Руханият • 12 Желтоқсан, 2022

Батыр есімі берілді

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының қоғамдық тәртібін қадағалап, тыныштығын күзететін 5571 әскери бөліміне кеңес одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Ұлттық ұлан құрамына кіретін әскери бөлімнің құрылғанына биыл 24 жыл толып отыр.

Батыр есімі берілді

Қазақ армиясының тарихында Бауыржан Момышұлының есімі ерек. Өр мінезімен, қолбасшылық қырымен, пайым-парасаты һәм ұлтжандылығымен аты аңызға айналған тұлғаны әскери өмірдің айнасына айналғысы келетін әрбір офицер үлгі тұтады. Олай болса, ел өміріне қатысты аса жауапты міндет жүктелген әскери бөлімге батыр атының берілуі заңды. Салтанатты іс-шараға Бауыржан Момышұлының келі­ні Зейнеп Ахметова, генерал И.В.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, сондай-ақ еңбек және соғыс ардагерлері қатысты.

Жиналғандар даңқты қолбас­шыны құрметпен еске алып, өмірі мен шығармашылығы ха­қында қызықты деректерге қанық болды. Ерлік туралы естеліктер айтылып, ұрпақ тәрбиелеуде батырды үлгі етудің маңызы сөз болды.

– Ата ел-жұртының, ұрпағы­ның арасында жүр. Батырын қадірлеген қалың елі, ұрпағы атын жаңғыртып, бүгін тағы да аруағын аспандатты. Даналар «Сөнген жұлдыздың жарығы мил­лион жылға жетеді» деген екен. Атаның жұлдызы әлі де жар­қырап тұр, – деген Зейнеп Ахме­т­ова жас сарбаздарға жігер берді.

1998 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес құрылған 5571 әскери бөлімі осы уақытқа дейін қала­ның қоғамдық тәртібін, түрлі қоғамдық-саяси, спорттық іс-шараның тыныштығын сақтау міндеттерін атқарып келген 5449 әскери бөлімінің заңды ізба­сары. Мерекелік жиында бө­лім­ге батыр есімін беру туралы Үкімет Қаулысы салтанатты түрде табысталды.

– Екінші дүниежүзілік соғыс – тактика мен стратегия­ны былай қойғанда, әскери техниканың, қару-жарақтың заманауи үздік үлгілерінің шайқасы болды. Командирлердің әдіс-айла­сын әскери техниканың мүмкін­шіліктерімен үйлестіріп, үлкенді-кішілі атыс-шабыста азуына дейін қаруланған жауға тойтарыс беріп қана қоймай, ұрыс даласының басты тұлғасы қа­тар­­дағы жауынгерді аман алып қалудың да амалын табу – қолбасшы Бауыржан Момыш­ұлының негізгі қағидасы еді. Соғыс жүріп жатқан кезде-ақ қазақ халқының даңқын шыға­рып, абыройын арттырып, ұлттың батырына айналған Бау­кең Мәскеу түбіндегі шешуші шайқаста қапияда ой тапқан, қараңғыда жол тапқан ерен ерлігі мен даңқы әлемге жайылып, аты аңызға айналған қолбасшы ретінде танылды. Бүгінгідей атау­лы күнде 5571 әскери бөлімінің басшылығы мен жеке құрамының қызметіне зор табыстар тілеп, жүктелген міндеттерін атқаруда табанды болуға тілектестік білді­реміз, – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқық­тық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Нязтай Әлкешев.

Іс-шара барысында бөлім командирі полковник Бақдәулет Оспанбеков жеке құрамды пат­риоттық рухта тәрбиелеуге, жауын­­герлік қызмет міндеттерін ше­шуде өзара әрекеттестікті ны­ғайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар қонақты арнаулы наг­­­­радалармен марапатта­ды. Сал­танатты рәсімнен соң іс-ша­раға жиналғандар Қа­зақ ұлт­тық қыздар педагоги­ка­лық уни­верситетінің көркем­өнер­паз­дары мен «Генерал» тобының концерттік бағдарламасын тамашалады.