Форумға академиялық ғылым мен даму институттарының, салалық бизнес-қауымдастықтардың, медициналық техника, оқшаулау және орау материалдарын, пластикалық құбырларды шығаратын, сондай-ақ мұнай өңдеу, мұнай-химия компанияларының өкілдері қатысты. Олар алдымен Қазақстандағы тұңғыш газ-химия кешені – «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-нің зауытына барды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, полимер өнеркәсібі – әлемдік экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Халықаралық сарапшылар қауымдастығы бұл саланың әлеуеті жоғары екеніне назар аударып отыр. Осы орайда ел Президентінің тапсырмасымен биылғы қарашада индустрияның одан әрі өркендеуіне серпін беретін полипропилен өндіретін газ-химия кешені іске қосылды.
Жаңа жобаның қуаты жылына – 500 мың тонна полипропилен өндіру. Жобаның құны 2,6 млрд долларды құрайды. Жақында дайын өнімнің бірінші партиясы – 1,5 мың тонна полипропилен экспортқа жөнелтілді.
Кешен толық өндірістік қуатына жетіп, жылына 500 мың тонна түрлі маркалы полипропилен өндірген кезде әлемдік өндірушілердің бірі ғана болып қоймай (1%), ішкі нарықтың сұранысын 100 пайыз қамтамасыз ететін болады. Сол кезде бұл кешен елімізді шикізат импортына тәуелділіктен арылтып, отандық экономиканы әртараптандыратын тетіктің біріне айналады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің өнеркәсіптегі мүмкіндігін ашу және ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту міндетін алға қойды. Аталған мәселені шешудің негізгі бағыты – Қазақстанның мұнай-газ-химия индустриясының құрылымын тиімді әрі кешенді түрде қалыптастыру. Оған негізгі полимерлі шикізатты өндіру үшін көмірсутектерді өңдеуді одан әрі дамыту, нәтижесінде өнеркәсіп, тамақ, тұрмыстық, медициналық және басқа да салаларға қосымша құны жоғары өнім шығарумен айналысатын жаңа өндіріс орындарын құру жатады. Бұл ретте ішкі және трансшекаралық нарықтардағы сұраныстың көлемі мен сапа мәселесі саланың дамуына айтарлықтай әсер етеді. Инвесторлар үшін бәсекеге қабілетті әрі қолайлы болу үшін Қазақстанның ұтымды тұстарын, тиімді географиялық орналасуын, көмірсутек ресурстары базасында жоғары технологиялық өнімдерді дамыту бойынша мол мүмкіндігімізді тиімді пайдалануымыз керек, – деді Мағзұм Мырзағалиев.
«Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуына қарағанда, әлемдегі барлық тауардың 96 пайызы мұнай-химия өнімдерінен өндіріледі. Әлемде жан басына шаққандағы мұнай-химия өнімдерінің орташа жылдық тұтыну көлемі – 300 кило.
– Мәселен, үйдің шатыры мен қабырғасындағы, еденіндегі жылу оқшаулағышында полиуретан, пластикалық панельдер және полиэтилен бар. Жиһаз өндірісінде ағаштан басқа, полистирол және полипропилен көп қолданылады. Ал теледидар мен кір жуғыш машина, негізінен, полистирол, поликарбонат және полипропиленнен жасалған. Тіпті автомобильдердің жартысынан көбі полимерлі өнімдерден тұрады. Бұл автокөліктің құнын 10 есе арзандатуға, отын шығынын төрттен бірге азайтуға мүмкіндік береді, – деді Қанат Шарлапаев.
Мұнай-химия өнімдерін өндірудің негізгі шикізаты – мұнай және табиғи газ. Өнімнің ауқымды көлемі экспортқа шығарылады. Егер осы шикізаттан тыңайтқыштар, майлар мен еріткіштер өндірілсе, онда қосылған құнды 2 есеге арттыруға болады. Полимерлер өндірісі қосылған құнды 7 есеге дейін, ал дайын пластмасса бұйымдарын өндіруді 15 есеге дейін арттырады.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, зәкірлі жобаларды жүзеге асыру инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция мен соңғы технологияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Осыған байланысты әкімдік тарапынан арнайы экономикалық аймақта зәкірлі жобаларды жүзеге асыруға қажетті қолдау көрсетіледі. Бұл ретте полипропиленнен өнім шығаруды көздеген кәсіпкерлерді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өнім өндіруші ретінде қолдайтын, әкімдік жер телімін бөліп, инфрақұрылым жүргізіп беретін, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жеңілдік жасайтын бағдарламалар қолға алынуға тиіс.
Форумға қатысушылар өнеркәсіп, азық-түлік, тұрмыстық, медицина сияқты салаларға қажетті өнім шығаруға, экспорттық мүмкіндікті арттыруға назар аударды. Форум аясында «Мұнай-газ химиясы – ұлттық экономиканы әртараптандырудың жаңа драйвері» және «Қазақстандық полипропилен: түпкі өнім өндіру бойынша отандық бизнесті дамыту перспективалары» тақырыбында екі панельдік сессия өтті.
Атырау облысы