Экономика • 12 Желтоқсан, 2022

Қарақұмықтан тарықпаймыз

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар қарақұмықтан тарықпайды. Өйткені біздің ел ішкі нарықты отандық қарақұмықпен толықтай қамтамасыз етті. Биыл өндіріс көлемі 66,9 пайызға өскен.

Қарақұмықтан тарықпаймыз

Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ресми мәліметке сүйенсек, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында қарақұмық жармасы өндірісінің көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 66,9 пайызға ұлғайған.

Бұл ретте отандық 11 кәсіпорын 30 мың тоннаға жуық қарақұмық шығарған. Аталған жарманың орташа жылдық тұтыну көлемі 29,1 мың тоннаны құрайды. Осылайша, бір жылға толмайтын уақыт ішінде отандық өндірушілер ішкі нарықты қарақұмықпен толық қамтамасыз етті.

Қарақұмықтың негізгі өндірушілері Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында шоғырланғанын атап өту керек.

Сондай-ақ жүйелі жұмыстың нәтижесінде қарақұмық импорты биыл 80 пайызға төмендеп, 600 тоннаны құрады. Мысал ретінде айтар болсақ, 2021 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін елге 3 мың тоннаға жуық қарақұмық жармасы әкелінген.