06 Маусым, 2014

Отандастарымыз олжалы оралды

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Германияның Галле қаласында бокстан дәстүрлі халықаралық турнирдің 41-ші кезегі өзінің мәресіне жетті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан боксшылары 1 алтын, 3 күміс медаль жеңіп алды. Финалдық жекпе-жекті 49 килоға дейінгі салмақтағы көкшетаулық Теміртас Жүсіпов пен кореялық Жонг Хун Шин бастады. Онда ұпайды сәл де болса көбірек алған Сеул боксшысы 2:1 есебімен ұтып кетті. Бұлардың екеуі де Азия чемпионы еді. Атап айтқанда, Шин 2011 жылы құрлықтың мықтысы атанса, Жүсіпов 2013 жылы сол оның орнын басқан болатын. Ал 52 килоға дейінгі салмақтағы астаналық Ілияс Сүлейменов турнир жеңімпаздығына ұрыссыз қол жеткізді. Себебі, оның қарсыласы, молдован боксшысы Александр Рискан жекпе-жекке шықпай қалды. Сөйтіп, Ілияс қазақстандықтар қоржынына түскен жалғыз алтын медальдың иегері атанды. Бұдан кейін алтын медаль үшін айқасқа түскен ақтаулық екі боксшы да ирланд атлеттерінен ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Айталық, 60 килоға дейінгі салмақтағы Берік Әбдірахманов – Дэвид Оливер Джойсқа, 81 килодағы Әділбек Ниязымбетов 2011 жылғы Еуропа чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Джой Уардқа 1:2 есебімен есе жіберді. Бұлардан басқа тағы екі боксшымыз – Алмасбек Әлібеков (64 кг) пен Рустам Сваев (75 кг) өздерінің бірінші жекпе-жектерінде ұтылып, медальдар ауылына жақындай алмады. Руслан ИГІЛІК.