Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2022

Көмектің үлкен-кішісі жоқ

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақсылық, жәрдем және сауап іс – қоғамның берекесі. Осы орайда Маңғыстауда бюджеттен арнайы ақша бөлініп, аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде 5 мыңнан аса газ талдағыш орнатылды.

Көмектің үлкен-кішісі жоқ

Мамандардың айтуынша,  тұрғын үйлерде табиғи және көміртегі тотығымен уланудың алдын алудың бір әдісі – қазан­дық құрылғыларынан газдың ағып кетуін анықтайтын газ (талдағыш) анализаторларын орнату. Сондықтан бұл жұмыстарды төтенше жағдай департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2019 жылдан бері жүргізіп келеді, нәтижесінде 2019 жылы – 660, 2020 жылы – 1 749,  2021 жылы 2 917 құрылғы қойылған.

– Тұрғындар газды пайдалану кезін­де қауіпсіздікті сақтауға аса мән беруі қажет. Сонымен қатар арнайы құрылғы­ларды техникалық қызмет көрсету мекемелерінен газды пайдалану жөнінде шарттары болуы керек. Тұрғындарды салғырттық танытпай, әрқашан үйіндегі газ жабдықтарын тексеріп отыруға шақы­рамыз. «Қазтранс­газай­мақ» меке­месі де рейд жүргізіп тұрады, – дейді Маң­ғыстау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров.

Газ талдағыш халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерінен басқа, өрттің туындауына барынша бейім тұрғын үйлерге де орнатылады.

«Сақтықта қорлық жоқ» дейді халық даналығы. Күн салқындап, үйлерді, нысандарды жылыту маусымы басталған соң-ақ қауіпсіздік, қауіптің алдын алу жұмыстары да қауырт сипатқа ие болады.

– Маңғыстау облысы аумағында биыл жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 12 өрт оқиғасы тіркелді. Өрттің салдарынан қаза тапқандар және жарақат алғандар тіркелген жоқ. Тұрғын үй секторындағы өрттің негізгі себептері – газбен жабдықтау жүйесін пайдалану талаптарының бұзылуы. Жыл сайын барлық өрттің шамамен 50%-ы тұрғын үй секторында тіркеледі. Департаментпен тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыс жүргізудің басты мақсаты – қарт­тар, мүгедектер сынды әлеуметтік осал топтар­дың, көпбалалы отбасылардың тұрғын үйлерінде өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізу жөніндегі шаралар кешенін іске асыру, барлық мүдделі қызметтер мен үкіметтік емес секторды тарту арқылы жүйелі тәсіл пайдалану, – деді Маңғыстау облыстық ТЖД бастығы Мұрат Мұханов.

Оның айтуынша, үгіт-насихат жұмыстары қорытындысында 2 447 үй есепке алынып,  8 234 азаматқа нұсқама берілген. Аймақта жыл басынан бері улы газбен улану фактілері бар. 2 адам қай­тыс болып, 7 адам зардап шеккен. «Қазтранс­газаймақ» АҚ Маңғыстау облыстық өндірістік филиалының директоры Еркін Жұмағалиевтің айтуынша, екі жағдайда да қауіпсіздік талаптары сақталмаған.

– Тексеру барысында газ маман­дарымен келісім жасамай, өз беттері­мен қолдан жасалған газ құрылғыларды орнатқан. Дұрыс орынға қоймаған немесе қателік жібергендіктің салдарынан келеңсіз оқиға орын алды. Газ қондырарда сертификатталған құжаттары бар кәсіби мамандарға жүгіну керек, – деді Е.Жұмағалиев.

Жылу мен қауіпсіздік қатар жүргізі­летін қажеттілік. Тұрғындардың маңыз­ды істе мамандар кеңесі мен көмегіне жүгінгені жөн болмақ.

 

Маңғыстау облысы