– дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрам ХАШИМЖАНОВ
Өзбектер мен қазақтар айтатын: «Біздің, ағайынды қазақ пен өзбектің, базарымыз да бір, мазарымыз да бір», «Біз, өзбек пен қазақ бір дарақтың бұтақтарымыз», «Қазақ пен өзбек бір туған» дегендейін жүрекжарды, ыстық ықыласты сөздер аз емес. «Ұлыстың ұйытқысы», «Алтын құрсақты аймақ» атанған Оңтүстік Қазақстан облысында жүзден астам ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, еселі еңбек етуде. Өңірде 20 этномәдени орталық бар. Таяуда осындай жайттарды ескере отырып Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық өзбек драма театрының директоры Икрам ХАШИМЖАНОВПЕН әңгіме-дүкен құрған едік.
– Икрам бауырым, облыстық өзбек мәдени орталығына жетекшілік жасап келе жатқаныңызға біраз жылдар болғанын білеміз. Үнемі тынымсыз тірліктің, қызғын қоғамдық жұмыстың ортасында жүресіз. Осы орталықтың құрылғанына да ширек ғасыр боп қалды-ау?
– Дұрыс шамалап отырсыз. Облыстық өзбек мәдени орталығы 1989 жылғы 29 қараша күні Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ғимаратында тұңғыш құрылтайын өткізіп, тұсауын кескен. Алла жазса, биыл 25 жылдығын атап өтеміз. Алтын күздің аяғына таманырақ.
Өзіңіз өте жақсы білесіз. Қандай этномәдени орталық болса да Елбасымыз алға қойған ұлтаралық татулық, бірлік пен ынтымақ, конфессияаралық келісім жөніндегі жасампаз да кемел мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру жолында еңбектенеді. Әрине, біздің орталықтың да негізгі атқаратын жұмыстары, ізденістері өзбек тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамытуға бағытталатыны белгілі. Бұл үшін сүйікті Отанымыз Қазақстанда барлық жағдайлар жасалған.
Республикамызда жарты миллионға жуық өзбек тұрады. Оңтүстік Қазақстан облысында қазақтардан кейінгі екінші, ал еліміз бойынша үшінші орындамыз. Мақтаныш сезімімен айтуға болады, облысымыздағы 143 мектепте өзбек балалары өз тілдерінде білім алады. Оның 57-сі – таза өзбек мектебі, 86-сы аралас мектептер. Жыл сайын, орта есеппен алғанда, 100 мыңға жуық жеткіншек өзбек тілінде оқиды, 4,5 мыңдай түлек орта мектеп бітіріп шығады.
Облыстық өзбек мәдени орталығының атқарып келе жатқан ізгі істері мен ізденістеріне орай абырой-беделі де жоғары десек, артық айтқандық емес. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, оның жұмысын бүкіл әлемге әйгілі ете білуінен де айқын көрініп тұр емес пе?! Біз өзіміздің күнделікті, жүйелі жұмысымызда, жан-жақты дайындалып өткізетін әрбір іс-шарамызда Президент идеялары мен бағдар-бағдарламаларын қалтқысыз басшылыққа аламыз. Елбасымыздың ұлтаралық мәселелер мәнісі жөніндегі дана саясатын дүниежүзі біледі.
– Айтпақшы, қайбір жылдары Австрияның астанасы Вена қаласына барып қайтқан едіңіз ғой?
– Иә, біздің қоғамдық бірлестігіміз республикада бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар істері жөніндегі жоғары комиссарлары Ван де Стул және Кнут Воллебек мырзалармен келісімшарт арқылы жұмыс жүргізуді бастаған мәдени орталық саналады. Осылайша, ЕҚЫҰ тарапынан да біздің облыстағы өзбек тілді мектептерде бірнеше тілді оқыту сапасын арттыруға қамқорлық жасалуда. Өзбек мектептерінде қазақ, орыс және ағылшын тілін меңгеруді заманауи талаптар биігіне көтеру Елбасымыздың үш тұғырлы тіл саясатына жүдә сәйкес келеді.
Осы аталған бағдарлама аясында 2009 жылы Австрияның астанасы Вена қаласындағы халықаралық конференцияға шақырылдық. Кнут Воллебек мырза модераторлық жасағанда төртінші кезекте маған сөз берді. Көптеген қатысушылардың арасынан осылайша бізге үлкен құрмет көрсетілді. Кнут Воллебек мырза – халықаралық ұйымдар арасында аса абыройлы кісі. Мен, әрине, Оңтүстік Қазақстандағы, еліміздегі ерекше жетістіктерді білім саласымен, өзбек мектептерімен байланыстыра отырып баяндама жасадым. Сөзімді барлық қатысушылар қызыға тыңдады. Модератор Воллебек мырза: «Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет аумағындағы 130-дан астам ұлттар өкілдеріне жан-жақты жағдайлар жасап отыр. Қазақ мектептерімен қатар орыс, өзбек, тәжік мектептері көп. Өзге ұлттар тілдері де жексенбілік мектептерде оқытылады. Барлық ұлттар өкілдерінің мәдениетін, руханиятын, салт-дәстүрін дамытуға баса назар аударылады», – деп мәлімдеді.
