Спорт • 13 Желтоқсан, 2022

Қайсардың қарқыны жақсы

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әйгілі ESPN арнасы аралас жекпе-жек өнерін серік еткен 25 жасқа дейінгі спортшылардың арасынан үздіктерді анықтап, солардың рейтингін жария­лады.

Қайсардың қарқыны жақсы

Үздіктер тізіміне жеңіл салмақтағы Қай­сар Мақсат та енді. Мықтылар санатында ол 11-орында тұр. Қытайда туып-өскен қандасымыз өзінің тұсаукесер кездесуін 2019 жылдың тамыз айында М-1 Global про­моушенінде өткізді. Өкінішке қарай, сол жарыста Қайсар ресейлік Николай Гон­чаровқа ұпай санымен ұтылды. Есесіне одан кейінгі уақытта WLF-W.A.R. ұйымының мұ­рындық болуымен өткен бірқатар турнирде қатарынан бес рет жеңіске жетіп, Дана Уайттың президенттік сериясы додасында күш сынасу құрметіне ие болды. Сол жекпе-жекте канадалық Ахиллес Эстремадураны қапы қалдырды. Осы жеңісінің арқасында қазақ спортшысы UFC-мен келісімшартқа отырды. Әлемнің ең белді промоушеніндегі алғашқы кездесуін Қайсар Мақсат биыл жазда америкалық Стив Гарсияға қарсы өткізіп, оны бірінші раунда есінен тандырды.

ESPN-нің рейтингінде дағыстандық Усман Нұрмагомедов көш бастап тұр. Амери­калық Эрин Бланчфилд пен Мұхаммад Мо­каев екінші және үшінші орындарды өзара бөліскен. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында эквадорлық Майкл Моралес пен Мейси Бар­бер сынды спортшылар бар.