезде аргенти­налықтардың жартылай финалға шығатынына ешкімнің күмәні болмады. Айтқандай-ақ, Лионель Скалонидің командасы көздеген мақсатына қол жеткізді. Жеңіс голын Лаутаро Мартинес соқты – 4:3. Осы сәтсіздікке төзе алмаған 71 жастағы танымал бапкер Луи ван Гал отставкаға кетті.

Аталған бәсеке барысында 45 жастағы испаниялық қазы Матеу Лаос қос команданың ой­ын­шыларына 15 мәрте ескерту жасады. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы тағы бір рекорд!

Марокко мықты екен

Сенбіден жексенбіге қараған түні Дохадағы «Әл-Тумама» стадионына жиналған 45 мыңға жуық жанкүйердің барлығы да тек Марокконы қолдағандай әсер қалдырды. Олай деуге негіз, олар шабуылға шықса, барша көрермен айғайға басып, сырнайлатып, кернейлетті. Ал доп Португалия ойыншыларына тисе, керісінше, жақтырмағандай сыңай танытты. Соның әсері болса керек, қара құрлықтан келген жігіттер өте сенімді ойнады. Плей-оффтың алғашқы кезеңінде Пиреней түбегінің түлектері Швейцарияны 6:1 есебімен ойсырата ұтқаны белгілі. Ол кезде қарсыластары бірден тізгінді өз қолдарына алуға тырысқан. Ал ондай ойын мәнері португалиялықтарға жақсы жағады. Содан марокколықтар жақсы сабақ алған екен. Олар ойын тізгінін Португалияға беріп қойды да, өздері қарымта шабуылға жүгінуді жөн көрді. Бұл тактика өз жемісін берді. 42 минутта Эсефф Эн-Насери қақпашының өрескел қателігін пайдаланып, допты торға тоғытты.

Португалия құрамасы үзі­лістен кейін де жағдайды түзей алмады. Амалы таусылған Фер­нанду Сантуш 51-минутта Криш­тиану Роналдуды алаңға шы­ғарды. Бір­ақ аты аңызға ай­налған ша­буыл­шының өзі де жағдайды өзгерте алған жоқ. Бұл команданың сапында Жуан Феликс өте белсенді болды. Алай­да оның тепкен доп­тарының бар­лығы да қақпадан жоғары кет­ті. Басқалары да ештеңе өндіре алмады. Тағы бір сәтте доп маң­дайшаға тиді. Сөйтіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен Марокко жартылай финалға шықты. Олар тек Африка құрлығы ғана емес, араб әлеміндегі осы межеге жеткен тұң­ғыш команда ретінде тарихта қалды.

Харри Кейннің қорлығын-ай!

Көп ұзамай Әл-Хаурдағы «Әл-Байт» стадионындағы Англия мен Франция құрамалары арасында алапат айқасты тамашаладық. Алғашқы тайм толықтай фран­цуздардың басымдығымен өтті. Олар өте сенімді ойнап, қар­сы­ластарын қос қапталдан жиі-жиі қыспаққа алды. Ағылшындар ара-тұра шабуылдағанымен, өте сақ ойнауға тырысты. Сырт көзге олар қарсыластарынан қаймығып жүргендей әсер қалдырды. Олай деуге негіз, қит етсе, допты артқа беріп, тәуекелге бармады. Ал доп Килиан Мбаппеге тисе, бірнеше ойыншы оны қоршауға алып, әбден әбігерге түсті. 17-минутта фран­цуздардың кезекті бір шабуылынан кейін есеп ашылды. Жартылай қорғаушы Орельен Тчуаменидің шамамен 22 метрдей қашықтықтан қақырата тепкен добы қақпа торынан табылды.

54-минутта Харри Кейн 11 метрлік нүктеден таразы басын те­ңестірді. Нағыз қызық содан кейін басталды. Қос команда алма-кезек қауіпті шабуыл ұйым­­дастырып, көрермендердің делебесін әбден қоздырды. Бірақ басымдық бәрібір француздар жағында болды. Олар ширақ әлі сенімді қимылдады. Нәтижесінде, 78-минутта Оливье Жиру әлем чемпиондарын алға шығарды. Десек те матчтың соңына таман Англия құрамасының да гол со­ғуына мүмкіндігі болды. VAR-дың көмегіне жүгінген тө­ре­ші Уго Льористің қақпасына тағы пенальти белгіледі. Бірақ бұл жолы Кейннің тепкен добы маң­дай­шадан әлдеқайда биік кетті. Есеп – 2:1. Ұзақ жылдар бойы Тұманды Альбион елінің басты сұрмергені саналып келген сақа ойыншының жүйкесі сын сағатта сыр берді. Соның салдарынан ағылшындардың жүлделі орындар үшін талассақ деген үкілі үміті үзілді. Ал Дидье Дешамның командасы жартылай финалға жолдама алды.

Осылайша, жартылай финалға шыққан төрт мықты команда анық­талды. Енді 13 желтоқсанда Лусаилда Аргентина мен Хорватия күш сынасса, келесі күні Марокко мен Франция шеберлік байқасады. 17 желтоқсанда қола медаль үшін тартысты тамашаласақ, ал биылғы әлем чемпионатының жеңімпазы 18 желтоқсанда анықталады.

Парламент Мәжілісінің депутаты

Сауытбек Абдрахманов:

Егер футболда ойын тағдырын тек шеберлік шешетін болса, ол дәл мұндай танымал болмас еді деп те ойлаймын. Футболдың жаһан жұртшылығының жү­регін жаулап алған күші тек спорт­тың шеңберінде қалып қой­май­тындығында, оның заңды­лық­тарына бағын­бай­тындығында, домалақ доптың дөңгеленген дү­ниедей тылсымдығында, ойын нәтижесін кейде болмашы қателік, кейде тіпті ғайыптан тайып келе қалған кездейсоқтық шешіп кете беретін кереметінде, қысқасы, өмірдің өзіндей өзгермелілігінде. Сонысымен де әрбір футбол матчы қайталанбайтын спектакль сипатымен бізді өзіне тарта береді, тарта береді.

IT маманы, абайтанушы

Сұлтан Ыбырай:

Бразилия, Португалия... Жалпы әлемді әділетсіздік билеп кеткендей көрінеді, көрінгенде билеп тұрғаны да рас қой... Біреулер футбол өлді депті. Мәселе, Ро­налдудың көз жасында емес. Бап шаппады, бақ шапты. Никола Тесла мен Ибн Батута ұрпақтары үшін.