Конференцияға 60-қа жуық мемлекеттің өкілдері қатысып отырған. Солардың алдында менің Қазақстаныма, менің Президентіме биік баға беріліп, құрмет көрсетілуі төбемді көкке жеткізді ғой сонда.
– ЕҚЫҰ тарапынан қаржылай көмектер де болып тұрады деп естиміз, Икрам мырза?
– Екі жыл көлемінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан 100 мың еуро көлемінде ықпал жасалды. Бұл қаржы мектеп директорлары мен олардың оқу ісі жөніндегі орынбасарларының, мұғалімдердің білімдері мен біліктіліктерін арттыруға, әдістемелік жұмысты жетілдіруге, оқу-әдістемелік құралдар шығаруға, семинарлар, басқа да оқыту шараларын ұйымдастыруға жұмсалды. Қорытынды ретінде халықаралық конференция өткіздік. Оған Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері қатысты. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің басшылары, Парламент депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері шақырылды. Айта кеткен жөн шығар, ЕҚЫҰ бөлетін ақшаның бір центін де басқа мақсат-мүддеге жұмсай алмайсыз. Талап та, есеп алу жағы да, қаржының жұмсалуын қадағалау да аса күшті.
Біздің Президентіміз: «Қазақстанның болашағы – интеграцияда», деді ғой. Сонымен бірге, Елбасы білім арқылы интеграциялануға да айрықша мән беріп келеді. ЕҚЫҰ-мен тығыз байланысымыз білім саласын интеграциялауға жол ашады. Дарынды жастар көбейеді. Талапты, талантты өрендеріміз үшін әлемдегі ең беделді оқу орындарына жол ашылады.
– Өзіңіз қазақ тілінде жақсы сөйлейсіз. Барлық жиналыстар мен іс-шараларда сізге сөз берілсе, жұрт рахаттана тыңдайды. Мемлекеттік тілді насихаттауда облыстық өзбек мәдени орталығы нендей тірліктер жасап жатыр?
– Мемлекеттік тілге мемлекетіміздің басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында да, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында да жаңаша екпін бергенін терең сезінеміз. Өзбек және қазақ тілдерінің түбі, тегі бір. Түркі тектес, түркі тамырлас тілдерімізді егіз-қатар ұстауды біздің орталық басты мұрат тұтады. Мемлекеттік тіл жөніндегі жұмысымыз жүйелі жүреді. Іс-шаралар да өте көп. Көптен бері «Мемлекеттік тілді – білу парызың», «Мемлекеттік тіл – достықтың дәнекері» атты республикалық байқаулар өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл байқауларды облыстық білім, тіл, мәдениет басқармаларымен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе ұйымдастырамыз.
Осы байқауларда, яғни қазақ тілі мен мәдениеті және салт-дәстүрлері жарысында озып шыққан оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарында грант арқылы тегін білім алуға сертификаттар беріледі. Мәселен, биыл Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика институтының ректоры Оңалбай Аяшев бір сертификат, Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетінің ректоры Әбдімұса Қуатбеков екі сертификат, ОҚО педагогика институтының ректоры Мадияр Юнусов екі сертификат бөліп отыр. Өткен жылдары осындай құжатты Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты, Шымкент университеті және басқалар берген болатын. Сегіз жылда 84 грант алыппыз. Орта есеппен әр жыл сайын 10-11 гранттан. Ойлаңыз, әрбір түлектің төрт-бес жыл тегін оқуы – отбасылар бюджеті үшін қаншама пайда?!
Мемлекеттік тіл жөніндегі өзге де конкурстар, байқаулар, басқа да ынталандыру, насихат жұмыстары баршаға белгілі және өте ықпалды дей аламыз. Қазақ тілін жетік меңгеру мемлекеттік және басқа қызметтерде, басшылық жұмыстарда кең өрісті екенін бәрі біледі бізде.
– Икрам Акрамұлы, әңгімеміздің әуелгі тұсында атап көрсеткеніңіздей, өзбек бауырлар халық саны жөнінен облыс көлемінде екінші, еліміз бойынша үшінші орында. Биылғы жылдың соңына қарай этномәдени орталықтың 25 жылдығын, алдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелейміз. Дайындықтар барысы қалай?
