06 Маусым, 2014

Жарқырап өткен жастар форумы

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы Мәдениет және демалыс саябағында «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтарының X еңбек маусымының ашылуы мен жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін колледждер мен лицейлердің студенттеріне облыс әкімінің бір жолғы стипендиясын тапсыруға арналған «Жастар – болашақ негізі» атты облыстық жас­тар форумы болып өтті. Фо­румды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйлеп ашып, жас­тарды жа­ңа еңбек маусымының басталуы­мен құттықтады. OLYMPUS DIGITAL CAMERAOLYMPUS DIGITAL CAMERA Ол Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың жыл сайынғы Қа­зақ­стан халқына жолдауларында жастардың жақсы маман, елінің ертеңіне жауапты азамат болып шығуларына үлкен үміт артып, оларға барлық жағдай туғызып отырғанын атап өтті. Бұл форум Елбасының сарабдал саясатының айқын көрінісі екенін жеткізді. – Облыста да бұл бағытта үлгілі үрдістер баршылық. «Жа­сыл ел» көгалдандыру жасақ­та­рының алғашқы легінде 300 жас еңбек етіп жатыр. Екінші лек­те тағы 250 студент жазғы еңбек семестріне қатысады. Кейін бұлардың қатарын студенттік құрылыс жасақтарының мүшелері толықтырады. Олар үшін жұмыс орындары дайындап қойылды. Жастардың жазғы еңбек семестрі қолға алынған он жылда 50 мың жас өзінің маңдай тер, ақ адал еңбегінің дәмін татты деуге болады. Бұл жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін әдемі үрдіс, – деп түйіндеді сөзін өңір басшысы. Содан кейін студенттерге стипендияларды салтанатты жағдайда тапсырды. Биылғы жылы облыс әкімінің стипендиясына облыстың және оқу орнының қоғамдық өміріне белсене араласып, оқуда үздік көрсеткіштерімен ерекшеленген талантты да дарынды жоғары оқу орындарының 183 студенті және техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының 114 студенті ие болды. Олардың әрқайсысына тиісінше 120 мың және 60 мың теңге берілді. Форумға қатысушылар облыс әкімімен ескерткіш суретке түсті. Форумды ұйымдастыруға «Ақтөбе облысының жастар сая­саты мәселелері басқармасы» ММ және «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» КММ ұйытқы болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.