Руханият • 12 Желтоқсан, 2022

Өз әлемін ән-жырмен өрнектеген

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғибратты ғұмыр» сериясымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариевтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті.

Өз әлемін ән-жырмен өрнектеген

 

Кітапқа ақынның ғылы­ми зерттеу­лері, танымал ән­дері, әріптестері мен жақын­дарының естеліктері енген.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайрат­керлері, зиялы қауым, жары Жұмагүл Сариева мен ұлы, Президент Кеңсесінің бастығы Бақыт­жан Шөмішбайұлы, қалалық әкімдіктің өкілдері, ақын-жазу­шылар қатысты.

«Қаламға жүйріктігімен өз ортасына ерте таныла бастаған Шөмішбай Сариев ұстазы Зейнолла Шүкіровтің қамқорлығымен ұлттық уни­в­ерситеттің журналистика факультетіне оқуға түс­ті. «Қа­зақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім мең­герушісі, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болды. Өз ортасына қарымды қаламынан туған жырларымен тез таныла бастаған Шөмішбай Сариев қазақ журналистикасында ерекше қолтаңбасын қалдырып, төл әдебиетімізді ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеуге өлшеусіз үлес қосты. Ға­­­­лым ретінде 50-ші, 60-шы, 70-жылдардағы қа­зақ ақын­­дарының шығар­ма­шылы­ғын талдады. Тәуел­сіздік кезеңіндегі қа­зақ поэ­зия­сының жаңа буын өкіл­дері туралы да зерттеулер жүргізді. Бүгінде өлең­­­дері әнге айналып, тыңдарман қауым­­­­­ның жүрегіне жетті» деп атап өтті жиынды ашқан ректор Жансейіт Түймебаев.

Зерттеуші-ғалым, Бі­рін­ші дәрежелі «Барыс» жә­не «Парасат» орден­де­рінің, Тәуелсіз Тарлан сый­лығының иегері, Франц Кафка атындағы халық­ара­лық алтын медалінің ие­гері, қазақ поэзиясында, әдебиеттану ғылымында ерекше қолтаңба қалдырған Шөмішбай Сариевтің шы­ғар­машылығы хақын­да Қазақстан жазушылар одағы басқар­масы төрағасының орынбасары, ақын Бауыр­жан Жақып: «Шөмішбай – қос қанатты ақын. Біріншісі, лири­калық жырлары болса, екіншісі – ән-өлеңдері. Поэзияның екі саласы ақын­­­­ның қос қанатына ай­нал­­­ған», деп ақын Ға­фу Қайыр­беков жоғары ба­ға берген. М.Ма­қатаев, Қ.Мыр­за Әлі, Т.Мол­даға­лиев, Ж.Нәж­­імеденов, С.Жиен­баев, Т.Ай­бергенов, М.Ша­ха­новтың шығар­ма­ла­рына терең талдаулар жасады. «Шөміш­бай Сариев – ХХ-ХХІ ғасыр­лар­дағы қа­­зақ поэзиясын жоғары көтер­­ген тұл­ғалардың бірі. Бол­мысы бөлек бола­тын. Ақын­ның қаламынан туған өлеңдері мен әндері халық жадында мәңгі сақталады. Сондықтан да Шөміш­бай Нағашыбайұлының есімі қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылып қалды»,  деп ой толғады.

Ақынның музыкалық мұ­расы 300-ден астам әсем әуезді әнмен, ел жадында қалар жақұтты шығар­малармен толықты. Талай әннің де, әншінің де бағын ашқан әндері әлі күнге үлкен сахналарда шырқалып ке­леді.

Осы жиында сөз ал­ған Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, ардагер диктор Сауық Жақанова қатысушыларға Шөмішбай Сариевтің өлеңдерін мә­нер­­­леп оқып, әуезді үні­мен әр берсе, М.Әуе­зов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­тутының аға ғылы­ми қызметкері Гүлжа­хан Орда ақынның ғылыми шы­­ғар­машылығы туралы естелі­гімен бөлісті. «60-70-ші жылдар поэзиясы­нан кан­дидаттық диссер­тация қорғап, Тәуел­сіз­дік жылдарындағы әдебиет­ті зерт­теуге кірісті. Абай дәс­түрінің, Ма­хам­бет дәс­түрінің қазіргі поэзия­дағы жалға­сына қатысты үлкен зерттеулерге құлаш сермеді.ХХ-ХІ ғасыр поэзиясы тура­лы тыңғылықты зерттеу жасаған ғалым­ның атамекен, туған жер, ел туралы өлеңдері Қазақстан деген кең ұғымға жалғасып, қазіргі қазақ поэзиясынан өзіндік орнын алды», деп атап өтті Г.Орда.

Ақын шәкірттерінің есте­ліктерімен жалғасын тапқан жиында Қазақ­станның ең­бек сіңірген қайраткері Естай Әлікеев ұстазына деген арнауын оқыса, Медеу Арынбаев «Атамекен», «Дәу­рен-ай» және жас әнші Ер­мек Берекет ел арасында танымал болып кеткен «Қа­рағым-ай» әнін орындап, қаты­сушыларды тәнті етті.

Ақынның жары Жұмагүл Сариева әсерлі кеш ұйым­дастырған ҚазҰУ басшы­лығына ризашылығын біл­діріп, қара шаңырақтың ақын өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Бүгінде ақын шығармашылығына арналған 30-дан астам кітап жарық көрген, ал «Ғиб­ратты ғұмыр» сериясы­мен басылып шыққан бұл кітаптың орны тіптен ерек­ше. «Қазақ ұлттық универ­ситетін бітіріп, мықты оқы­тушылардан сабақ алды. Өмірінің соңына дейін ҚазҰУ-да өткен студенттік кездерін сағынышпен еске алып, есінен еш уақытта шы­ғарған емес. Шөмішбай үнемі аузынан тастамай ай­тып отыратын білім ор­да­сы бүгін үлкен кеш өт­кі­зіп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арнал­ған кітапты жарыққа шыға­рып отыр», деді Жұмагүл Қаженқызы.

Қазақ әдебиетінде өз поэ­зия әлемін қалыптастырған ақынның өлеңдері тың­дарманын тәнті етіп, оқыр­манын ойға жетелеп келеді. Бүгінде ұлт ру­ха­­ния­тында өзіндік орын алған ақын мұрасы жүректен-жүрекке жете беретіні сөзсіз.

 

АЛМАТЫ