– Қазақтар мен өзбектер достығына, бауырластығына бәрі де айрықша қарайтыны, жақсы жақтарымыздан өнеге үйренетіні рас. Қазақ пен өзбектің бір туғаны белгілі. Оны да біледі. «Осылар қайтер екен...» деп сынай қарайтындар да баршылық. Біз өз тыныс-тіршілігімізде осының бәрін ескеруіміз керек. Сіз қайталап еске салған екі мереке қарсаңында бұрыннан қалыптасып, облысымыз тұрғындарына етене болған ерекше, шараларымызға жаңаша мән-мазмұн үстей түспекпіз. «Офарин», яғни «Бәрекелді», «Достық дастарқаны», «Балаларымыз – бақытымыз» сияқты шараларда ұлтаралық татулық, бірлік пен ынтымақ, әсіресе өзбек-қазақ бауырластығы терең насихатталады. Қос мерекеге әзірлейтін жаңа, тың, тосын сыйларымыз да баршылық. Оларды әзірше айтыңқырай бермейміз. Кезінде көресіздер. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының барлық шараларына, облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының жұмысына белсене қатысамыз. «Ислам және қоғам» атты бағдарламамыз жастар арасындағы тәрбиеге, олардың теріс ағымдардан, секталардан аулақ болуына айтарлықтай әсер етуде. Облыс имамдарымен, оқу орындарымен, қоғамдық бірлестіктермен, жастар ұйымдарымен, ата-аналар комитеттерімен тығыз байланыстамыз. Алдағы айтулы даталарға да бірлесе әзірленудеміз. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын қуана құптаймыз. Жұмысымыздың басты бір арнасы байтақ базар ашқан осы одақты насихаттауға арналады.
– Сіз өзбек этномәдени орталығының төрағасы ғана емессіз, әрі облыстық өзбек драма театрының директоры қызметін атқарасыз. Театрдың тынысы нешік?
– Осыдан 11 жылдай уақыт бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сансыз бабтар мекені Сайрамға келіп, облыстық өзбек драма театрын ашқаны аян. Сөз сөйлеп, құттықтап, қатты қуанған. Ел-жұрт та ерекше риза болған. Бұл – теңдессіз тарту. Көшбасшымыз сонда: «Біздің көп ұлттылығымыз – мақтанышымыз. Әралуан этностар мәдениеті – гүл шоғындай. Мен өзбек халқының өзгеше еңбекқорлығын жоғары бағалаймын. Қазақ пен өзбек – түбі бір бауырлар, етжақын ағайындар. Театр да тың табыстарға жететін болады», деген еді.
Он жылдан сәл ғана асты, көптеген жетістіктерге ие болдық. Өзбек театры көрерменін тапты, кең танылды. Былтырдан бері гастрольге шыға бастадық. Жамбылда, Қызылордада, Түркістанда, облыстың басқа да аудандары мен қалаларында болдық. Театр фестивальдерінде, байқауларда озып, жүлделер алып жүрміз. Дулат Исабековтің «Ескерткіш», Йозеф Ладаның «Сиқырлы алма», Шараф Башбековтің «Темір қатын», Бертольд Брехттің «Кураж ана және оның балалары», Сайлаубай Жұмағұловтың «Күйеуіңді бере тұр» дейтін дүниелерін, тағы басқа да көптеген туындыларды сахналадық. Қырғызстанның мәдениет министрі Сұлтан Раевтың «Меккеге барар жол алыс» драмасын дайындап жатырмыз.
Жақында Ташкент сапарынан оралдық. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бөрібай Жексенбиннің, Өзбекстан ұлтаралық мәдениет орталығының төрағасы Насреддин Мұхаммадиевтің және республикалық қазақ мәдени орталығының бастамасымен ұйымдастырылған Әйтеке бидің 370 жылдығына арналған «Біз – бір халықпыз» достық фестиваліне қатысып қайттық.
ОҚО өзбек театрының ұжымы жаңаша ізденіс үстінде. Режиссеріміз Хамид Құлабдуллаев, айтулы актерлеріміз Сайдикарим Махмудов, Адылжан Тоғанбаев, Улугбек Насиров, Рустам Саидходжаев, Сабриниса Розметова, Венера Нишанбаева, Дилфуза Ибрагимжанова, Дилора Халметова, Зарина Қадирметова, Зулкарам Тоғанбаева, Бахром Искандаров, Шерзод Хаджиметов, Абрар Аскаров, Акбар Ерханов, Ахмадбай Эргешов, Жавлан Саитов, тағы басқалар көрермендер көзайымдарына айналған.
Елбасының өзі келіп ашқан өзбек театры, әрине, өзгеше еңбектенуге тиіс. Біз қазақстандық өзбек болғандығымызды мақтан етеміз. Қуанамыз. Мен Ташкенттегі жиындарда да қазақша сөйледім. «Қазақ еліндегі өзбектер өзгешеміз, – дедім. – Менталитетіміз, қазақы пейіліміз, дархандығымыз, ашық көңіл, ақжүректігіміз арқылы айрықшамыз. Қасиеттеріміз қазақ пен өзбектің берік құймасындай. Сол себептен өзгеше өзбектерміз». Сөйтіп, Ташкенттің өзбектеріне айшықты алты қазақы шапан жаптық. Түсінесіз бе, Қазақстанымызды екі-үш күннің ішінде қатты сағынып оралдық.
– Бауырым Икрам, сырлы сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Ырыс алды – ынтымағымыз нығая бергей.
Әңгімелескен
Мархабат БАЙҒҰТ,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.